Экономика

Аудан шаруалары қолдауға зәру

Аудан шаруалары қолдауға зәру

Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев Меркі ауданында болғанда осыны қатаң ескертті.

Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев тамыз айының соңында Меркі өңірінде болып, ауданның бүгінгі тыныс-тірші­­лігімен танысты. Алдымен Ақтоған ауылында күрделі жөндеуден өтіп жатқан мәдениет үйін, одан соң жаңадан салынып жатқан дәрігерлік амбулаторияны көрді. Аудан әкімі Бақтияр Көпбосынов пен облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев мәдениет ошағына бөлін­ген 72 миллион теңге қаражаттың бүгінгі таңға 60 миллион теңгесінің ғана игерілгенін, әлі 24 миллион теңгеге жаңа қазандықтың салына­тынын тілге тиек етті. Алайда, өңір басшысы шымкенттік мердігерлердің жұмысына көңілі толмай, істеген жұмыстарының сапасыздығын баса айта келіп: – Біз осы үнем дегенді неге ұмытамыз, – деді аудан басшыларының назарын өзіне аударып, – Бақандай 24 миллион теңгені бір қазандық салуға жұмсағанша қуаты жетіп жатса жергілікті мектептің қазандығынан жылу тартса әлдеқайда арзанға түспей ме?  Облыс басшысының орынды ұсынысына ешкім қарсы уәж айта алмады. Өйткені, жобалаушылар  өз қалталарын ойлап, қымбат баға қояды. ал әкім қаржыны үнемдеу үшін неғұрлым арзан құрылыс материалдарын іздеп табу қажет екенін де еске салды.

5

Мәдениет үйіне жапсарласа салынған спорт залға да әжептәуір қаражат шығындалып жатса керек. К. Көкірекбаев: «Осының орнына бір шағын ойын алаңын салса әлдеқайда арзан болар еді ғой» деген де ой қозғады. Жеке кәсіпкер «Тұрсынбеков» фирмасы құрылысшыларының да амбулатория салудағы қимылдары тым сылбыр екені байқалады. Ол да сын тезіне ілікті. Осы құрылыс алаңына арнайы қойылған паннода аудандағы мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің бүлдіршіндерді балабақшамен қамту көрсеткіші ілініпті. Бірақ, ол көрсеткіш көңіл көншітетіндей емес, 32,1 пайызды ғана құрайды. Біз барған күні Андас батыр ауылдық аймағындағы 140 орындық балабақша бітіп, пайдалануға берілуге даяр тұрған болатын. Алайда, оның ашылуы кейінге қалдырылыпты. Ал, 2015 жылға аудан бойынша төрт бала-бақша салу жоспарланып отыр. Мәселен, Сармолдаев ауылында 140 орындық, Жамбыл ауылында 280 орындық, жеміс-жидек ауылында 140 орындық және Меркі ауылының өзінен 150 орындық «Әміржан» жеке меншік балабақшасының іргетасы осы бастан-ақ қалана бастапты. Соған қарағанда жақын болашақта Меркідегі бала бақша кезегінде тұрған балалардың саны аздап болса да кеми түсетін шығар.

