Жастар елдік істерді жалғастыруда
Жастар елдік істерді жалғастыруда
Бүгінгі күні қоғамдық бірлестіктердің қоғам өміріндегі орны айрықша екені талас тудырмаса керек. Қай салада болсын бірлестіктердің атқарып жатқан жұмыстары жеткілікті деп ойлаймыз. Жылдар жылыстаған сайын еліміздегі қоғамдық бірлестіктердің саны да, сапасы да артып келеді. Бұл өз кезегінде барлық бағыттардағы жұмыстардың жандануына тамшыдай болса да үлес қосатыны анық. Өйткені бәсеке болған жерде нәтиже болады. Әр ұйым кем дегенде көптеген тірліктердің аздап болса да алға жылжуына ықпал етеді. Себебі үкіметтік емес ұйымдар қоғамдағы өзекті мәселелерге ден қоюға тырысатыны сөзсіз. Сол өзекті мәселелерге назар аударып қана қоймай, ортақ проблеманың түйінін тарқатуға тамшыдай болса да үлес қосу – үкіметтік емес ұйымдар жұмысының бір тармағы. Бір қолдың саласындай болып, жұмысты осы бағытта жүргізгенде ғана ауыз толтырып айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізуге болады деп пайымдаймыз. Бірлік бар жерде нәтижелі жұмыс та болатыны сөзсіз. Оны жан жүрегімізбен сезінеміз.
«Жаңа – Ру» жастар коалициясы қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі облысымызда 2012 жылдан бері тұрақты түрде өз жұмысын атқарып келеді. Бірлестіктің алға қойған басты мақсаты – республика тұрғындарының, жастардың және жасөспірімдердің саяси-құқықтық сауаттылығы мен азаматтық белсенділігін арттыру. Сонымен қоса белсенді азаматтардың, жанарында от ойнаған жалынды жастардың бастамашыл жобаларын қолдау, олардың ішінде талантты жандарға мүмкіндігінше қамқорлық көрсетуді негізгі міндеті санайтын «Жаңа – Рудың» ілкімді істерді жүзеге асыруға ұмтылып жүргені рас. Бұл бағыттағы жұмыстар әрқашанда зор маңызға ие екені де белгілі. Біз қай кезде де қоғамдағы өзекті тақырыптарды назарымыздан тыс қалдырмауға күш саламыз. Өйткені қоғам көкейіндегі түйткіл – баршамыздың көкейіміздегі түйткіл. Жалпы алғанда «Жаңа – Ру» жастар коалициясы қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің негізін қалаушы ұйымдардың қатарында облыстық пікірсайыс одағы «Еркін пікір» жастар қоғамдық бірлестігі және «Жамбыл облыстық ауыл жастары одағы» қоры бар. Жүйелі түрде жұмыс істеп келе жатқан сегіз жылдан бергі аралықта бірлестік отыздан аса мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты жүзеге асырып, қоғамның дамуына өзіндік үлесін қосқаны шындық. Сол тапсырыстарды сапалы түрде орындау – ұйымның мойнына жүктелген зор жауапкершілік. Ал біз сол жауапкершілік жүгін көтеруден ешқашан да бас тартпаймыз. Қайта жұмысты қолымыздан келгенше қуана жандандырамыз. Жобаларымызды сөзбен емес, іспен дәлелдеуге құштармыз. Солай жұмыс істегенде ғана көкейдегі нәтижеге қол жететінін білеміз. Шынын айту керек, қазақ қоғамында дін тақырыбы қашанда өзінің өзектілігін жойған емес, жоймайтыны да белгілі. Өйткені жас ұрпақ жалаң ұранға жақын түрлі жат ағымдардың шырмауына түспеуі керек. Дін тақырыбы қай кезде де нәзік саналады ғой. Теріс бағыттағы ағымдардың сананы улайтын сөздеріне біздің жастар сенбеуі тиіс. Ол үшін жастардың өзін қорғай алатын иммунитеті болуы шарт. Ол – білім. «Білім іздеген өсер, бүлік іздеген өшер» деген сөзді біз қаперімізден шығармаймыз. Содан да болса керек, 2015 жылдан бастап діни экстремизм мен атың өшкір терроризмге қарсы іс-шараларды кешенді түрде ұйымдастырумен қоса, жастар, ауыл тұрғындары арасында діни сауаттылықты арттыруға бағытталған жобаларды жүзеге асырып келе жатырмыз. Бұл тірлік те өзінің оң нәтижесін беруде. Сонымен қатар 2017 жылы деструктивті және радикалды діни ағымдардан зардап шеккен азаматтарға қолымыздан келгенше көмек көрсетіп, психологиялық, моральдық қолдау таныту және дәстүрлі рухани-адамгершілік құндылықтарды насихаттау мақсатында арнайы орталықтар ұйымдастырған болатынбыз. Бұл да бір ілкімді іс болғаны сөзсіз деп білеміз. 