Экономика

Қорықтар мен қаумалдар қамқорлыққа алынды

Қорықтар мен қаумалдар қамқорлыққа алынды

Елбасы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында: «ХХІ ғасырда әлемнің табиғи ресурстарға деген мұқтаждығы жалғасуда. Олар болашақта жаһандық экономиканы және еліміздің экономикасын дамыту барысында ерекше маңызға ие болады. Бірақ шикізат индустрияларын ұйымдастыру ісін, табиғи ресурстарды басқаруға қатысты ұстанымдарды сыни тұрғыдан қайта пысықтау керек», – деп табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға мән берген болатын. Әсіресе ғылым мен техниканың қарыштап дамуы табиғатқа кері әсерін тигізбей қоймайды. Сондықтан табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, адамзат әрекетінің зиянды зардаптарына жол бермеу, бүкіл табиғи кешендердің өнімділігін сақтап, арттыру қажеттілігі туындайды. Бұл тұста табиғат-ананың берген сыйын кешенді қолдану, қалдығы кем немесе қалдықсыз технологиялардың пайдаланылуы, ресурстардың қайта қолданылуы ерекше өзектілікке ие болып тұр.

Бүгінгі таңда облысымызда қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, орман-тоғайлы аумақтарын ұлғайту сынды жауапты міндеттер тұрғаны анық. Орман – планетамыздың өкпесі дейтін болсақ, қазір оны өсіріп-баптау жұмыстарына баса назар аударылып келеді. 2018 жылы облыста орман өсіру көлемін ұлғайтудың 2019-2030 жылдарға арналған қадамдық жоспары Ауыл шаруашылығы министрлігімен келісіліп, бекітілген болатын. Бұл өз кезегінде орман екпелерінің көшетімен отырғызу көлемін 2030 жылға 5 мың гектар алқапқа ұлғайтуға мүмкіндік бермек. Басқармаға қарасты 15 орман шаруашылығы мекемелері өткен жылы жоспар бойынша 59,6 гектар алқапқа тұқымбақ (қарағаш, жүзген, сексеуіл) жасақталып, онда 2 миллион 700 түп қарағаш, 84 мың жүзген, 7 миллион сексеуіл көшеттері өсірілді. Бұдан бөлек 1,3 гектар тұқымбақта 13 500 қарағай, шырша, арша секілді әртүрлі қылқан жапырақты ағаш көшеттері отырғызылды. Мекемелер өз есебінен жоспардан тыс 9,3 гектар тұқымбаққа 16500 арша, қарағай, қайың, емен, туя ағаштарының көшеттерін отырғызды. Биыл ағаш көшеттерін – 3050, сексеуіл тұқымын 2250 гектар алқапқа себу жоспарланған. Сондай-ақ жоғарыда аталған тұқымбақтардан қара ағаш көшетін – 600, сексеуілді 2350 гектар алқапқа отырғызу үшін 4 миллион 230 мың дана көшет алынатын болады. Былтыр 16 су қоймасын техникалық тұрғыдан дайындықта ұстау үшін 50,2 миллион теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ 4 су қоймасын ағымдағы жөндеуден өткізу үшін жобалық-сметалық құжаттамасы жасалды. Сонымен қатар балық өсіріп, балық шаруашылығын дамыту да өз жалғасын табуда. Қазіргі таңда облыс аумағында 118 жергілікті маңызы бар балық шаруашылығы, Балқаш көлінде 18 учаскесі бар. Атап айтсақ, 93 балық шаруашылығына 82 су айдыны бекітіліп берілсе, 25 балық шаруашылығы су айдыны әзірге бос тұр. Үстіміздегі жылы оларды конкурс арқылы бекітіп беру жоспарлануда. Өткен жылы конкурс арқылы – 7, конкурссыз 3 балық шаруашылығы су айдындары табиғат пайдаланушыларға бекітіліп берілген. Сонымен қатар оларға қойылатын талаптар күшейтілген. Табиғаттың байлығы – қоршаған орта мен ондағы жан-жануарлар дүниесі. Бүгінде қорықтар мен қаумалдардағы аң-құстарың көбеюіне, сонда тұрақтап қалуына қорықшылардың қосып отырған үлесі зор. Қаскөйлерден табиғат байлығын сақтауда табиғат қорғаушылардың қырағылығы қажет-ақ. Бұл үшін орманшыларға жүктелер жауапкершіліктің жүгі жыл санап артып келеді. Сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген жануарларды қорғау үшін облыс аумағында ерекше қорғалатын Үмбет, Меркі табиғи аумақтары ұйымдастырылды. Сондай-ақ Жуалы, Талас, Жамбыл аудандарының аумағынан Қаратау арқарын қоруды күшейтетін ерекше қорғалатын қаумалдарды құру жұмыстары басталып кетті. Бүгінде 148 300 гектарды құрайтын «Жуалы-Қарашат» мемлекеттік қаумалы, Қордай мен Шу аудандарының аумағынан 369 960 гектарды алып жатқан «Қордай-Жайсаң» қаумалы құрылды. Осының арқасында жабайы тұяқты аңдардың өсімі тұрақталды. Сондай-ақ Т.Рысқұлов және Жамбыл аудандарының таулы аумақтарында аумағы 128846 гектарды құрайтын жергілікті маңызы бар «Сұлутөр-Ботамойнақ» мемлекеттік табиғи қаумалын құру жоспарлануда. Қаумал құрылған кезде таудағы 6 аңшылық шаруашылық жұмысын тоқтатады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында «Соңғы уақытта болған қайғылы оқиғалар ұйымдасқан қылмыстың тағы бір түрі – браконьерлік проблемасының бетпердесін ашты. Браконьерлер ұлттық байлығымыз – табиғатымызға аяусыздықпен орны толмас зиян келтіруде» деп, жануарлар дүниесінің құрып кетпеуіне, табиғат заңдылығына қарсы келушілермен күресуді мықтап қолға алу керектігіне баса назар аударған болатын. Қасақылықпен күрес бойынша былтыр қаумалдар мен су айдындарында 540 рейд ұйымдастырылып, табиғат қорғау заңдарының талаптарын бұзғандарға 1931,1 мың теңге айыппұл салынып, 160 хаттама толтырылған. Бүгінде оның 1180,1 мың теңгесі өндірілген. Басқармаға қарасты «Мамандандырылған «Сапсан» жедел қызметі» КММ-нің инспекторлары орман қоры аумағында, еркін аймақтарда жыл басынан бері 17 рейдтік іс-шара жүргізілді. Бұл іс-шара барысында заң бұзушылардан 17 аңшы мылтығы тәркіленді. Олар табиғатқа 4 449 325 теңге залал келтірген. Бұл – қаңтар-ақпан айларында жүргізілген іс-шаралардың қорытындысы. Бұдан өзге жедел топ өкілдері 18 ақпан күні Байзақ ауданының орман қоры аумағынан Қызыл кітапқа енген қарақұйрықты атып алған азаматтарды құрықтады. Бүгінде іс аудандық полиция бөлімшесіне барлық айғақ заттармен өткізілді.

Аслан ОРАЗБЕКОВ, облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы.