Экономика

Төрт түлікке толады әлі

Төрт түлікке толады әлі

Мойынқұм ауданы туралы әңгіме қозғалса, әуелі көз алдыңа мыңғырған мал келеді. Кешегі кеңес заманындағыдай қара жерді қайыстырған отар-отар қой, табын-табын сиыр, үйір-үйір жылқы, шөл далада маң-маң басқан, мыңғырған ойсыл қара – түйе болмаса да осынау берекелі өңірде мал басы құрып кеткен жоқ. Қайта кеңес заманында мал біткен мемлекеттікі болатын. Жекешеде оншақты тұяқ, бір-екі сауын сиыр, бір мініс ат, ілуде біреуде бір-екі түйеден басқа мың қой айдаған байлар болды ма? Болған жоқ, ол заманда бай дегенің болмайтын. Ал, қазір мал біткеннің бәрі жеке азаматтардікі.

Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Бауыржан Жақсымбетовтің бізге берген мәліметіне қарағанда өңірде биылғы жарты жылдықта 26394 бас мүйізді ірі қара, 164004 бас қой-ешкі, 5792 бас жылқы және 1058 бас түйе бар. «Жыл сайын төрт түлік өсіп жатыр», – дейді ауданның бас аграры. Статистикалық мәліметке жүгінсек, биылғы жарты жылдықта 22929 центнер ет және 25805 центнер сүт өндірілген. Шалғай өңірдің шаруалары мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлықты да көріп жатқанын мына цифрлардан-ақ аңғаруға болады. 2013 жылы «Сыбаға» бағдарламасы аясында «Ауыл шарушылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы арқылы үш шаруа қожалығы 19 миллион 400 мың теңге және облыстық «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы екі шаруа қожалығы 33 миллион 900 мың теңге несие алыпты. Осы қаржыға жеке шаруашылық құрылымдары 299 бас сиыр және 12 қазақтың ақ бас бұқасын сатып алған. Тағы да төрт шаруа қожалығы бағдарлама аясында 12 бас асыл тұқымды бұқа сатып алуға қол жеткізген. – Биыл екі шаруа қожалығының құжаттары «Несие серіктестігі» арқылы қаралып, 40 миллион теңге несие алмақшы. «Сыбағаның» арқасында мүйізді ірі қара малын асылдандыруға ниет еткен жеті шаруа қожалығы 24 бас асыл тұқымды бұқа сатып алды. Бағдарлама шапағатын Мойынқұм, Қылышбай, Бірлік, Биназар, Кеңес, Ұланбел ауылдық округтеріндегі шаруа қожалықтары ерекше сезінуде. Мал шаруашылығын субсидия­лау бойынша былтыр 13 шаруа қожалығына 27 миллион 414 мың теңге субсидия берілсе, биыл 13 миллион 449 мың теңге төленді. Бұған қоса биылғы қазан айына дейін тағы да осы жолмен 48 миллион теңге алу жоспарлануда. Мал шаруашылығын асылдандыру бойынша «Үркер» және «Сұңқар» шаруа қожалықтары қайта тіркеуден өтіп, жылқы шаруашылығы бойынша «Үркер» шаруа қожалғының құжатары дайындалу үстінде, – дейді аудандық ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Б. Жақсымбетов. Облыстық әкімдіктің жақында өткен мәжілісінде «Жамбыл облысында 2011-2015 жылдарға арналған ірі қара мал етінің экспорт­тық әлеуетін дамыту кешенді жоспарының орындалуы туралы» мәселе қаралып, онда Мойынқұм ауданынан 10 мың бас мүйізді ірі қара малын ұстау үшін 27 мың гектар жер берілгені белгілі болды. Міне, өңірдегі қазіргі жыл сайын өсіп, өніп жатқан төрт түлікке осы 10 мың бас ірі қара малын қоссақ, күні ертең-ақ Мойынқұм даласында малдан жер қайысатын болады.

Амангелді ӘБІЛ, «Ақ жол».

Мойынқұм ауданы.