Әлеумет

Білім – ырыстың тізгіні

Білім – ырыстың тізгіні

Жаратылыстанудың ғана емес, сонымен бірге, барлық жаратылыстың сырын ашуға септігін тигізген үлкен ғылым – математика. Оны меңгеру оңай шаруа емес. Тек логикасы жүйрік, ойлау қабілеті шапшаң адам ғана оның тілін түсіне біледі десек, артық айтқандық емес. Міне, сол математиканың қыр-сырын меңгеріп қана қоймай, оны кейінгі ұрпаққа үйретуге бар ғұмырын арнаған ардагер-ұстаздың бірі – Жүнісбек Нүсіпбеков.

1934 жылы Алматы облысының, Алакөл ауданында дүниеге келген ол жастайынан зерек, алғыр бала болыпты. Білімге деген құштарлығы оны әрдайым алға жетелеген. Олай деуге толық негіз бар. Өйткені, ол кезде жоғары оқу орнын бітірген азаматтардың саны некен-саяқ. Ал, ауылындағы Абай атындағы орта мектепті тәмамдаған Ж. Нүсіпбеков ҚазМУ-дың физика-математика факультетіне оқуға қабылданады. Оны аяқтаған соң, алғашқы еңбек жолын 1956 жылы Жуалы ауданындағы Талдыбұлақ атындағы сегізжылдық мектептен бастаған. Кейін ауданда математик мұғалімдер жетіспегендіктен, үш мектепте қатар қызмет етіпті. Өзінің айтуынша, кадр тапшылығынан бір мектепте қазақ тілі, енді бірінде – тарих, одан кейінгісінде орыс тілі пәнінің мамандары сабақ берген. Біраз уақыт бала оқытып, ұстаздық жасаған Ж. Нүсіпбеков кейін аудандық білім бөліміне инспектор қызметіне ауысып, онда Шығаев деген кісінің қарамағында біраз іс тындырып, бір жарым жыл жемісті еңбек етті. – Ауданда 47 бастауыш мектеп болатын. Білікті мамандардың тапшылығынан білімнің сапасы төмен еді. Білім ордаларының оқу жиынтықтары да өте нашар болатын. Алғаш тексеріске шыққаным әлі есімде. Таңертеңгілік бір мектепке барсам, басшысы орнында жоқ, тұлпарына мініп, аң аулауға кетіпті. Енді бірінде ұстаздың өзі жоқ, балалар қараусыз қалған, – деп еске алады ол. Содан тексеріс нәтижесі бойынша, инспектор Ж. Нүсіпбековтің ұсынысымен, «саны бар, сапасы жоқтың» кейпінде жұмыс істеген 47 мектептің біразын жабуға, ал, енді біразын біріктіріп, топтастыруға тура келген екен. Жүнісбек Нүсіпбеков өмірлік жары әрі серігі Балташ Рыскеновамен Жуалыда Жаңаталап орта мектебінде танысқан. Ол да – ұстаз, география пәнінің мұғалімі. Құдай қосқан қосағы сол оқу ордасының директоры қызметіне дейін көтеріліпті. Жаңаталапта тағдырлары тоғысқан қос ұстаз төрт ұл, бес қыз тәрбиелеп өсірді. Бүгінде олардан тараған ұрпақтары өз алдына бөлек әңгіме. Бір атап өтетін жайт, ең үлкен және кенже қыздары ата-анасының жолын қуып, бүгінде ұстаздық етіп жүр. Одан әрі, 1965 жылы бар жүгін буып-түйіп, қазаққа Бауыржан мен Шерханды сыйлаған қасиетті топырақтан қалаға қоныс аударған Нүсіпбековтер Жамбыл орта мектебінде жұмыс жасайды. Ұстаз-ана сол жерден зейнетке шықса, білікті маман Жүнісбек қызмет бабымен 1970 жылы гидромелиорациялық құрылыс институтына ауысып, физика және математикадан дәріс оқыған-ды. Өмірден көрген-түйгені мол алтынқұрсақты ана, «Алтын алқа» иегері Балташ апа әңгіме барысында өмір жолында кездескен қиыншылықтарымен бөлісті. «Балалық шағымыз соғыс уақытында өтті ғой. Төңкеріс деген колхозда «Бір дән – бір оқ» деген ұстаныммен жұмыс жасадық. Масақ тердік, бидай жинадық. Бүгінгі ұрпақ бақытты. Ішкендері алдында, ішпегендері артында. Алла осы бейбіт күнімізден айырмасын!», – деді ол көзіне жас алып. Бұл отбасының расында көрмеген қиын-шылығы жоқ екен. Қалаға көшіп келіп, бірнеше қабатты ескі үйді паналаған уақытта, атқарушы билік баспаналарын жедел бұзуға шешім шығарған. Өкіметтің атын жамылғандар, мұнысын алдын ала ескертпеген де. Сол бір қиын-қыстау заманда көпбалалы отбасы үйсіз-күйсіз біраз сенделіп қалыпты. Кейін екеуі бар жиған-тергендеріне жер сатып алып, үй салған. Міне, бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан қария-лар қабырғасы сол бір қиын шақта тұрғызылған баспанада кенже ұлдарымен бірге, немерелерінің қызығына бөленіп, тұрып жатыр.

Назгүл Әбушәріпқызы, «Ақ жол».