Жаңалықтар

Білімдіден шыққан сөз

Білімдіден шыққан сөз

Білімдіден шыққан сөз Талаптыға болсын кез. Нұрын, сырын көруге Көкiрегінде болсын көз.

Жүрегі — айна, көңiлі — ояу, Сөз тыңдамас ол баяу. Өз өнері тұр таяу, Ұқпасын ба сөзді тез?

Әблет басқан елерме, Сөзге жуық келер ме? Түзу сөзге сенер ме, Түзелмесін білген ез?

Айтшы-айтшылап жалынар, Ұққыш жансып шабынар. Ұқпай жатып жалығар, Ұйқылы-ояу бойкүйез.

Жас баладай жеңсік қой, Байлаулы емес ақыл, ой, Ойлағаны — айт пен той, Ыржаң-қылжаң ит мінез.

Сұлу қыз бен я батыр Болмаған соң, тәңірі алғыр, Шығып кетер, я қалғыр, Оған ақыл — арам без.

Жақсыға айтсаң, жаны еріп, Ұғар көңіл шын беріп, Дертті ішіне ем көріп, Неге алтынды десін жез.

Ой, тәңір-айшыл кер есек, Қулық, сұмдық не өсек. Болмаған соң, бір есеп — Мейлі қамқа, мейлі бөз.

1. Бойкүйез – мойынды бұрғызбай кейде арқадан сірестіріп ұстап қалатын ауру. Бойкүйез – бұл жерде мінез суреті