- Advertisement -

Оқушылар қойылымы ойға жетеледі

94

- Advertisement -

Кезінде Шерхан Мұртаза, Қаратай Тұрысов, Мырзатай Жолдасбеков секілді тұлғалар білім алған қара шаңырақ әрқашан оқыту-тәрбие беру үрдісіндегі озық тәжірибесімен, мектеп басшылары мен ұстаздарының жас жеткіншектерге көрсетер тәлімді ісімен, тағылымды бастамаларымен ерекшеленіп тұрады үнемі. Соның бір мысалы ретінде №5 Жамбыл мектеп-гимназиясындағы отыз жылдан бері үздіксіз жұмыс жүргізіп келе жатқан оқушылардың «Замандас» драма үйірмесін айтсақ та болады. Оның жетекшісі – Қазақстанның Халық әртісі Мәкен Рахымжанова. Гимназиядағы драма үйірмесін жүргізуге Халық әртісін алдырып, оған жағдай жасап, талантты балаларға мүмкіндік беріп отырған осы білім ордасының директоры Салтанат Төлеудің де еңбегін атап өткен жөн.
«Замандас» драма үйірмесінің репертуары биыл Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы негізінде жазылған Бикен Римованың «Абай –
Әйгерім» драмалық қойылымымен толығыпты. 35 минутқа лайықталған қойылым бозбала Абайдың (Нұрасыл Ережепов) ғашығы Тоғжанмен (Айкүміс Бауыржан) қоштасуынан басталды. Тоғжан арқылы сол замандағы қазақ қызының тағдыры шынайы көрініс тапқан. Осы рөлді сомдаған Айкүмістің кейіпкерінің жандүниесін терең үңілгені соншалық, эпизодтары сенімді, анасы Ұлжанның (Ақжан Биназарова) Абайдың сыртшыл болып, жары Ділданың ауылына атізін салмай кеткенін сынағаны да сәтті шықты.
Орта жастағы Абай (Дәулет Әкімов) Семей сапарынан қайтып келе жатқанында Ербол (Бағжан Сәрсенов) арқылы Шүкіманды тауып, табысып, оған «Керім», «Әй, керім» деп тамсанғаны – осы көріністерге құрылған эпизодтар да көңілге қонымды болғанын айта кеткен жөн. Абайдың ұзақ сапарлардан кешігіп, Әйгерімді (Ақбөпе Әлібекова) өкпелеткені, Абайдан түңілген, оған деген ынтық, жылы сезімін жоғалтып, суып кеткен Әйгерім бейнесін сомдаған Ақбөпе Әлібекованың салқын кейпі образды ашып, керемет сенімді шығуына әсер етті. Әйгерім жеңгесінің рөлін алып шыққан Зарема Бейсенбайдың шеберлігіне де тәнті болдық. Қойылым Абайдың Пушкиннен аударған «Татянаның Онегинге хаты» әнін Әйгерімнің шынайы беріле шырқауы Абай мен Әйгерімнің қайта табысып, баяғы бір-біріне деген ыстық сезімдерін қайта табуымен түйінделді.
Соңғы эпизод: қойылымды сахналаған режиссер, жас актерларға деген көрерменнің қошеметі… Облыс әкімдігі білім басқармасы оқу әдістемелік кабинетінің әдіскері Айсұлу Нұрмолдаева бұл қойылымды бір ғана мектепте сахналаумен шектелмей, аудандарға шығарып, ауыл мектебінің оқушыларына үлгі ету керек дейді. Ал Тараз қаласы әкімдігі білім бөлімі әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Гүлжан Атақұлова аталған драма үйірмесі Тараздағы мектептер арасында көш басында тұрғанын айтады. Міне, осы жетістік үшін жетекшісі Мәкен Рахымжанова алғыс білдіруге болады.
Іс-шара соңында гимназия мұғалімі Тоймұрат Қожамұратов «Абайға арнау» атты өлеңін көпшілікке оқып берді. Іс-шараны аталған мектеп-гимназия директоры Салтанат Ерсағатқызы қорытындылады.

 

Есет ДОСАЛЫ

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support