К.Көкірекбаев пен орынбасары М. Жолдасбаев Меркі ет комбинаты жанындағы мал бордақылау алаңына келді. «Олжа» шаруа қожалығының жетекшісі Берік Егембердиев мал бордақылауға қойылған әр түрлі жастағы 1500 бас ірі қараны аралап, көрсетті. Асыл тұқымды бұқалардың басым көпшілігі қазақтың ақ бас тұқымды сиырларына жатады. Б.  Егембердиев: – Қожалық 2010 жылы құрылған. Содан бері ірі қара малын семіртіп, өзіміздің ет комбинаты арқылы сойып, тұтынушыларға тиімді бағамен сатып келеміз. Өткен жылы 700 тонна ет өндірдік, ал биылғы жылдың алты айында 500 тонна ет өндіріп, саттық. Көріп отырсыздар, өндірісіміз үлкейіп, қадамымыз ашылып келеді. Ет өндіруді алдағы жылдары 3000 тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндігіміз бар, – деді ол. Облыс басшысы осында өздерінің көрсеткіштерін көрнекі жерге іліп қойған «Нарт» шаруа қожалығының жетекшісі Күміскүл Нартованың, «Талды бұлақ» шаруа қожалығының жетекшісі Мақсұт Несіпбаевтың да соңғы жылдардағы жетістіктерімен жан-жақты танысты. Өйткені, Үкімет азық-түлік қауіпсіздігін ойлап, шаруалар алдына ет пен сүт өндіруді бұрын болып көрмеген деңгейге көтеру туралы міндет қойып отырғаны белгілі. Осы мәселе төңірегінде өңір басшысы қожалық жетекшілерімен тереңірек пікір алысты. Мәселен, «Нарт» шаруа қожалығы жылына 250-300 тоннаға дейін сүт өндіреді екен. Қожалықтағы сауын сиырдың ұзын саны 700-ге жетеді. Табындағы малдың дені қара ала, алатау, ақ бас тұқымды сиыр. Алайда, К.Нартова сүт өндіруді мықтап жолға қою үшін мал азығы қорының жетіспейтінін қынжыла айтты. К.Көкірекбаев:«Неге жағдай жасамайсыздар?» деп аудан басшыларына қайырылды. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы С. Бұтабаев: – 800 гектар тәлімі жер бердік, енді 200 гектар суармалы жер беруді қарастырудамыз, – деді. Өз кезегінде Күміскүл Нартова «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша мемлекеттің бөлген 33 миллион қаржысына құмдағы «Жұмабай» учаскесіне дейін электр желісін тарту жұмыстарының әлі күнге дейін созбалаңға салынып отырғанын айтты. «Талдыбұлақ» қожалығының жетекшісі М. Несіпбаевтың құмда 2864 бас ақ бас тұқымды ірі қара малы бар. Неге екені белгісіз ол былтыр да, биыл да өзі өндірген 350 тонна етті Қордайға өткізген. Малын осы Меркі жерінде семіртеді. Ол мемлекеттен екі жыл қатарымен 20 миллион теңгеден екі мәрте несие алып, субсидияға да қарық болып, «Қазагроқаржыдан» жаңа техника алып отырғанын да жасырмай айтты. – Малайзиялықтармен 50 мың бас ірі қара мал өсіру туралы келісім-шартқа қол қойып, облысымызға көлемді инвестиция тартып отырсыздар. Бұл өте дұрыс мәміле, дегенмен біздің де мал бордақылауға және мол сүт өндіруге деген мүмкіндігіміз бар. Егер осы ақ бас тұқымды сиырларды семіртіп бақса олардың орташа салмағын 500 килограмға дейін жеткізуге болатынын да білеміз. Біздің жігіттер олардың тәулігіне 1 килограмнан салмақ қосатынына да көз жеткізді. Мен «ангус» пен «герафорд» тұқымды бұқаларды айтып отырған жоқпын, қазақтың ақ бас тұқымды сиырларын айтып отырмын. Мен оларды жайып семірту арқылы да толағай табысқа жетіп отырмын, – деді М. Несіпбаев. К. Көкірекбаев қожалық жетекші­лерімен