Суармалы жердің қадірін бағалай білеміз бе?
Суармалы жердің қадірін бағалай білеміз бе?
Мемлекет басшысының «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында ауыл шаруашылығы мүмкіншіліктерінің толық пайдаланылмай жатқандығын, жердің тиімділігін арттырмайынша саланың дамымайтынын атап өтті.Сонымен қатар Жолдауда суармалы егістік жерлерді қалпына келтіру және ұлғайту арқылы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін 4,5 есе арттыру, ол үшін кезең-кезеңмен 2030 жылға қарай суармалы жердің көлемі 3 миллион гектарға ұлғайтылатындығы айтылды. Аймақта осы мақсатта өткен жылдан бастап шет ел банктерінің қаржылары арқылы 68 мың гектар суармалы жерді қалпына келтіру жұмыстары басталған. Ендігі жерде бізге қолда бар суармалы алқаптарда егілген дақылдың өнімділігін арттыру және пайдаланылмаған жерлерді ауыл шаруашылық айналымына енгізу үшін ғылыми-негізделген аймақтық агротәсілдерді қолдана отырып, егіншілік мәдениетін көтеру және кешенді мелиоративтік жұмыстарды жүргізу қажет. Сондай-ақ суармалы жерлерді тұзданудан, батпақтанудан сақтау үшін су жүйелері мен кәріздік жүйелер (тік дренаж, көлденең су қашыртқылар) толығымен жұмыс істеп тұруы керек. Бұл шаралар аймақтың экожүйесіне де оң әсерін тигізеді. Кейінгі кезде ауыспалы егіс жүйесінің сақталмауынан жердің айдау қабатындағы топырақ құнары кеміп, егістік алқаптарының фитосанитарлық, агроэкологиялық жағдайы нашарлаған. Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2017-2021 жылдарға арналған стратегиялық жоспары негізінде мекемеміз суармалы жерлердің мелиоративтік жағдайын бағалап, мониторинг жүргізді. Өткен жылы облыстың Жамбыл, Байзақ, Жуалы, Сарысу және Талас аудандары суармалы жерлерінің жер асты суы деңгейі, судың, топырақтың тұздылығына, суару және қашыртқы жүйелерінің жай-күйіне бақылау жұмыстарын орындады. Жамбыл облысының 5 ауданындағы суармалы жерлердің суару кезеңінен кейінгі бақылау нәтижесі 2018 жылмен салыстырғанда жер асты суы деңгейі аздап көтерілгенін, жалпы суармалы жер көлемінің 74 проценті немесе 79144 гектары шектеулі деңгейден төмен орналасқандығын, ал оның тұздылығын құрайтын бөлігі 69 процентті немесе 72513 гектарды құрайтынын көрсетеді. Осы 5 аудандағы 105680 гектардың 97633 гектары түрлі ауыл шаруашылығы дақылдарын егуге пайдаланылып, 8047 гектары пайдаланылмаған. Алдыңғы жылмен салыстырғанда суармалы жердің пайдаланылуы 426 гектарға артқан. Егіс көлемі құрылымындағы үлесі басым дақылдар: мал азықтық – 44,66 мың гектар, дәнді дақылдар – 10,8 мың гектар, көкөніс, бақша және картоп – 25,05 мың гектар. 8047 гектар суармалы жердің 4922 гектары ішкі шаруашылық суармалы жүйелердің жай-күйінің қанағаттанғысыздығы, 3125 гектары топырақтың тұздануы және жер асты суы деңгейінің шектеулі деңгейден жоғары болуы себепті пайдаланылмаған. Пайдаланылмаған суармалы жерлер Талас ауданында – 6884, Сарысу ауданында – 493, Жамбыл ауданында – 337 және Байзақ ауданында 333 гектар болды. Жалпы, бес аудан бойынша пайдаланылмаған жер көлемінің 85 проценті немесе 6884 гектары Талас ауданында, оның 4359 гектары ішкі шаруашылық суару жүйелерінің қанағаттанғысыз жағдайынан, 2525 гектары тұздану себепті. Аудандағы 12865 гектар суармалы алқаптардың соңғы жылдары 30-40 проценті ғана игеріліп келеді. Негізгі егістік алқаптардың мелиоративтік жай-күйінің төмендігі, ұсақ шаруашылықтардың нарықтық жағдайларға бейімделе алмауынан, көп жылдан бері игерілмеуінен бұта, жиде өсіп тоғайға айналуы, су шаруашылық жүйелерінің нашарлығы себеп болып отыр.
Қажымұқан ҚОЖАНОВ, «Оңтүстік Қазақстан гидрогеологиялық-мелиоративтік экспедициясы» республикалық мемлекеттік мекемесі Жамбыл бөлімінің басшысы.