Қанатын жайған қамқорлық
Қанатын жайған қамқорлық
Бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде дәстүрлі «Мектепке жол» акциясы өтуде. Мемлекеттік маңызы бар игілікті іс «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында да жалғасын тапты. Партияның «Бақытты балалық» жобасы аясында өткізіліп отырған акция барысында №19 Құмшағал орта мектебінің оқушылары жаңа оқу жылына қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Көп балалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан бес оқушыны қуантқан шараға «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Шәбден Тілеумұрат қатысты.
– Конституциямыз бойынша, әрбір Қазақстан азаматы тегін білім алуға құқылы. Міне, білім күні жақындап, балаларымыздың мектепке қуана баратын кезі де келіп қалды. Осы сәтте әр бала білім алуға қабілетті болуы керек. Біздің партиямыз да бұған мүмкіндігінше ат салысып келеді. Бүгінгі шара – осының дәлелі. Балалар – еліміздің болашағы. Сондықтан, бұл қадамды мен мемлекетіміздің ертеңі үшін жасалынып отырған игі іс деп есептеймін, – деді Ш. Тоқтасынұлы. Беріковтер отбасындағы 4-ші бала Ақбота да осы білім ошағының оқушысы. Биыл 7-сыныпқа барады. Ақботаның қуанышында шек жоқ. «Біз үйде 8 ағайындымыз. Жаңа оқу жылында бізде бәрі жаңарып, қуанып тұрмыз. Өзге оқушылар секілді біз де жаңа мектеп формасымен оқуға баратын болдық» дейді ол. Ал оның алтынқұрсақты анасы Сәуле Берікова болса, қызының қуанышына бір жасап қалғанын жеткізіп, шараны ұйымдастырушыларға алғысын ақтарып, ата-аналардың атынан ризашылығын білдірді.
Гүлжан Рахман,
«Ақ жол».