2018 жылы республикалық көлемде имамдардың біліктілігін арттыру курстарының өтуіне себепші бола білдік. Тараз, Алматы, Атырау және Нұр-Сұлтан қалаларында біліктілікті арттыру курстарынан үш жүзге жуық адам өтіп, білмегендерін білді, білгендерін жетілдірді. Таным көкжиектерін кеңейте түсті. Өздерінің тәжірибелерін із жүзінде дамытты. Осы іс-шараның да жоғары деңгейде өткенін жұрт айтып жатты. «Жаңа – Ру» жастар коалициясы қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің жоспарлары ауқымды екені белгілі. Сол себепті де біз тек қана дін тақырыбымен шектеліп қалған жайымыз жоқ. Бір тақырыптың аясында жүре беру дұрыс емес екені екі бастан аян ғой. Сондықтан да мүмкіндігімізге қарай жан-жақты болуға талпындық. Жалындаған жастар арасында саламатты өмір салтын насихаттау ісінде де біздің ұйым белсенді түрде жұмыс істеді десек, қателеспейміз. Сөзіміз дәлелді болуы үшін нақты деректер келтірейік. 2015-2019 жылдар аралығында облысымыздың он ауданы мен Тараз қаласында қазақтың ұлттық ойындарынан, футболдан, волейболдан, үстел теннисі секілді спорт түрлерінен төрт жүзге жетеқабыл жарыстардың ұйымдастырылуына ұйытқы болдық. Сол арқылы жастар арасында саламатты өмір салтын қолдан келгенше насихаттадық. Өз кезегінде жарысқа қатысушылар тиісті деңгейде белсенділік көрсетті. Бұл бастамамыз да өзінің оң нәтижесін берді. Әсілінде заңды білген адамның жаңылыспайтыны, шалыс баспайтыны, жоқ жерде қателікке бой алдырмайтыны белгілі ғой. Қайта қолынан келгенше өз құқығын лайықты деңгейде қорғай алатын болады. Сондықтан да жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру – негізгі міндеттердің бірі. Осы мақсатта да бірлестік өзіне жүктелген жұмыстарды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Жемқорлық дегеніміз – жегі құрт. Қоғамның дамуына кері әсер ететін факторлардың дені осы жең ұшынан жалғасудан басталатыны ақиқат қой. Ол дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома іспеттес. Ал сол дерттің тамырына балта шабу – баршамыздың ортақ парызымыз. Мұны ешқашан да қаперден шығаруға болмайды деп білеміз. Сол сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік мәдениетін қалыптастыруға байланысты, кәмелетке толмағандардың арасындағы қылмыстың алдын алу мақсатында, есірткі және есірткі бизнесіне қарсы күрес бойынша да біздің тарапымыздан лайықты деңгейде кешенді іс-шаралар легі ұйымдастырып, уақтылы өткізіп келеді. Оған қатысушылар да белсенділіктерін танытуда. Барлық жұмыстар жүйелі түрде жоспарлануда. Былтыр Жастар жылы аясында облыстық «Jамbyl» телеарнасының қолдауымен «Жаңа-Ру» жастар коалициясы» заңды тұлғалар бірлестігі қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеруге ден қойды. Осы бағытта талмай тер төгіп, аянбай еңбектендік. Сол мақсатты жұмысты жүзеге асыру үшін «Аламан» деп аталатын телебағдарлама өз жұмысын бастаған болатын. Осы күнге дейін «Жастар жылы жастарға не береді?», «Білім саласы қашан тұрақталады?», «Жемқорлықты жою – ортақ міндет», «Халық сақшысына реформа қажет пе?», «Жусан операциясы», «Отанды қорғау – міндет, әскерге бармау – індет», «Қазақ тойының құны қанша?» деген секілді көптеген маңызды тақырыптар туралы өзекті ойлар айтылып, тұшымды жауаптар берілді. Оған қатысқан азаматтардың барлығы да өздерінің пікірлерін жариялы түрде жеткізгеніне біз қуандық. Бұл да біздің жұмысымыздың бір нәтижелі көрінісі деп білеміз. Бүгінгі күні «Жаңа – Ру» жастар коалициясы қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігін адам құқығын қорғау, қоршаған орта мен экология, гендерлік мәселелер, халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз тобының мүдделерін қорғау сияқты әлеуметтік маңызы бар салаларда және әр жеке тұлғаның мүддесін қорғау мақсатында жұмыс атқарып келе жатқан ұйым ретінде көре аламыз. Сол бағытта жұмылған жұдырықтай еңбектенуге тастүйін дайынбыз. Алдымызда әлі талай көптеген жұмыстар күтіп тұр. Біз үміт пен сенімнің үдесінен шығу үшін бар ынта-жігерімізбен еңбектене беруге әзірміз. Оған тәжірибеміз жетеді деген ойдамыз.
Диана Әбдіғаппар, «Жаңа – Ру» жастар коалициясы қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті.