Инвестицияны кем дегенде 500 миллиард теңгеге жеткізуіміз керек
Инвестицияны кем дегенде 500 миллиард теңгеге жеткізуіміз керек
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев облыстық Қоғамдық кеңес алдында есеп беру жиынын өткізді. Жиынды аталған кеңес төрағасы Сембек Сейдазимов ашып, жүргізіп отырды. Күн тәртібі мен регламенті бекітілген соң сөз облыс әкіміне берілді. «Шынымды айтсам, есеп беруге құқым да жоқ. Себебі келгеніме 1 апта да болған жоқ. Негізгі атқарылған жұмыстарды баспасөзден, өздеріңіз айтып өткен қоғамдық кеңес отырыстарынан біліп отырсыздар», – деген Бердібек Мәшбекұлы өткен жылы Асқар Мырзахметовтің басқаруымен жақсы жұмыс атқарылғанын атап өтті.– Өткен жылы Асқар Исабекұлының басқаруымен жаман жұмыстар атқарылған жоқ. Оның негізгі дәлелі – облыстың экономикалық даму қарқыны 2018 жылмен салыстырғанда былтыр 105,4 процентті құраған. Ол республикалық көрсеткішпен салыстырғанда жаман емес. Негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің барлығы салыстырмалы түрде жоғары. Соның негізгілері – өндіріс, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлікті дамыту, құрылыс, жұмыссыздар санын азайту, негізсіз бағаны жоғарылатпау жөніндегі жұмыстар. Біздің ендігі негізгі мақсатымыз – аталған қарқынды ары қарай жалғастыру. Өткен аптада болған аппарат мәжілісінде де осы жөнінде айтқан болатынмын. Әрбір салаға талдау жасаған болатынбыз. Біздің қандай мүмкіндіктеріміз бар, соларды толығымен пайдалану үшін қандай бағытта жұмыс істеуіміз керек. Әрине, көрсеткіштер жаман емес, бірақ халықтың табысы, еңбекақысы жөнінде біз республикада ең соңғы орындардың біріндеміз. Қанша дегенмен облыстың потенциалын, мүмкіндігін білеміз. Біздің мақсатымыз – халықпен бірге сол мүмкіндікті пайдаланып, ең негізгісі – халықтың табысын көбейтуіміз керек. Мен бүгін «Қазфосфат» зауытында болдым. Сонда басшысымен бірге біраз аралап, зауыттың келешекте қалай дамитыны, экономикамызға қандай үлес қосатыны жөнінде әңгімелестік. Қанша дегенмен 7 мыңнан астам жерлесіміз сол жерде жұмыс істейді. Өңіріміздің экономикасының 40 проценті осы зауыттың жұмысына байланысты. Оған қосымша басқа да кәсіпорындар толығымен жұмыс істеуі керек. Мемлекеттің қолдауын, мемлекеттік бағдарламаларды дұрыс пайдалануымыз керек. Сіздер жақсы білесіздер, экономика дамуы үшін сол экономикаға инвестиция тартуымыз керек. Ол жөнінде де өткенде айтқан болатынмын. Былтыр 300 миллиард теңгеге жуық инвестиция тартылды. Бірақ ол аз. Қазір өзімізге меже қойып отырмыз. Кем дегенде 500 миллиард теңгеге жеткізуіміз қажет. Ол үшін көрші Ресей мемлекетімен келісілген «Еурохим» зауыты өзінің бірінші кезегін бастауы тиіс. Шудағы салынып жатқан, осы жердегі цемент шығаратын зауыттар, қант зауыты жұмыс істеуі, одан кейін сирек кездесетін металдарды өңдейтін Жаңатастағы зауыт та өзінің мүмкіндігі үдесінен шығу керек.