осы тақырып төңірегінде әжептәуір пікір алысты. Өзінің сүт қабылдау орындарын ашу, шағын сүт-тауарлы фермаларын құру жөніндегі тың ойларын да ашып айтты. Ақермен ауылына келгенде облыс басшысының көңілі су сепкендей басылып қалды. Меркі асыл тұқымды қой зауыты акционерлік қоғамының директоры Дүйсеқан Садыровтың: «Мамандарға арнап 6 тұрғын үй салдырдым, сырттан бес маман әкелдім» деген сөзі облыс басшысының көңілін аулай алмады. Өйткені, ол кісі бұл ауылға келердің алдында біраз келеңсіз жәйттарға қаныққан екен. Акционерлік қоғам 26 мың бас биязы жүнді асыл тұқымды Оңтүстік Қазақстан мериносы қойының бес мың басынан айдың –күннің аманында айырылып қалған. Қыс кезінде өлген, ұрланған. Оған біріншіден алыс мал жайылымдарында жылы мал қораларының болмауы, жем-шөптің қажетті қорының жеткізілмеуі себеп болғанын бас зоотехник Әділби Саудабаев та жасырмай айтты. Ықтасынмен малды қыстатып шығуға болмайтынын біле тұра сондай жауапсыздыққа барған Садыровқа облыс басшысы қатты қынжылыс білдірді. Иә, он саусақ бірдей емес қой, сол сияқты аудандағы тірліктер де ойлы-бұдырлы болып ұшыраса берді. Облыс әкімі Интернациональный ауылындағы салынып жатқан 300 орындық жаңа мектеп құрылысын аралап көрген соң бірден «Меркі» ірімшік зауытына келді. Сүт өнімдерінен 50 түрлі дайын тағамдар шығарып жатқан кәсіпорынның айраны мен қаймағын, ірімшігі мен құртын бүгінде Алматы мен Астана, Жамбыл жұрты тегіс алады. Комбинат 7 айда 535 миллион теңгенің өнімін шығарыпты. 90 тонна сары май, 140 тонна ірімшік шығарып, оған биыл тұңғыш рет субсидия алып отырғанын да естідік. Зауыттың сүтті өңдеп шығару қуаты 60 тоннаға жетеқабыл, алайда ол 40 тоннаға жетер-жетпес сүт өңдейді. Демек, зауыттың өнім өңдеп шығару мүмкіндігі толық қуатында пайдаланылмай отыр. Міне, осы және басқа да сүт дайындаудағы пайдаланылмай отырған мүмкіндіктерді облыс әкімі атап-атап айтты. Елмен жұмыс істеу, жұрттан сүт жинау, ол үшін ашылып жатқан сүт қабылдау орындарының көмегін пайдалану туралы құнды пікірлерін ортаға салды. Иә, «Мерке deiri» маркісімен шығып жатқан сүт өнімдерінің сапасы шынында да жоғары. Әйтпесе, «Меркі» ірімшік зауытына жуалылықтар сүтін әкеліп тапсырмас еді ғой. Бізге жақын тұрған көкқайнарлықтар сүтін 300 шақырым жердегі Алматы қаласына өткізеді екен. Облыс басшысы олармен де жұмыс жүргізу керектігін баса айтты. «Сыпатай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жүгері, қызылша алқабы тұсына тігілген шағын палатка ішінде техникалық, бау-бақша дақылдарын өсірумен айналысатын «Сыпатай», «Ақарал», «Жасыл белес» шаруа қожалықтарының соңғы жылдардағы жетістіктері көрнекті жерге ілініпті. Облыс басшысы жер көлемі 50 гектарға дейінгі шағын қожалықтарды ірілендіру туралы тапсырманың бұл шаруашылықта толығымен жүзеге асқанын көріп, риза болып қалды. Серіктестік жетекшісі Қанат Шайхиевтің айтуына қарағанда мұнда 45 қожалықтың басы бір ұжымға бірігіпті. «2006 жылы шаруашылықты қабылдап алғанымда ұжымның 41 миллион қарызы бар еді. Келер жылы-ақ, қарызынан құтылдым. Содан бері суармалы жер көлемін көбейтіп, қант қызылшасы мен жүгері, дәнді дақыл өсіруден облыста