- Advertisement -

Сен бар кезде жанымда, Төрт мезгіл де көктемдей!

797

- Advertisement -

Ақын, журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайырбек Асанов – 75 жаста

«Махаббат, қызық мол жылдар» деген әдемі атауы бар студенттік шақ адам ғұмырындағы ең бір аяулы, шуақты да шұғылалы сәттер ғой. Оны ойласаң болды, кеудеңнің түкпірінде бұйығып жатқан мың сан естеліктер қайта оянып, тіріле бастайды екен. Мен де дәл қазір осындай ғажайып сезім күйін бастан өткеріп отырмын. Себебі, өзім шығармашылық өмірінен сыр өрбіткелі отырған белгілі ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайырбек Асанов осы студенттік жылдардың ыстық-суығын, қызық-шыжығын бірге бөліскен сыралғы достардың бірі. «1973 жылдан бастап өзіміз қабылдаған әл-Фараби (бұрынғы С.М. Киров) атындағы ұлттық университеттің, ол журналистика, ал мен филология факультетінде бес жыл қатар оқыдық. Қайырбек оның курстасы, кейін жары болған Күләш бәріміз олар үйленіп бөлек кеткенше, бір жатақханада тұрдық. Ол да, мен де – Сыр өңірінің тумасымыз. Жерлес болған соң кәдімгідей бүйрегіміз бұрып, жүрегіміз жылып тұратын. Қайрекең мен секілді мектеп бітіре сап келген «сарыауыз балапан» емес. Отан алдындағы әскери борышын өтеп қайтқан, «Қараөзек» ауылында бастауыш комсомол ұйымының хатшысы болған, тәжірибесі бар жігіт. Соған қарамастан өзін барынша сыпайы, қарапайым ұстайды.
Әңгіме айтса, сөздің майын тамызады. Қасына отыра қал да, тыңдай бер! Кешегі Кеңестік дәуірде ел ішінен шығып, ірі «тұлғаға» айнала бастаған біраз кісілердің есімін мен алғаш осы Қайырбектің ауызынан естідім, сырттай танып-білдім. Оның айтуынша, өзі ауылдың бастауыш комсомол ұйымында істеп жүргенде Қонысбек Қазантаев Тереңөзек аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болса, Сейілбек Шаухаманов сол ауданның Комсомол комитетінің бірінші хатшысы болыпты. Ал Елеу Көшербаев Тереңөзек аудандық Атқару комитетінің төрағасы екен. Сол кезде өз ауданының тізгінін ұстап тұрған осы кісілермен қызмет барысында жолы түйісіп, әңгімесін тыңдап үлгі-өнегесін алғанын үлкен мақтаныш сезіммен еске алушы еді. Әсіресе «Қараөзекке» уәкіл боп келіп-кетіп жүрген Елеу Көшербайұлының қолдау-қамқорлығын көбірек сезінсе керек. Иә, «жақсыдан шарапат» деген осы ғой. Ал сол жылдары, комсомолдың «серкесі» болған Абылай Айдосов, Сейілбек Шаухаманов, Кішкене Айбосынов секілді ағаларымен бірге Алматыға барып, республикалық комсомолдар пленумына қатысып қайтқаны өз алдына бөлек бір әңгіме.
Студенттік жылдары ол патриоттық рухтағы асқақ та өршіл жырларды бұрқыратып көп жазды. Бұған, әрине, сұрапыл соғыста Отан үшін отқа түсіп, толарсақтан қан кешкен майдангер әкесі Зәйтеннің тағдыры әсер еткені сөзсіз. Қайырбек өз әкесімен сырласуын жас жауынгер мен қарт майдангер арасындағы диалог түрінде беріп, жыр тілімен сөйлетеді. Бұл да тапқырлық. Осы арқылы біз аға ұрпақ өкілінің жас ұрпаққа эстафета тапсыруының куәгері боламыз.

