Саясат

Елдестірмек елшіден...

Елдестірмек елшіден...

ЕЛ БІРЛІГІ – ЕҢ АСЫЛ ҚАСИЕТ «Тату елге тоқшылық пен тыныштық нәсіп» деп дана бабаларымыз өсиет еткендей, татулықтан, тыныштықтан, ел бірлігінен асқан байлық жоқ. Тәуелсіз Қазақ елі өзінің отыз жылға жуық тарихында тыныштықты ту етіп ұстанған мемлекет ретінде қалыптасты. Қасиетті қазақ жеріне қоныстанған түрлі ұлттың өкілдерімен татулықта өмір сүре отырып, ел экономикасы өсіп, халықтар достығы да беки түсуде. Өкінішке қарай, ел ішінде арандатушы топтардың араласуымен кей кездерде орынсыз оқиғалардың бой көрсетіп қалатынын жасыра алмаймыз. Өткен аптаның жұма күні осындай оқиға Қордай ауданында орын алғаны өкінішті жағдай. Әлбетте, жанжал болған жерде айқай-шу, бей-берекетсіздік болатыны түсінікті. Жанжалдан үйлер бүлінді, автокөліктер өртенді. Бұл мәселеге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айрықша назар аудара отырып, полицияның жағдайды реттеп, өз бақылауына алғанын, қоғамдық тәртіпті бұзғандар жауапкершілікке тартылатынын айтты. Сонымен қатар Президент Жамбыл облысындағы жағдайға байланысты мәлімдеме жасап: «Бейбітшілік пен қоғамдық келісім – біздің мемлекетіміздің берік негізі. Халқымыз қиын-қыстау замандарда өзінің біртұтастығын сақтап қалған. Сондықтан біз кейбір азаматтарға, соның ішінде арандатушыларға еліміздің басты құндылығын – ынтымақ-бірлігімізді бұзуға жол бермейміз. Бұл еліміздегі барша азаматтарға ортақ тілек деп санаймын» деп қадап айтты. Ел болған соң саналуан пікірлердің де болатыны түсінікті. Қордай ауданында орын алған қайғылы оқиғаға байланысты желдей ескен неше түрлі пәтуасыз пікірлерді де естіп қалып жатырмыз. Арандатушылардың алыпқашпа әңгімесіне емес, ресми ақпарат көздеріне ден қойғанымыз абзал. Оқиға орнындағы жағдайдың тұрақталғанына шүкіршілік етеміз. Алдағы уақытта мұндай жағдайдың қайталанбауын тілейік. Қалай дегенмен, ел бірлігінің ең асыл қасиет екенін естен шығармайық, ағайын. Жарас МҰРАТАЙ, Жамбыл облысының Құрметті азаматы. Жуалы ауданы.

Жазықсыз жандар жапа шекпесе екен

Қордай ауданында орын алған жағдай біз үшін өте ауыр болды. Жазықсыз жандар көз жұмды. Әрине, бұл жағдай үшін әлдекімді, нақтырақ айтқанда, облыстық Ассамблеяны болмаса дүнген халқын, қазақ халқын кінәлаудан аулақпыз. Тек арандатушылар жағдайды ушықтырып, мәселені қиындатып жіберген секілді. Мен елдің бейбіт күні мен бірлігі үшін Ассамблеяның аянып қалмайтынына бек сенімдімін! Қайта Ассамблеяның арқасында барша ұлт пен ұлыс өзара ынтымақтастықта. Енді біздің ортақ Отанымызда мұндай жайт орын алмаса екен! Татулығымыз бен тұрақтылығымыз мызғымаса екен! Леля УЗДЕНОВА, «Архыз» республикалық қоғамдық бірлестігі «Бірлік – қарашай – балқарлар» облыстық филиалының» жетекшісі. Тараз қаласы.  

