Саясат

Жаңадан салынатын нысандар ел игілігіне қызмет етуі тиіс

Жаңадан салынатын нысандар ел игілігіне қызмет етуі тиіс

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жаңа нысандар салған кезде олардың тиімділігі мен қарапайым тұрғындарға пайдасын ескеру керектігіне айрықша назар аударды. Бұл туралы ол Тараз қаласын дамыту мәселелері жөніндегі кеңес отырысында айтты.Аймақ басшысының айтуынша, Тараздағы барлық бастамалар мен игі жобалар жалғасын табады. Алайда құрылыс жүргізуде тек бюджет қаражатына сенім артуға болмайтыны, бұл тұрғыда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде, бизнес-құрылымдарды белсенді тарту мүмкіндіктерін барынша іздестіру қажеттігі көтерілді.

Қала басшысы Айтқазы Қарабалаев шаһардың 34 мың тұрғынына арналған жаңа 15-шағын ауданда жүзеге асатын жобалар туралы егжей-тегжей баяндады. Онда 8 мәдени-спорттық нысан, сондай-ақ, 17 гектарда саябақ құрылысы жүргізілмек. Жиында Таразға «Салтанат» сарайы, «Неке қию» залы, жеңіл атлетикалық және гимнастикалық манеждер сияқты нысандардың қажеттілігі айтылды. Алайда олардың құны, тиімді пайдалану мен құрылыстарының сыртқы келбетіне қатысты ойланатын мәселелер жоқ емес. – Егер кейін пайдаланусыз, бос тұратын болса, жаңа нысандарға миллиардтаған теңге салып не ұтамыз? Ал Тараздың кейбір көшелерінде жарық жоқ, бірқатар жолдар мен тротуарлар жөндеуді қажет етеді. Осыған да көңіл бөлгеніміз дұрыс сияқты, – деді Б. Сапарбаев. Аймақ басшысы қала әкімі Айтқазы Қарабалаевқа шаһардағы жарықтандыруды және жөндеуді қажет ететін көшелердің тізімін жасақтап, ол үшін уақыт созбай жобалық-сметалық құжаттамаларды дайындай беруді тапсырды. Сондай-ақ облыс әкімінің айтуынша, жаңа шағын аудандардың құрылысы кезінде тұрғын үй кезегіне талдау жүргізу қажет. Кезекте тұрғандардың сұранысы бір бөлмелі немесе екі, үш бөлмелі пәтер болса, оны ескерген жөн. Құрылыс жұмыстарын жүргізуде жергілікті өнімдерді барынша пайдалану және тұрғын үй құнын төмендету міндеттері негізге алынбақ. Бердібек Сапарбаев «Оқушылар сарайын» салу, саябақтар мен скверлерді реттеу, жаяу жүргіншілер алаңдары мен велосипед жолдарын салу, Мамыр саябағын қайта жаңғырту идеяларын қолдады. Аудан орталықтарын абаттандыруға көңіл бөлді. Жиынды қорытындылай келе, облыс әкімі осыған ұқсас нысандары бар өңірлердің тәжірибесін зерделеуге, жоба құны мен сапаға айрықша мән беруге, жаңа жобаларды әзірлеуде жергілікті ерекшеліктерді ескеруге шақырды.