Майдангер:
Қиындықта сынаған жөн бағын ер,
Елі-жұрты қайсар ұлын «тауым» дер.
Иісі сіңген майдангердің атынан
Жеңіс Туын бердім саған, жауынгер!
Жауынгер:
– Болмасын, – деп қауіп-қатер жер үсті,
Барша адамның өмірі үшін келісті,
Бүгінгі ұрпақ жауынгерлер атынан
Жалғаймын, – деп ант етемін!!!

Шын жүректен қуана эстафета қабылдап алған жауынгердің осы сөздері сенімді әрі әсерлі шыққан, оқырманды толқытпай қоймайды.
Майдангер секілді соғыс өртін көрмесе де соғыстан соң туғандарға оның салмағы оңайға түскен жоқ. Осыны терең сезінбесе Қайрекең де:

Әкесіз қалған балалар,
Жесірлік көрген Аналар.
Өртенген дала, қалалар,
Жазылмай жүрген жаралар…
Осының бәрі соғыстың
Зардабы болып саналар, –

деп жүрегі езіле жыр жазбас еді ғой. Өзінің азаматтық адами парызын терең сезінген ақын төңірегінде өтіп жатқан өзгерістер мен құбылыстарға бейжай қарай алмайды. Оның мазасыз жүрегінен туындаған сан сауалдардың жауабы сол сәтте-ақ жаңбыр-жыр боп ақ қағазға құйылғанын көреміз. Дәл қазіргі уақытта бізге жетпейтіні дос-туысқа, қоршаған ортаға, адамарға деген мейірім екен:

Өмір сүру жер бетінде ғажайып,
Не айтсақ та, шындықты айтып жазайық.
Адамдарға ортақ сезім-мейірім
Жылдан-жылға бара жатыр азайып.

Ішкі жан айқайын осылай сыртқа шығарған ақын, енді, бірде: «күтіп жүрмін көбіңнен күндей ыстық мейірім» деп өкпе-назын айтып, осы күнгі қатыгездене бастаған қоғамға, жүрегі кірлеген адамға бір үміт, бір күдікпен қарайды. Иә, халқымыздың елдігіне сын келеңсіз көріністер жеткілікті. Соның барлығын поэзия тілімен оқырманға жеткізіп беру ақын үшін оңай емес. Оған үлкен шеберлік пен тапқырлық қажет-ақ. Осындай талап биігінен қарағанда, Қайырбек ақынның өлеңдерінде өзгеше өрнек, кең өріс бар. Сан бояулы әдемі реңк, сезім тереңдігі бар. Әсіресе ол махаббат, табиғат тақырыбына қалам тартқанда еркін, кең көсіледі. Бұған көз жеткізу үшін көлемі шағын болса да соның ішіне бүкіл табиғат болмысын сыйғызып бере алған «Алтынкүрек», «Түнгі әсер» атты екі өлеңін келтірсек жетіп жатыр.

Алтынкүрек
Бұрқыратып көп қарды,
Алтын күрек соқты бір.
Еске салып көкпарды,
Басталды бір от-дүбір!

Бәлкім соңғы қыспағы
Салқындыққа ақырғы.
Қалған қарды қыстағы,
Қара жерге батырды.

Мықтылықты әрқашан,
Мойындаған дұрыс-ау.
Егер байқап қарасаң ,
Жаратылыс ұлы іс-ау!

Иә, табиғаттың төрт мезгілін тұтас сыйғызып тұрған ғажап жаратылыс – Жаратушының тіршілік атаулыға сый еткен ұлы ісі. Біз оны мойындауымыз керек.

Түнгі әсер
Түн құшағы тым-тырыс,
Көктем иісі аңқиды.
Көк төсінде-бұлқыныс,
Бұлттар баяу қалқиды.

Қандай ғажап айнала,
Жарық сәуле-нұр сіңген,
Түнгі самал аймала,
Жұбат жанды күрсінген!

Қалайша енді көз ілем,
Бірге өрілсем өлеңмен.
Қара түннің өзінен
Бір сұлулық көрем мен!

– дейді Қайырбек ақын түнгі сұлулыққа сұқтана қарап. Оның көкірек-көзі ояу, бәрін көріп-сезеді.
Иә, ақындардың көбісі түн құшағында шабыт шақырып, таң атқанша жыр толғататыны рас. Бұл-құпиясы Құдайға ғана аян ғажап құбылыс! Өлең боп өрілген ақындық-ғұмырды мына бір жыр шумақтары өз бойына түгел сыйғызып тұрғандай.

Біздің үйде тағы да бір ақын бар,
Ол да өзінше жанады жыр отында.
Ол да өзінше ғашық боп баптар әнін,
Мен де өзімше сырымды ақтарамын,
Жыр жазамыз жарысып, таң атқанша…

Оның айтып отырған «үйдегі тағы бір ақыны» – Қазақстан комсомолы Жастар сыйлығының әрі Мемлекеттік сыйлықтың иегері Күләш Ахметова ғой. Бұған сәл түзету енгізіп, «тағы бір-ірі ақын бар» дегеніміз дұрыс болар! Мен білетін Күләш ең алдымен, өзінің Қайырбекке адал жар, балаларына асыл ана екендігін әсте естен шығарған емес. Ал, ақындық-ғұмыр бұлардың пешенесіне жазылған ортақ тағдыр ғой.
Қос ақынның отбасында әу бастан демократия үстемдік етуде. Ол – сөз бостандығы, ой еркіндігі. Сондықтан олар махаббат тақырыбындағы «лирикалық кейіпкерлерге» үлкен түсіністікпен қарай алады. Негізінен «Қиялдағы кейіпкерін» өз атынан сөйлету – баяғыдан колданыста бар тәсіл, қалыпты жағдай. Тек «өлеңдегі махаббат» пен өмірдегі махаббаттың ара-жігін ажырата білу керек, болмаса адалдыққа қиянат болуы бек мүмкін. Өйткені ақын да-жұмырбасты Құдайдың пендесі ғой. Өлеңнен қызғанбаған жарын өмірде өзгеден қалай қызғанбасын?

Сенсіз гүлзар бағында
Босқа өмірім өткендей
Сен бар кезде жанымда
Төрт мезгіл де көктемдей!
Ұмытпа оны, өтінем
Әкетпесін бізді ағыс
Сен гүлжайнап кетіп ең
Қылаң берді қызғаныш.

Ақын жүрегінен құйылып түскен мөлтек сыр – осы сөзіміздің бір дәлелі болса керек. Махаббат бар жерде – қызғаныш та бар. Студент атанып жүзімдікте жүзім теруге барған, сол жерде махаббат отына шарпылып күйіп-жанған сәттер әсте естен кетер ме?

Шырын еді жүзім де,
Шырын еді сөзің де,
Шырайлы еді жүзің де
Сұлу еткен сезім бе?

Таттым талай бал-уын,
Астым талай асқарды.
Саған ғашық болуым,
Жүзімдіктен басталды,

