Экономика

2,5 процентпен несие алып, қорасын малға толтырды

2,5 процентпен несие алып, қорасын малға толтырды

Облыс тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту мақсатында қолға алынған қанатқақты жоба ауыл халқы үшін үлкен көмек. Бұл жобаға қатысушылар 2,5 процентпен несие алып, мал басын көбейтуде. Несиеге қолы жетіп, қорасын малға толтырғанның бірі – Бәйтерек ауылының тұрғыны Жарылқасын Қалданұлы. Қара шаңырақтың иесі Жарылқасын кәсіпке бұрыннан жақын. Бүгінге дейін мал бордақылап, осы кәсіптің арқасында жаңа үй тұрғызып, жуырда көшіп алыпты. Ал қолында тұратын әкесі Қалдан мен анасы Гүлбала да құр қарап отырмай бақша салып, жеміс-жидек өсірумен айналысады. – Бұған дейін бордақылап келген малымды сатып, үй құрылысына жұмсап, жинаған қорымнан айырылып қалдым. Енді балалар өсіп келеді. Соларды аяққа тұрғызу керек. Несие алып, қайтадан мал бордақылауды қолға алсам ба деп жүргенде ауыл әкімі Арабхан Заппаровтан қанатқақты жоба туралы естідім. Шыны керек, алғаш бұл жоба туралы айтқанда түсінбедік. Кейін сол кездегі облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің өзі ауылға келіп, халықпен кездескенде жобаның мақсатын ұқтық. Содан кейін құжаттарымды жинауға кірістім. Проценті де төмен. Ең бастысы біз сияқты шаруа адамдарына тиімді. Бір жыл каникулы бар. Жылына екі бөліп төлейміз. Халыққа осындай мүмкіндік жасап отырған ел ағаларына алғыстан басқа айтарымыз жоқ, – деді ол. Жарылқасын «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамынан 3 миллион 500 мың теңге несие рәсімдеп, оған 3 сиыр, 50 қой алыпты. Артылған ақшасын 500 түк жоңышқа, екі тонна арпа алуға жұмсаған. Қойды Билікөлдегі шаруа қожалықтан, сиырды ауылдан сатып алған. «Аллаға шүкір, бұл балаларымыздың несібесі деп ойлаймын. Кеше сиырымыздың біреуі бұзаулады. Қойымыздың да алды төлдей бастады. Алла қаласа, мал төлдету науқанын шығынсыз өткізсек деген ниетіміз бар», – деді ол. Келесі ауыл тұрғыны Нұрғазы Әлиасқаров «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясынан» 4 миллион 700 мың теңгеге 10 бас жылқы алған. – Ауылда жұмыс жоқ. Отбасын асырау керек. Сол үшін алдында банктен несие алып «КамАЗ» жүк автокөлігін алғанмын. Жазда жұмыс көп, қыста қаңтарылып бос тұрып қалады. Осы кезде несие төлеуге қиналамыз. Оның үстіне банктен алған несиенің проценті жоғары. Ал мына облыс әкімінің бастамасымен қолға алынған жобаның проценті қолжетімді. Бұл несиеге 10 бас жылқы алып, бордақылаудамын. Малдың жемшөбіне 700 мың теңге жұмсадық. Мақсатымыз мал басын көбейтіп, ет бағытында жұмыс жасау, – деді ол. Мал басы көбейген соң жайылым, жемшөп мәселесінің туындайтыны анық. Кәсіпкерлер ауылдық округтен жер сұрап отыр. Қазір жемшөп бағасы ұшып тұр. Әркімнің өз жеке жері болса, егін сеуіп, жоңышқа өсіріп, мал азығын жинап алмақ ниетте.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ, журналист.

Жуалы ауданы.