Ардагерлер аламаны басталды
Ардагерлер аламаны басталды
«Тараз – Арена» спорт кешенінде шағын футболдан ардагерлер арасындағы ел біріншілігі басталды. Додаға қырық және елу жастан асқан ардагерлер қатысып жатыр. Қырық жастан жоғары жастағы ардагерлер додасында 10 команда бақ сынаса, елу жастан кейінгілер арасындағы турнирде тоғыз команда топқа түсіп, өзара кім мықты деген сауалға жауап іздеуге кірісті. Ел чемпионатында сынға түсіп жатқан ұжымдар «А» және «В» топтарына бөлініп, ережеге сәйкес алаңда доп тебуде. Еліміздің әр қиырынан келген командалардың ойын өрнегі көз сүйсінтеді. «Бұл додаға шағын футболға аңсары ауған ардагерлерден жасақталған командалар қатысуға ниет білдіріп отыр. Оларды жас шамаларына қарай екі санатқа бөлгенді жөн көрдік. Әзірге алаңға шыққан ардагерлердің аяқ алысы көңіл қуантады. Барлық команда да жүлделі орындардан үмітті. Қай ұжымның қатарластарының алды болып, топ жаратыны баршамызды қызықтырып отырған жайы бар. Қазақстанның әр тарапынан келген ардагер спортшылар алаңда бар күштерін салуда. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер 21 ақпан күні белгілі болады», – дейді ұйымдастырушылар. Командалар белгіленген кестеге сәйкес алғашқы ойындарын өткізіп үлгерді. Жарыстың бірінші күнінде екі санаттағы ардагерлер додасында бірнеше команда өздерінің әлеуетін көрсетті. Олардың қатарында «Достар», «Созақ», «Астана», «Жуалы», «Әулиеата», Қазақмыс», «Жеңіс», «Ақтөбе», «Жетісу», «Намыс» секілді ұжымдар бар. Бізді қуантқаны – ардагерлердің әлі де болса техникалық шеберліктерін жоғалтпағаны. Ел біріншілігінің қорытындысы туралы газетіміздің алдағы сандарында жазатын боламыз.
Табиғат АБАИЛДАЕВ.