– дейді Қайырбек ақын ағынан ақтарыла сыр айтып. Оның Күләш жарына арнаған асыл, бұлақтай мөлдір сұлу да сырлы сезімдері жетіп артылады. Бұл жырлар екеуі бірігіп шығарған «Сен жанымда жүрсең», «Махаббат» кітаптарына түгелдей енген. Осындайда: «ақынды ақын түсінбесе – сол қайғы, ақынды ақын қолдамаса болмайды», деген Мұқағали өлеңдері еріксіз тілге оралады.
Тағы бір есіме түсіп отырғаны – бір мерейтойымда белгілі сатирик Көпен Әмірбек досымның мына бір айтқан әзіл сөздері:
– Қатира, сенбесең де қазір айтайын, біздің курстағы біраз жігіттер саған ғашық болғанбыз. Сұмдық сұлу әрі тәкаппар едің-ау! Сырттай сұқтанып қарағанмен жақындай алмай сорлап, ортамыздағы курстың серкесі, өзі – коммунист Қайрекеңді қайраймыз ғой, баяғы… «Қатираға қармақ салмайсың ба?» деп… Сонда оның не жауап бергенін айтайын ба? «Жо-жоқ, атамаңдар! Мен оған еш қарай алмаймын! Өйткені Күләшқа үйленуге уәде беріп қойғам. Ол да мен сияқты коммунист, ал коммунист коммунистің көзін ешқашан шұқымайды», – деп қара-а-ап тұр, сабазың!
Әзілдеп айтса да, Көпеннің осы сөзінде бір шындық бар. Ол – Қайырбектің өз арына, сүйген жарға, махаббатқа, жалпы адам атаулыға адалдығы. Жаны таза, жақсыға жақын, қайырымы мол Қайырбек ақын сонау студенттік кезеңде, одан кейінгі жылдары да бұрқыратып көп жыр жазды. Бірақ қолда мүмкіндігі мол болса да, сонысын пайдаланып басылымдарға шығара бермейтін. Өзіне-өзі сыни көзбен қарады ма, әлде көп шаруасы мойын бұрғызбады ма, ол жағын білмеймін?.. Әйтеуір, ол ақын ретінде танылуға асыққан жоқ. Негізінен, мен егер қателеспесем, оның «поэзия әлеміне» шындап бет бұруы – қырықтың қырқасына беттегенде ғана. Ұзақ уақыт жүрек түкпірінде сақтаған асыл қазынасын халқына шашу қып сыйлаған ақын содан бастап шабытын, сезім селін үсті-үстіне еселей түсті. Өзінің Сырдариясындай жыр-дариясын тасытты.
Жалпы ақын болып қалыптасу – ұзаққа созылатын күрделі құбылыс. Ол – іздену, ұшталу, өрісін кеңейту, өсу, жетілу, биік деңгейге көтерілу, тағы-тағысы… осылай жалғасып кете барады. Осы тұрғыдан алғанда, асығып-аптықпай қадамын байқап басатын Қайырбек өзінің жайбасарлығын мойындап:

Кеш бастадым, бірақ та кеш демедім,
Көп қой әлі кешкеннен кешпегенім.
Жырымды оқып қуанса елім-жұртым,
Онда өмірден ешқашан өшпегенім,

– дейді өлең-көшіне кештеу ілессе де, кеткен есесін еселеп қайтарып алған ақын. Келесі бір сәтте: «алаулы менің жастығым асаудай екен бас білмес, көңілді кейде басты мұң, есігін жырдың аштым кеш» деп өкініш білдіре отырып, жыр-арғымақтың жалынан мықтап ұстайды. Енді одан еш айырыла қоймас. Лайым солай болсын!
Ол қазірдің өзінде шығармашылық ортасына, халқына өзінің мықтылығын мойындатқан талант иесі. Бұдан үш-төрт жыл бұрын оның «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын алуы бұл айтқанымызды айғақтайды.
Осы уақытқа дейін «Тұңғыш», «Сүйемін сені», «Ғашық ғұмыр», «Ағайынға ақ тілек», «Күннің нұры – қуатым», «Сен жанымда жүрсең», «Махаббат» атты тағы басқа кітаптарымен қоса «Сырдария кітапханасы» сериясымен «Адалдық – асыл мұратым» атты бір томдық көлемді, таңдамалы жинағы жарыққа шыққан ақын бүгінде өзінің әбден толысқан кемел шағында.
Қайырбектің журналистика саласындағы сіңірген еңбегі – өз алдына бір төбе. Ол өзінің Алматы шаһарындағы еңбек жолын алғаш «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінен бастап, біраз қызмет сатысынан өтті. Атап айтсақ, «Лениншіл жас» газетінде бөлім меңгерушісі, «Қазақ әдебиетінде» жауапты хатшы, «Қазақстан-Заман» газетінде бас редактордың бірінші орынбасары, Ұлттық қауіпсіздік Комитетінің «Отан» журналында бас редактор, Қазақстан Жазушылар одағындағы әдеби қордың директоры, Сыртқы істер министрлігі Дипломатиялық академиясының бөлім меңгерушісі боп істеген Қайрекеңнің еткен еңбегі, кешкен бейнеті қанша атанға жүк боларын ешкім шамалай алмас. Бүгінде соның зейнетін көріп отырған ақынның, енді әдеби шығармашылықпен алаңсыз айналысуға мүмкіндігі бар.

