Экономика

Шебердің қолы ортақ

Шебердің қолы ортақ

Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласында Ұлы Даланың жаһандық тарихтағы орны айтылып, жұрт біле бермейтін жеті қыры барынша ашыла түскен. Тұңғыш Президентіміз мақаласында: «Біздің жеріміз материалдық мәдениеттің көптеген дүниелерінің пайда болған орны, бастау бұлағы десек, асыра айтқандық емес. Қазіргі қоғамның ажырамас бөлшегіне айналған көптеген бұйымдар кезінде біздің өлкемізде ойлап табылған. Ұлы Даланы мекен еткен ежелгі адамдар талай техникалық жаңалықтар ойлап тауып, бұрын-соңды қолданылмаған жаңа құралдар жасаған. Бұларды адамзат баласы жер жүзінің әр түкпірінде әлі күнге дейін пайдаланып келеді. Көне жылнамалар бүгінгі қазақтардың арғы бабалары ұлан-ғайыр Еуразия құрлығындағы саяси және экономикалық тарихтың беталысын талай рет түбегейлі өзгерткені туралы сыр шертеді», деп бұлтартпасыз дәлелдер келтірген. Сөйтіп мақалада Н.Назарбаевтың бұл пікірі әрі қарай нақты тарихи деректермен шегелене түскен. Мақалада атқа міну мәдениеті, Ұлы Даладағы ежелгі металлургия, аң стилі, тағы басқа құндылықтар жөнінде айтылған. Ал металлургия мен аң стилін шеберлер жасағаны мәлім. Халқымыздың өткен тарихына көз жіберсек, он саусағынан өнер тамған шеберлер, ұсталар қолынан шыққан құнды дүниелер біздің заманымызға дейін сол қалпын сақтай отырып жетті. Осындайда халқымыз «Шебердің қолы ортақ», «Ақыннан хат қалады, ұстадан зат қалады» деп бекер айтпағанын көреміз. Ел ішінде шеберлігімен, ісмерлігімен танылған ұсталарды халық қадірлейді. Ағаштан түрлі тұрмыстық бұйымдар жасап жүрген шебер Алдан Қожабаев Нұрлыкент ауылында тұрады. Оған бұл өнер әкесі Қожабайдан дарыса керек. – «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» демекші, жастайымнан әкемнің шеберлігін көріп өстім. Әкем етік тігетін, басқа да шаруашылыққа қажетті заттарды өзі жасай беретін. Соған қарап менің де қызығушылығым оянып, бала кезімнен-ақ ағаштан заттар жасай бастадым. Мектепте, колхозда әртүрлі жұмыс істеп біраз тәжірибе жинақтадым. Қарақалпақстанда тұрғанымызда бұл кәсібімді шыңдай түстім. 2005 жылы отбасымызбен атажұртымызға оралдық. Оралман ретінде мемлекеттің қамқорлығын сезіндік. Осында орнығып, өніп-өсіп жатырмыз. Кәсіпке атажұртқа оралған соң ден қойдым. Елдің сұранысына қарай күнделікті тұрмысқа қажетті заттар жасадым. Атап айтсақ, ағаштан ойма сандық, домбыра, ас ішетін үстел, оқтау-тақтай, есік-терезе, қолжуғыш, тағы басқа заттарды қазақы ою-өрнектермен безендіріп, жасап жүрмін. Бұл заттарға тұрғындардың сұранысы қашанда жоғары. Қажетті материалдарды аудан орталығынан сатып алып отырмын. Домбыраны қарағаштан, үстелді қарағай ағашынан жасаймын, – деді ол. Шебер өз үйінің бір бөлмесіне қолынан шыққан заттарын орналастырған. Негізгі жобалау, қию, жону жұмыстары бөлек бөлмедегі станокпен жасалады екен. Ал жұбайы Гүлбара Айтымбетова тоқыма ісімен айналысады. Шәлі тоқиды. Алданға бұл шаруаны жүргізуде ұлы Арал мен немересі Шыңғыс көмектеседі. Белгілі шебер өзінің білгендерін немерелеріне де үйретуде.

Нұржан МАНАСҰЛЫ, журналист.

Жуалы ауданы.