Тұрақтылықтан асқан маңызды мәселе жоқ

Біз – Қазақстан Республикасы атты зайырлы мемлекеттің азаматтарымыз. Ата-бабаларымыз секілді біз де ортақ Отанымыздың өсіп-өркендеуі бағытында тер төгудеміз. Мұнда ұлт пен ұлысқа қарамастан, барлығымыздың мүмкіндігіміз тең. Өткен тарихымыз және жақында орын алған жағдай біздің кез келген қиын-қыстау уақытта өтпелі ауыртпашылықтардың бәрін ауызбіршілік пен ынтымақтың арқасында ғана жеңе алатынымызды тағы бір дәлелдеді. Біз қарапайым әрі маңызды шындықты білуіміз тиіс. Ол ақиқат – біздің әрбіріміз ұлтымыз бен сенімімізге, дініміз бен ділімізге қарамастан, Отанымызды сүюіміз қажет. Мұны біз өз балаларымыздың да бойына сіңіруге тиіспіз. Өйткені отбасы айна секілді, одан біз мемлекеттің бейнесін көреміз. Өткен күндер қателігін қайталамас үшін біз күнделікті жетіліп, оқып, білім алып, дамып отырғанымыз жөн. Бастан өткен тәжірибелерді болашақ ұрпағымызға үйретіп, біз жол беріп алған қателіктерімізге олар бой алдырмауы бағытында жұмыс істегеніміз абзал. Иә, айналамызда әділетсіздіктер, қиын жағдайлар болуы мүмкін. Бірақ бұл біздің бірлігімізге, достығымыз бен ауызбіршілігімізге сызат түсірмеуі тиіс. Себебі, Қазақстан халқының бірлігінен асқан маңызды мәселе болуы мүмкін емес. Зайнуддин МАХУСЕЕВ, «Вынхуа» этномәдени бірлестігінің, «Ақ желкен» жастар лигасының төрағасы. Тараз қаласы.

«БАҚ ҚАЙДА БАРАСЫҢ – ЫНТЫМАҚҚА БАРАМЫН»

Қазақ халқында «Бақ, қайда барасың – ынтымаққа барамын» деген тамаша сөз бар. 130-дан астам ұлт өкілдері елімізде тату-тәтті өмір сүруде. Халықтың қалауымен құрылған Ассамблея беделді конституциялық органға айналды. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында қазақ тілінің ұлтаралық қатынас тіліне айналатын уақыт келгенін айтып, этносаралық түсіністік пен достық қарым-қатынастарды нығайту үшін жұмыс жасауымыз керек деген еді. Білімге жүгіну, жаңа идеяларға жол ашу, ұлттық кодты сақтау және Қазақстанның эволюциялық дамуы – міне, осылар жалпыұлттық тарихи сана мен біртекті құндылықтарды қалыптастырудың негіздері. Ауданымызда болған оқиғадан кейін қайта достығымызды берік ұстауымыз қажет. Араңдатушылық – халықтың бірлігін жояды. Біздің ортақ үйіміз – Қазақстан. Ассамблеяның 25 жылдығын бәріміз бірге жоғары деңгейде өткізуіміз керек. Тәуелсіздік алғаннан бері біздің көп ұлтты халқымыз бейбітшілікпен өмір сүріп жатыр, сондықтан мемлекетімізді барынша өркендетуге біркісідей жұмылуға тиіспіз. Шынар САУРЫҚОВА, «Шаңырақ» этномәдени бірлестігінің жетекшісі. Қордай ауданы.

Ұлтына қарамастан мемлекеттік тілді меңгеруі тиіс

Ұлтым – түрік. Мектепте орыс сыныбында оқып, одан кейін Жамбыл жоғары медицина колледжіне оқуға түстім. Онда да орыс тобында оқимын. Бұрын қазақ тілінде тек «сәлем», «жоқ» деген сөздерді ғана білетінмін. Колледжде мен облыстық Ассамблеяның іс-шараларына қатысып жүрдім. Осы жерде «Мәміле» клубы ашылды. Осы клуб менің қатты назарымды аударды, өйткені осы клубта қазақ тілін және салт-дәстүрі мен тарихын үйрендім. Негізі қазақ елінің тарихы өте бай. Ал салт-дәстүрі керемет! Қазақ елінің бір керемет ұлттық ұстанымы бар екен, ол «жеті ата», «қан тазалығын сақтау». Осы мәлімет маған өте қызықты көрінді. Дені сау ұрпақ әкелу жағынан маңызы зор екенін біліп, таң-тамаша болдым. Сондай-ақ, осы бір жыл ішінде толық қазақша сөйлеуді үйрендім. Мен қазақша сөйлей алатыныма қазір өте қуаныштымын. Менің мамандығыма да мемлекеттік тілді меңгере білу өте қажет. Өйткені мен болашақ дәрігермін, алдыма келетін науқастардың барлығы орыс тілін білмеуі де мүмкін ғой. Қазақ тілін үйренгеннен кейін менің айналамда жақсы достар да көбейді. Қазақстанда тұратын әрбір азамат ұлтына қарамастан, мемлекеттік тілді меңгеруді тездетіп қолына алғаны дұрыс деп ойлаймын. Феруза ИБРАГИМОВА, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының белсендісі, облыстық «Ахыска» этномәдени бірлестігінің мүшесі. Тараз қаласы.