Тағдырдың жолы бұралаң екен қашанда,
Қадамды әрбір ойланып енді басам ба?
Күйбеңі-көптеу, рахаты-аздау тірлікте,
Бір құдай білсін, жетпістен әрі асам ба?

– деп қауіптенген ақын өз күдігін сейілтіп, ақпан айының он тоғызы күні жетпіс бестің жотасына шығып отыр. Мерейтой иесіне біз шалқар шабыт, қажымас қайрат, шығармашылық табыс тілейік! Әрқашан да аман-сау, ғұмырлы бол, жыр-дария – Қайырбек!

Қатира Жәленова,
ақын, Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі.

ӨМІРДЕРЕК
1945 жылы 19 ақпанда Қызылорда облысы, Тереңөзек ауданындағы бұрынғы Қызыл орақ қазіргі Асқар Тоқмағамбетов ауылында дүниеге келген. 1953-64 жылдары орта мектепті бітіріп, әскер қатарына шақырылады. Әскерден оралған соң Тереңөзек ауданында мәдениет бөлімінің автоклуб меңгерушісі, «Қараөзек» совхозы комсомол комитетінің хатшысы, аудандық тұтынушылар одағының кадр жөніндегі инспекторы болып қызметтер атқарды.
Бала кезінен әдебиетке құштар Қ.Асанов 1968 жылы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіне түсіп, соңғы курсында оқып жүріп-ақ «Лениншіл Жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетіне жұмысқа орналасады. Осы газетте бөлім меңгерушілігіне дейін көтеріліп, жемісті еңбек етті. Бұдан кейін «Қазақ әдебиеті» газетінде жауапты хатшының орынбасары, жауапты хатшы болып он төрт жылдай қызмет атқарды. Осы жылдарда ол әдеби өмірге белсене араласты. Мерзімді басылымдарда оның өлеңдері мен проблемалық мақалалары жарық көріп жатты. Газеттің 50 жылдығына орай 1984 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен марапатталады.
1991 жылы Тәуелсіздігімізді ең алғашқылардың бірі болып мойындаған Түркия мемлекеті еді. 1994 жылы Қ.Асанов түрік бауырларымыздың Қазақстанда ашқан «Қазақстан- Заман» газетінің бас редакторының бірінші орынбасары болып қызмет атқарды. Газет беделін көтеруге, екі ел арасындағы достықты нығайтуға үлкен үлес қосты. Ол Қазақстан Жазушылар Одағындағы Әдеби қордың директоры, Қазақстан Республикасы Сыртқы Істер министрлігі жанындағы дипломатиялық академияның бөлім меңгерушісі, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің салалық «Отан» атты саяси-қоғамдық журналының Бас редакторы қызметтерін де атқарды. Сондай-ақ Алматы технологиялық университетінде «Қазақ тілі» қоғамы төрағасының орынбасары және «Престиж», «Талапкер» атты көп тиражды газеттердің редакторы болып та ееңбек етті.
Іс сапармен қай өңірге барса да, Қ.Асанов өзінің адамгершілік ізгі қасиеттерімен жұртшылық жүрегінде жақсы із қалдырды.
Қ.Асановтың өлеңдері аудандық, облыстық, республикалық газет-журналдарда 1960 жылдан бері жарық көріп келеді. Қазір ол «Тұңғыш», «Сүйемін сені», «Ғашық ғұмыр», «Сен жанымда жүрсең», «Ағайынға ақ тілек», «Күннің нұры қуатым», «Махаббат», «Адалдық – асыл мұратым», «Күзгі шуақ», «Нұрлы дүние» атты жыр жинақтарының авторы. Оның шығармашылығы туралы әр жылдарда жазушы Шерхан Мұртаза, ақын Кәкімбек Салықов, әдебиетші-ғалым Сәрсенбі Дәуітов, ақын Сейфолла Оспанов, сыншы Сайлаубек Жұмабеков, ақын-жазушылар Сәбит Баймолдин, Әділғазы Қайырбеков, Қайрат Жұмағалиев, Болат Бодаубаев, Құрал Тоқмырзин, Шәкизада Құттыаяқов, Сейілғазы Әбдікәрімов, Қатира Жәленова, Көпен Әмірбеков, Жұмабай Құлиев т.б. өз пікірлерін білдірген.
Абайдың 150 жылдық мерейтойына арналған жыр мүшәйрасында жүлделі орындардың бірін иемденсе, жыл сайын өткізілетін Абай оқуларының 2003 жылғы бас жүлдегері атанып, Алматы қаласы әкімінің Құрмет Грамотасымен марапатталған. «Тәуелсіздікке 20 жыл» мерекелік медалінің иегері.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы Жарлығы бойынша Қайырбек Асановқа «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді.
Қызылорда облысы, Сырдария ауданының «Құрметті азаматы». Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі.
Қ.Асанов жақсы жар. Тәрбиелі ұл-қыз өсірген ардақты әке. Жұбайы Күләш Ахметова белгілі ақын, Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының және республика Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Қызы – Жазира Асанова 1990 жылы өткізілген Республикалық «Қыз сыны» конкурсының бас жүлдегері.
Қазіргі кезде кемеліне келген ақын Қ.Асанов жаңа ізденістер үстінде.

