Саясат

Ақпараттық топтың мақсаты – жұрт ты бірлікке үндеу

Ақпараттық топтың мақсаты – жұрт ты бірлікке үндеу

Қордай ауданында орын алған жағдайға байланысты тұрғындар арасында түрлі пікір туындап жатқаны жасырын емес. Сондықтан Тараз қаласы мен аудандарда түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін арнайы облыстық ақпараттық топ құрылды. Арнайы топтың мақсаты – жұртшылықты бірлікке, татулыққа шақыру, халыққа шынайы ақпарат бере отырып тұрғындар арасында туындаған басқа да мәселелерге ден қою. Ақпараттық топтың жұмысы Қордай, Меркі, Шу, Т.Рысқұлов, Байзақ, Жуалы, Сарысу аудандары мен Тараз қаласында басталды. Келесі күні ақпараттық топтың жұмысы Жамбыл, Байзақ, Жуалы, Сарысу, Қордай, Меркі, Шу аудандары мен Тараз қаласында тағы да жалғасты. Топ жетекшілері ретінде облыс әкімінің орынбасарлары Бекболат Орынбеков, Ержан Жылқыбаев, Мұратхан Шүкеев, Нұржан Календеров, облыстық мәслихаттың хатшысы Бағлан Қарашолақов, депутаттар Асаубай Майлыбаев, Сейітхан Жұмашев, облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев, облыстық Қоғамдық кеңестің төрағасы Сембек Сейдазимов, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Балабек Нарбаев, Тараз қалалық мәслихатының хатшысы Батырбек Құлекеев, Тараз қалалық қоғамдық кеңесінің төрағасы Қаржаубай Бекболатов халық арасында болып, олармен келелі кеңестер өткізді. Аталған аудандар мен Тараз қаласының бірқатар ұжымдарында болған азаматтар елді татулықты ту етіп, бірлікті бекемдеу мақсатындағы ортақ мүдде төңірегінде топтасуға шақырды. «Мемлекеттің өркендеуі мен дамуына шын жанашырлық танытқан азаматтардың оны көтеріліспен, арандату әрекеттерімен емес, ісімен дәлелдейтінін үнемі есте ұстаған жөн. Ешбір мемлекетте бейбіт өмір мен береке-бірлік көтерілістер мен бұзақылық әрекеттер арқылы орнамайтыны баршамызға аян. Ал ауызбіршілік болмай, ниеті адал емес азаматтардың айдауына еріп, арандатуға ерген сәттерде ынтымақ ыдырап, бірлік азып, халық тозған кезең туары белгілі. Сондықтан да баршаңызды аталған бағыттағы саяси партиялардың жетегіне ермеуге, арандату әрекеттеріне жол бермеуге шақырамыз. Елбасы-Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаев айтқандай, тәуелсіздікті жариялау – бір бөлек, ал оны сақтап қалу мүлдем бөлек мәселе. Ел бірлігі мен татулығына селкеу түсірер осындай сәттердің алдын алу, жоғарыда аталған түйінді, түйткілді мәселелер саралаумен, жұмыла атқарылған жұмыстардың нәтижесімен шешілмек. Осы орайда сіздердің, ел азаматтары: зиялы қауым өкілдерінің, ардагерлердің, жас буын – жастардың атқаратын рөлдеріңіз ауқымды. Ел тұтастығы мен тұрақтылық, татулық тек айтумен ғана орнамайды. Бұл жерде сөз бен істің бірлігі қажет-ақ. Сонда ғана бірлігіміздің, ынтымағымыздың діңгегі берік, еліміздің іргесі тұтас болмақ. Сыртқы тараптың ықпалына ермей, жұдырықтай жұмыла білейік!» деген ел ағалары мен билік өкілдерінің сөзін жұртшылық та жаппай қолдап, халықтың тыныштығы мен амандығы басты мәселе екенін айтысып жатты. Кеше облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев бастаған ақпараттық топ Жамбыл ауданына қарасты Жасөркен, Гродекова, Қарой ауылының тұрғындарымен кездесіп, еркін форматта әңгіме өрбітті. «Тұрақтылық, ынтымақ — әрқайсымыздың отбасымыздан басталады. Тәуелсіздік алғалы отыз жылға жуық уақыттан бері экономикамыз бен саясатымызда ілгерілеу болып, даму жолына түскеніміз ынтымақтың, ауызбіршіліктің нәтижесі. 130-дан астам этнос өкілдері ортақ үйіміз — Қазақстанда бір үйдің баласындай өмір сүріп келеді. Әрине, Қордайда болған оқиға көңілге қаяу түсіреді. Әулиеата өңірінің жастары да, қариялары да еңбекқор, сабырлы, тыныштықта өмір сүріп келе жатқан азаматтар. Сол себептен ары қарай да осы саясатты жүргізуіміз керек», — деді Ержан Жылқыбаев. Тұрғындар да өз кезегінде түйткілді мәселелерін ортаға салды. Облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев көтерілген тақырыптарды тек қағазға түртіп алумен шектелмей, сол жерде жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар беріп, назарға алды. Ақпараттық топтың жұмысы әлі де жалғасуда. Олар демалыс күндері де аудандар мен Тараз қаласында бірқатар кездесулер өткізбек.

Маржан Рақай