- Advertisement -

Ардагерлер аламаны мәресіне жетті

69

- Advertisement -

Шағын футболдан Тараз төрінде ұйымдастырылған ардагерлер арасындағы Қазақстан чемпионаты мәресіне жетті. Чемпионатқа еліміздің әр қиырынан 19 команда қатысып, жүлделі орындарды сарапқа салды. Олар қырық жастан асқандар және елу жастан асқан ардагерлер болып екіге бөлініп, бақ сынады.
Футболға аңсары ауған ардагерлер арасындағы жарыс тартысқа толы жағдайда өтті. Командалар топтық кезеңде де, одан кейін де алаңда барын салып, жүлделі орындардан көріну үшін жанкештілік танытты. Барлық ұжым ойдағыдай ойын өрнегін көрсеткенімен, шын мықтылар өз мақсаттарына жете білді.
Бірнеше күнге созылған ел біріншілігінде жамбылдық командалар жасындай жарқырап, жеңістің ең биік тұғырынан көрінді. Қырық жастан асқан ардагерлер арасындағы додада «Жуалы» командасы керемет ойын өрнегін көрсетіп, чемпионат жеңімпазы атанса, Түркістан облысының намысын қорғаған «Созақ» командасы жүлделі екінші орынды иеленді. Жаңаөзеннен келген «ӨзенМұнайГаз» командасы үздік үштікті қорытындылады. Біріншілік қорытындысы бойынша «Жуалы» командасының қақпашысы Жасұлан Құдайбергенов аламанның «үздік қақпашысы» болып танылса, аталмыш команданың ойыншысы Бауыржан Жақсылықовқа «үздік ойыншы» номинациясы берілді.
Жас санаты елуден асқан ардагерлер арасындағы дода да қызықты өтті. Мұнда «Әулиеата» командасы барлық ойында көңіл көншітерліктей нәтиже көрсетіп, чемпионатта топ жарды. Екінші орын Нұр-Сұлтан қаласынан келген «КМГПРОФ» командасына бұйырса, Балқаш қаласының «Қазақмыс» командасы үздік үштікті түйіндеді. Елуден асқандар арасындағы турнирде «Әулиеата» командасының қақпасын күзеткен Сейдінбек Жанбосыновқа «үздік қақпашы», Асқар Көшекбаевқа «үздік ойыншы» аталымы бұйырды.
Жалпы, ардагерлер арасындағы ел чемпионаты жоғары деңгейде өтті. Бірнеше аталым бойынша үздіктер анықталып, марапатталды.

Табиғат АБАИЛДАЕВ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support