ЖҮЗІМДІКТЕ

Алғаш рет өзіңмен,
Жүзімдікте кезіктім.
Бал татыған сөзіңмен,
Көріндің сен нәзік тым.

Курстағы қыздардың,
Қылықтысы өзің бе?
Басқалардан қызғандым,
Қарап қалған кезіңде.

Жүзім қандай тізілген,
Тиіп кетсең үзілген!
Алмаймын мен көзімді
Жүзімнен емес, жүзіңнен.

Жәудірейді жүзім де,
Жәудірейді көзің де.
Сұлу ма едің өзің де,
Сұлу қылған сезім бе?

Шырын еді жүзім де,
Шырын еді сөзің де.
Сондай ма едің өзің де,
Сол бір ғажап сезім бе?

Іштім өмір бал, уын,
Астым талай асқарды.
Саған ғашық болуым,
Жүзімдікте басталды.

ӨН БОЙЫҢА ЖАРАСЫП
ҚЫЛЫҚТАРЫҢ

Сырласпасам сенімен көз ілмеспін,
Дәл мендей боп түсінбес өзіңді ешкім.
Қандай ғажап сыбырлап сөйлегенің,
Ықыласыңнан рахат бір сезім кештім.

Мен осылай жаңарам сеніменен,
Сезілгендей өзіме жеңіл денем.
Өн бойыңа жарасып қылықтарың,
Жылытасың жанымды деміңменен.

Өзіме аян жаныңның асылдығы,
Сеніменен көмейдің ашылды үні.
Арманы жоқ сәбидей мөлдірейсің,
Жүрегіңде жатса да ғасыр жүгі.

ӨЗІҢМЕНЕН КЕЗДЕСКЕНДЕ

Жандар едік бұрын мүлдем белгісіз,
Ғашық болып қалдық неге сенгісіз?
Екеумізде екі тағдыр болатын,
Бақыт құсы екі бөлек қонатын.