алдыңғы қатарда келемін. Биыл Түркиядан құны 16 миллион 348 мың теңге болатын тамшылатып суару қондырғыларын сатып әкелдім. Алдағы жылы ол толық қуатында пайдаланылатын болады. Осы қондырғы бір тәулікте 60 гектар жерді ылғалдандырады. Егер осы алқапты, ескіше жайып суару тәсілімен суаратын болсақ, 15 тәулігімізді жоғалтқан болар едік» дейді қожалық жетекшісі. Облыс әкімі жаңа технологиямен жұмыс істеуге бет бұрған қожалықтың бастамасын қолдап, биылғы құрғақшылықтың біздің дихандарға үлкен сабақ болғанын, келешекте суды тиімді пайдаланудың жолдарын қарастыру керектігін айта келіп: – Қазір ғылым дамыған заман. Суарудың ленталы, тамшылатып суару әдістерін кеңінен қолданып отырған Қытайдың Шыңжан автономиялық аймағының бағбандары бір жылда он миллион тонна алма өндіреді екен. Кеңес өкіметі тұсында біздің елімізде де 180 су қоймасы болған дейді. Мен мына Үсен Қабылбек басқаратын «Жасыл белес» шаруа қожалығының соңғы он төрт жылдағы жетістігіне сүйсініп отырмын. Қазір ол алманың ең өнімді сорттарын өсіріп, оны будандастырып, жылына 100 мың түп көшет сатуға қол жеткізіп отыр. Бұл дегеніңіз 40 гектар интенсивті бақ өсіруге жетеді ғой. Ақаралдықтардың да 65 гектар жерге жүзім отырғызып, жылына 1750 тонна алма жинаймыз деген бастамасы да қолдауға тұрарлық. Осындай өркенді істерді одан әрі қарай дамытуға алдымен ағын су қажет. Ол үшін келешекте Аспара мен Меркі шатқалынан сыйымдылығы 20-50 миллион текшеметр болатын су қоймаларын салу міндеті тұр. Осындай мол су қоры болса оны үнемдеп, жаңағындай озық технологияны қолданып, мол өнім өсіруге әбден болады, – деді К. Көкірекбаев. Облыс әкімі шаруашылықтарды аралап келген соң түс ауа аудан активінің басын қосып, өзінің жұмыс сапарын қорытындылады. «Алкопищепром» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болғанда ондағы консерві цехына қызанақ сияқты бақша өнімдері шикізатының жетпей отырғанын айта келіп, бау-бақша өсірумен мықтап айналысу қажеттігін тілге тиек етті. Сондай-ақ, «Нарт» шаруа қожалығының қора-жайына электр жарығын тарту мәселесі мен ауданның таулы аймағында болған өрттің кесірінен адам өліміне жол берілгендігін айтып, осындағы орман шаруашылығы басшысы мен осыған жауапты аудан әкімінің орынбасары Қ. Смайыловты орнынан тұрғызып, оған қатаң ескертті. Өңір басшысы «Жылыбұлақ-Меркі» серіктестігі кеңсесі тұсында ілулі тұрған билбордтың ұсқыны қашып, тозып кеткенін, аудан орталығы мен базар алаңындағы берекесіздікті көріп, осыған жауап беретін аудан әкімінің орынбасары Т. Рысқұлбековті, Сармолдаев және Меркі ауылдық аймақ әкімдеріне және ішкі саясат бөлімінің басшысына қатаң ескерту жасады. Қай жерде де қатаң тәртіп керек екенін баса ескертті. Иә, ауданда аздаған ілгерілеушілік бар десек те лауазымды басшыларға қойылатын талаптың кемшіндігін аудандық мәслихат хатшысы Ілияс Ахметжанов та, аудан әкімі Бақтияр Көпбосынов та мойындады. Сондықтан өңір басшысы орын алған олқылықтарды түзету, Елбасы алға қойған міндеттерді орындауда салғырттыққа жол бермеуді аудан басшыларына мықтап тапсырды.

Сейсен Қожеке, «Ақ жол».

Меркі ауданы.

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.