Саясат

Біліктілігін арттыру курсынан 962 қызметші өткен

Біліктілігін арттыру курсынан 962 қызметші өткен

Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты жасампаз Жолдауында: «Әрбір министр, әкім, кәсіпорын басшысы осы Жолдауды түсіндіру жұмысына және оған баршаны қатыстыру ісіне жетекшілік етуге тиіс. Жолдаудың мақсаттары мен міндеттерін жүзеге асыру жөніндегі нақты шаралардан әрбір қазақстандық хабардар болуы қажет. Ол үшін ең алдымен мемлекеттік қызметшілердің өздері Стратегиямыздың идеяларын білуге және мәнін терең ұғуға тиіс», – делінген. Осылайша, Мемлекет басшысы мемлекеттік басқару органдарының қоғам мен азаматтық институттардың алдында беделін арттыруға септігін тигізетін мемлекеттік қызметшілердің рөлі орасан екенін айқын аңғартты. Бұл ретте облысымызда мемлекеттік қызметшілердің білімін жетілдіретін орын «Жамбыл облысы әкімдігінің мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және біліктілігін арттыру орталығына» жүктелетін міндет ауқымды.

Жуырда орталық ғимаратында «Білім сапасы – кәсіби мансапқа тиесілі» атты дәріскерлермен кеңес ұйымдастырылған болатын. Оған Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыс бойынша департамент басшысы Б.Исақов, облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Т.Нұрымбетов, сондай-ақ, дәріскерлер қатысты. Орталық директоры Дүйсенбек Абдраимов баяндама оқып, орталық қызметкерлері Жолдаудағы негізгі бағыттарды әркез назарда ұстайтынын, мұнда тыңдаушылардың білімін жетілдіруге барлық жағдай жасалғанын атап өтті. Ал кеңес барысында кәсіби, білікті қызметкер қалыптастыру мақсатында дәріскерлік мәліметті өңдеу, оны қолданудағы тәсілдер мен түрлерін пайдалану жайында сұрақтар талқыланды. Орталықта штаттан тыс 45 дәріскер қызмет жасайды екен. Олардың дені ғалымдар, заңгерлер, педагогтар, мемлекеттік орган қызметкерлерінен құралған топ. Д. Абдраимов тек лекция мен семинарға негізделген оқу үрдісі арқылы бүгінгі күннің талабына сай білім сапасына қол жеткізу мүмкін еместігін жеткізді. «Бұл әлемдік тәжірибеде бар», – деді ол. Орталықта екі аудитория интерактивті тақтамен жабдықталыпты. Сондай-ақ, тыңдаушыларға онлайн жүйедегі семинар-тренингтерге қатысуға мүмкіндік қарастырылған. Алғашқы жартыжылдық аяқталды. Нәтиже жаман емес. Осы кезеңде қайта даярлау мен біліктілігін арттыру курсынан 962 қызметші өткен. Ал екінші жартыжылдықта жалпы 612 қызметкерді оқыту міндеті алға қойылып отыр.

Назгүл ӘБУШӘРІПҚЫЗЫ, «Ақ жол».

Суретті түсірген Ақәділ рысмахан.