Тұла бойым тұнып тұрған мейірім,
көл-көсір боп кеткен неге пейілім?

Ғұмыр бойы көрмегендей қыз демін,
жалын-шоққа күйіп-жанып төзбедім.

Мың рахмет, назы бөлек көріктім,
Сезімімді күншуақ боп еріттің.

ЖҮРЕГІМ ЖАЗАДЫ ӨЛЕҢ

Сүйкімді еркелейсің,
Құшаққа оратылып.
Жүректі өрте дейсің,
Жалыннан жаратылып.

Бұл неткен ғажап сезім,
Өмірде қайталанбас.
Көтердім «азапты» өзім,
Сенсіз жан жай таба алмас.

Жүрегім жазады өлең,
Бір болып өзіңменен.
Дүние ғажап екен,
Шынайы сезімменен.

ТАНЫСУ

Есімде бәрі есімде,
Қаһарлы қыстың кешінде.
Айнала ақ қар болатын,
Туған жердің төсінде,
Жолыққанымызда бесінде.

Қызарып күн де батқан-ды,
Ақ боран ұлып жатқан-ды.
Елемей табиғат дүлейін,
Қос жүрек сырын ақтарды,
Қаңтарда тіл тапқан-ды.

Бойды билеп қанағат,
Арнағандай шапағат.
Содан бері, аяулым,
Аялайды біздерді
Мейірімі мол махаббат.

ҚАРАЙ БЕРЕМ

Нұр жүзіңнен арай көрем,
Күннің нұры аусын қанша.
Жаным, саған қарай берем,
Көз жанарым таусылғанша.

Дүр сілкінтіп бойымдағы
Ерке мінез қылықтарың,
Шайқап өттің ойымдағы
Теңіз-сезім тұнықтарын.
БАҒЫҢДЫ ТІЛЕП АЛДАҒЫ

Сарқылғанша бойдағы қуат-күшім
Мен сені сүйіп өтерім анық.
Өмірімнің жалғасы сияқтысың,
Жүрсем бе екен өзіңді көтеріп алып.

Жеңілдермін сонда мен сағыныштан
Денемді қорғасындай басқан.
Жүрегімді ой кернеп, жалын қысқан,
Көздерімде тұрғандай ашылмай аспан.

Неге сонша іңкәр боп жаралғанмын,
Жүрегіме жиып ап азапты бар.
Сағыныш боп бойыма таралған мұң –
Сияқты бір сен берген ғажап тұмар.

ДҮНИЕНІҢ СЕЗІНІП РАХАТЫН

Ойламайын десем де ойланамын,
Сенің салған әніңді ойға аламын.
Құдіретті күш кернеп өн бойымды,
Ғажап сазды әуенге айналамын.

Шалқып-тасып өзімше отырамын,
Күй сезімге кеудемді толтырамын.
Дүниенің сезініп рахатын
Кірпік ілмей ақ таңды атырамын.

Арай бер деп ататын таңдарыма,
Тәңірімнен тілеймін жалбарына.
Тағдырыма мың мәрте алғыс айтам,
Сағынатын өзіңдей жан барына.

ЖАНЫМДА ЖҰЛДЫЗ ЖАНАДЫ

Сол күні бөлек күй кештім,
Сезімге балқып ғажайып.
Сенімен ғана үндеспін,
Махаббат әнін жазайық.

Құштарлық сезім сананы
Билеп ап кеткен еріксіз.
Жанымда жұлдыз жанады,
Ойларым қашып көріксіз.

Сүйсіне бізге нұр төгер,
Төбеден ару Ай қарап.
Сонан соң жайлап күн келер,
Тұрармын сені аймалап.

Жаратылыстың заңымен,
Қалайша ғашық болмайын?!
Ғашық боп қалсам жаныммен,
Махаббат жырын толғайын!

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support