Саясат

Әкім есеп берді. сіз не дейсіз?

Әкім есеп берді. сіз не дейсіз?

Дін, руханият бағытындағы жұмыстарды жандандыру керек

Қанат ЖҰМАҒҰЛ, облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының облыстағы өкілі:

– Облыс әкімінің халық алдындағы есепті кездесуінен өңір тұрғындарының күтері көп. Себебі жұрт бұл жиынға қоғамда қордаланған мәселелердің шешімін іздеп барады. Бұл жиында көптеген мәселе сөз болды. Алдағы уақытта әр салада жүзеге асырылатын айқын жұмыс жоспарлары айтылды. Ішінде біздің имамдарға жүктелген жауапкершілік туралы да келелі ой қозғалды. Барлығы орынды. Әсіресе, жастар тәрбиесі жөніндегі пікірлерге толықтай қосыламын. Жалпы имамдар мүфтияттан арнайы бекітілген нақты тапсырмаларды орындауы тиіс. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев уағыз-насихаттарды сол тақырыптар аясында жүргізуді тапсырды. Қордай ауданындағы Сортөбе, Масаншы ауылдарындағы дүнген имамдарды ортақ міндет – татулық пен тұрақтылықты сақтау жолында бірлесе жұмыс істеуге шақыруды жүктеді. Бұйыртса, осы міндетті жүзеге асыруға кірісеміз. Жалпы есеп беру жиынында өте кең ауқымдағы мәселелер қозғалып, кездесу жоғары деңгейде өтті. Облыс әкімінің баяндамасынан былтыр атқарылған жұмыстардың көп екенін, экономикалық көрсеткіштердің өсу динамикасын көруге болады. Енді біз өз саламыз бойынша дін, руханият бағытындағы жұмыстарды жандандырамыз.

70-тен астам ауыл ауызсумен қамтылады

Мұқатай Секеев, қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі:

– Қазір көпшілігіміз қалада тұрып жатқанымызбен, бәріміз ауылда туып-өстік қой. Ауданда қызмет еттік. Содан кейін шығар ауылдағы ағайынның ахуалына қарайлап, алаңдап тұратынымыз. Аудандарда жол жөнделіп, жұрт таза ауызсуға кенеліп жатса, соған қуанамыз. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев биыл өңірде 70-тен астам ауыл ауызсумен қамтамасыз етілетінін айтты. Өңір басшысының алдағы жоспарларының ішінде маған ұнағаны – ауыл шаруашылығын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілетіндігі. Облыс тұрғындарының 60 проценттен астамы ауылдық жерлерде тұратындықтан, аймақтың ерекшелігін ескеріп, аграрлық секторды дамытуға барынша көңіл бөліп отырғаны аса маңызды. Есеп беру кездесуінде Бердібек Сапарбаев осыны атап айтты. Облыс әкімі негізгі бағыттардың бірі ретінде пайдаланусыз жатқан 70 мың гектар жерді егістік ретінде айналымға енгізуді, механикаландырылған жасақтың көмегімен алқаптарды суландыру желілері мен каналдарын, су қоймалары ретке келтірілетінін жеткізді. Бұл дегеніміз – алдағы уақытта өңір тұрғындарын өз жерімізде өсірілетін көкөністер және азық-түлік өнімдерін қамтуға мүмкіндік артады деген сөз. Бердібек Сапарбаевтың ауыл тұрғындарының табысын арттыру мақсатында іске асырылып жатқан пилоттық жобаның аяқсыз қалдырмайтынын айтқаны – көпшілікті тағы бір қуантты.

Тараз қаласы.

Биыл қолдау еріктілермен бірге кәсіпкерлерге де көрсетілмек

Шахназар Жүсіпов, облыстық пікірсайыс одағы «Еркін пікір» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

– Ең бірінші атап көрсететін жайт – биыл облыс әкімінің есеп беру кездесуіне барлық ауданнан 1000-ға жуық тұрғынның қатысқаны. Бұдан бөлек өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың есепті жиынын жамбылдықтар әр ауданның орталықтарында тікелей эфир арқылы тыңдауға мүмкіндік алды. Осындай форматта, жоғары деңгейде өткен есеп беру жиынында азаматтардың өтініш-тілектері ескерусіз қалған жоқ. Жиында өңір басшысына мұң-мұқтажын айта келгендер көп болды. Ал бұл өз кезегінде тұрғындар көтерген біршама маңызды проблемаларды ашық талқылауға мүмкіндік туғызды. Маған жамбылдық жастар атынан сөз сөйлеп, Бердібек Мәшбекұлына сұрақ қоюға мүмкіндік туғанын айта кеткенім жөн. Менің сауалым – 2020 – Волонтерлер жылында ерікті жастарға көрсетілетін қолдаулар жайында. Облыс әкімі еріктілерге байланысты жоспарын айтып, бірқатар іс-шаралар легін таныстырып өтті. Нақтырақ айтсақ, биыл қолдауды тек еріктілер ғана емес, шағын және орта бизнеспен айналысатын азаматтар да айқын сезінетін болады. Дамуды күтетін салалар – тек кәсіпкерлік қана емес, жалпы мемлекеттік мекемелер, білім беру, денсаулық сақтау ісін де қамтып, құқық қорғау органдарының жұмысы жүйелендірілмекші. Жалпы есеп беру жиыны көздеген нәтижесіне жетті деуге болады. Себебі көтерілген мәселелерді шешу жолдары ашық айтылғаны халық арасында оң көзқарас қалыптастырады деп есептеймін.

Жамбыл ауданы.

Өңір тарихын айшықтап, мәдениет ті дамыту ісі жалғасады

Нұрдос Базарқұлов, М.Өзбеков атындағы аудандық Мәдениет үйінің директоры:

– Облыс әкімінің есеп беру жиыны биыл «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешеніндегі Көрме павильонында өтуінің өзі көп нәрсені аңғартады. Біріншіден, осы жиынға арнайы келген әр ауданның тұрғыны былтыр өңірде атқарылған істі көзбен көріп, көңілге түйіп қайтады. Тараз қаласының шынайы тарихи бейнесі айшықтала түскені – шын мәнісінде, жамбылдықтардың рухын көтеретіні анық. Бүгінде Тараз шаһарының келбеті мүлдем өзгеріп, көркейе түскені шындық. Бір ғана «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешеніндегі бой көтерген нысандардың өзі жоспар жүйелі болса, бір жылдың ішінде қыруар тірлік атқаруға болатынын көрсетеді. Тарихымызды қайта жаңғырту – бүгінгі күннің еншісіне жазылған міндет десек, өңірді басқарған азаматтар өздеріне берілген мүмкіндікті толық пайдаланып, оны жүзеге асырып отыр. Өңірдің жаңа басшысы Бердібек Сапарбаев есеп беру жиынында сөйлеген сөзінде мәдениет саласының назардан тыс қалмайтынын айқын жеткізді. Ауылдағы Мәдениет үйлері мен клубтардың жұмысын жандандыру керектігін ескертті. Шындығында, ауылдың келбеті сондағы жалғыз мәдениет ошағының жұмысы арқылы көрінетінін біз ұмытпауымыз қажет. Жастар бос уақытын тиімді өткізіп, өнер үйренсе, онда олар бұзақылық жасамайды. Абайша айтсақ, тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын. Ендеше, біз ауыл мәдениетін көтеру үшін ерінбей еңбек етуге тиіспіз.

Т.Рысқұлов ауданы.