- Advertisement -

Наданмен дос болғанша, кітаппен дос бол!

509

- Advertisement -

Бүгінде нені, кімді іздесек те әлеуметтік желіден табамыз. Сол интернет қолданушыларының арасында кітап оқитындар бар ма? Бар болса, қандай кітап оқиды? Көркем әдебиетке құмар оқырмандар көп пе? Қай елдің әдебиеті көбірек сұранысқа ие? Осыны білу үшін әлеуметтік желіде өзім сауалнама жүргіздім. Иә, олар оқиды екен. 61 пайызы шетел әдебиетін, 39 пайызы өзіміздің төл әдебиетімізді. Көпшілігі психологиялық кітаптарға құмар. Детектив жанрын іздеп жүріп оқитындар да бар. Фантастикалық әңгімелерге құмарлары бірен-саран.
Ақпараттық технология күннен-күнге дамыған мына заманда бояу сіңген кітапқа сүзіліп отырғандарды сирек кездестіресің. Көпшілігі электронды нұсқасын оқуды дұрыс көреді. Десе де қажет шығармаңды кітаптан оқығанға не жетсін?! Денсаулыққа да зияны жоқ. Бірақ іздегеніңді кітапханалардан, дүкендерден тез іздеп таба аласың ба? Міне, мәселе осында.
Қазіргі кітап дүкендері оқырмандарына не сыйлай алады? Тараз қаласында мен білетін 3 дүкен бар. Соның бірі – Төле би көшесінің бойындағы «Шерхан» кітап орталығы. Көп кітап алмасам да, сонда жиі барып тұрамын. Әрине, оқимын деген адамға бұл жерде де біраз туынды бар. Дегенмен авторлары «тұрақты». Өзгеріп, жаңармайды. Өзім оқитын автор-ларды өте сирек кездестірем, кейбіреуі мүлдем жоқ. Осыны сатушыдан сұрағанмын.
– Қызым, саған не айтайын? Қазір ешкім кітап сатып алмайды. Оқырман жоқ.
Міне, осылай мұңайды, кітап сатушы апай. Шынымен оқитын оқырман жоқ па? Әлде өздерінің іздеген кітаптарын таппайтын болған соң дүкендерге сирек бас сұғатын болған ба? Баққожа Мұқай, Рақымжан Отарбаев, Тынымбай Нұрмағанбетовтің шығармалары немесе әлем әдебиетінің өкілдерінің қазақша сауатты әрі тартымды аударылған туындылары кейінгі кезде сирек кездессе де, тауып сөреге қойсақ, оқитындар да табылатын шығар?
Өз ойыммен арпалысып келе жатып Әйтеке би көшесінде «Marwin» дүкеніне қалай жеткенімді байқамай қалдым. Кітапханаға кірсең, қанша қызығушылығың болмаса да, мойын бұрмай тұра алмайсың. Ал кітап оқитындар үшін таптырмас орын. «Екінші болма» немесе «Как быть дерзким» деген психологиялық кітаптарға сұраныс көп. Қазақ әдебиеті ұзын сөренің бір бұрышында ғана тұр. Нарық заманында бір-бірінен қалай озсам, оңай байысам дегендерге сондай туындылар қызық.
– Мама, мен іздеп жүрген кітапты осы жерден көргенмін. Алайықшы-а?! Қап, өтіп кетіпті.
Іздегенін таппаған соң ба, жаңа ғана есіктен ентелей асығып кірген жасөспірімнің даусы кәдімгідей пәс шықты. Іздегенін тауып, сонысы қапелімде қолынан сусып шығып кеткендей, өкініп тұр. Амалы құрып, басқа авторларды алып қарай бастаған, кенет бір бұрышта елеусіздеу тұрған Уильям Фолкнердің орысшаға аударылған «Шу мен қаһарын» көріп, айқай салғаны. Сөйтсе, алмақ болып, қоярда-қоймай сүйрелеп келгені сол екен. Шамамен 10-сыныптың оқушысы секілді. Таңдауына қарап, біраз әлем әдебиеті классиктерінің туындыларын оқып үлгергенін байқауға болады.
Қазір тек мемлекеттік тапсырыспен шығатын болған соң, қазақ жазушыларының таңдаулы туындыларын кітапханалардан ғана табасың. Жеке кітап дүкендеріне түспейді. Жекеменшік баспалармен жасасқан келісім-шарт бойынша қайта басылып шыққандарының да таралымы санаулы. Лезде өтіп кетеді.
Барлық нәрсені нарыққа тіредік, енді кітап қалды. Біздің қаламгерлердің де жазған еңбектері оқи білген адамға, психологиялық кеңес те, мотивация да береді.
Алматы қаласында «Қазына» дейтін кітап дүкені бар. Онда тек қана қазақша кітаптар сатылымға шығады. Оқырмандары өте көп. Жақында соларға арнап клуб ашты, апта сайын жиналып кітап талдайды. Кейде ақын-жазушылармен шеберлік сағатын да өткізеді. Ал сол дүкеннің сатушысымен сөйлескенімде, оқырманның көп екенін қуана жеткізді. Тараз қаласында да әлгі кітап орталықтары осылай қызықты шаралар ұйымдастырса, олар да көп оқырманымыз бар дейтін бе еді, кім білсін.
Адам баласының қол жеткізген үлкен жетістігінің бірі – білім іздеу, оқи білу. Сол білім бізге кітаптан келеді. Кітапты асыл қазынамыз дейтініміз де содан.

Арунай НҰРЛАН,
Халықаралық ақпараттық технологиялар
университетінің
1-курс студенті.

Алматы қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support