Бізде негізінен ауыл шаруашылығына тиесілі 4 миллион гектардан астам жеріміз бар. Ең негізгі міндетіміз – сол жерді тиімді пайдалану. Су деген бізде жеткілікті. Сондықтан біріншіден, сол жерді дұрыс пайдалану, екіншіден, пайдаланылмай жатқан бос жерлерді мемлекет меншігіне қайтаруымыз керек. Егер кем дегенде 200 мың гектар жер қайтарылса, онда жаман болмайды. Одан кейін қант қызылшасын өсірудегі көрсеткіш жаман емес. Әрине, зауыттарға байланысты мәселелер бар. Оны қарап, шешуге тырысамыз. Бірақ біз қант қызылшасының егіс көлемін көбейтуіміз қажет. Дәл осындай алмаға, жүгеріге, тағы да басқа егіс түрлерін қазіргі сұранысқа, ауа райымызға, жерімізге байланысты көбейткеніміз дұрыс. Былтырғы басталған мехотрядтарымызды ары қарай жалғастырған жөн. Себебі бізде бұрын салынған су құбырлары, лотоктар жеткілікті, бірақ өкінішке қарай, олардың көбісі жарамсыз болып қалған. Министрлікпен біз келісіп отырмыз, бір сөзбен айтқанда, суармалы жерлердің көлемін ең кем дегенде 200 мың гектарға жеткізуіміз керек. Жалпы Жамбыл өңірі Алматы облысы секілді Қазақстанды көкөніспен қамтамасыз етуі тиіс. Кеше мен базарды аралап көрдім. Пияздан басқа бірде-бір көкөніс өзімізден шығып отырған жоқ. Картоп та, сәбіз де, бәрін басқа жақтан алып келеді. Енді біз картопты Павлодардан алып келсек, онда не болғаны? – деген Бердібек Мәшбекұлы мұнан өзге де бірқатар мәселелерге тоқталды. Келесі кезекте Қоғамдық кеңес мүшелері мен жиынға қатысушылардың ұсыныс-пікірлері тыңдалып, олардың әрқайсысына нақты жауаптар қайтарылып отырды. Бірінші болып еңбек ардагері, Қоғамдық кеңестің мүшесі Қайрат Шотбақов сөз алып, өз ұсынысын ортаға салды. Ол әкім назарына «ТаразЭнергоОрталығының» шетелдік компаниямен бірлескен кәсіпорынды модернизациялау бағытындағы жұмысының тоқтап қалғанын, мүмкіндік болса сол іске көмек беруді өтінді. Тараз қаласы халқының 80 проценттен астамын жылу мен ыстық сумен қамтып отырған мекеменің жұмысы ешкімді бейжай қалдырмауы керектігін айтқан ол кәсіпорын жұмысының жандануы тарифті тұрақты ұстаудың бір тетігі екенін ескертті. Екінші мәселе ретінде қант қызылшасын өсірген шаруалардың әлі де өз қаржыларына қол жеткізе алмай жатқанын, сондықтан мұндай жағдай орын алмауы үшін қант зауыттарының жұмысын реттеуді өтінді. Кеңес мүшесі сондай-ақ «Амангелді газының» мәселесіне де тоқталды. Ол аталған газ кенішінің орнын ұлғайту қажеттігін айтты. Облыс әкімі өз кезегінде аталған үш мәселеге орай өз ойын білдірді. Мысалы өңір басшысы «ТаразЭнергоОрталығын» модернизациялау жұмысын толық қолдайтынын және қажетті көмек көрсетілетінін, ал қант қызылшасы мәселесімен өзінің сол салаға тиісті орынбасары Мұратхан Шүкеев айналысып жатқанын жеткізді. Сондай-ақ Елбасы тапсырмасына сай Алматы мен Жамбыл облыстары елді қантпен жүз процент қамтуы қажеттігін тағы да атап өтті. Сондай-ақ Бердібек Сапарбаев «Амангелді газы» қорын арттыру, оны дамыту шараларын пысықтауды тапсырды. Келесі кезекте Талас аудандық Қоғамдық кеңесінің төрағасы Бектай Ақынбеков Талас өзенінің төменгі жағында орналасқан ауылдардың жаз мезгілдерінде көретін су тапшылығы, жер қорын дұрыс пайдалану жайын қозғап және Қаратау қаласының кіреберісіндегі қаңырап бос тұрған көп қабатты үйлерге қатысты түйткілді де бір жақты шешіп беруді өтінді. Аталған мәселелерге қатысты өз ойын айтқан облыс әкімі оның барлығы назарға алынып, зерделеу жүргізілетіні, соның негізінде тиісті шешім шығарылатынын ескертті. Ал Қоғамдық кеңестің мүшесі Қалыбек Атжан облыстың газ қорына бай бола тұра, жұртшылықтың 48 проценттен астамы ғана «көгілдір отынның» қызығын көріп отырғанын тілге тиек етті. Сондай-ақ қоғам жанашыры Меркі ауданы, Қазақ ауылының су құбырының ескілігін, Тараз қаласына тиесілі «Көктем» және «Арай» тұрғын алқаптарында мектептің жоқтығын айтты. Осыдан 3-4 жыл бұрын мектеп салуға ақша бөлінгенімен, онда ешқандай құрылыстың басталмағанын әкімнің назарына ұсынды. Жуалы аудандық Қоғамдық кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев «Қазпошта» АҚ аудандық филиалының қызметшілерінің айлық жалақысын көтеру, денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің медициналық қызмет көрсету сапасының төмендеуі, сала қызметкерлерінің жалақысы, мектеп оқушыларын ыстық тамақпен қамту мәселелерін көтерді. Өз кезегінде облыс әкімі аталған проблемаларға қатысты жан-жақты мағлұмат беріп, аудандарды аралау кезінде осы мәселелерді арнайы барып тексеретінін ескертті. Қоғамдық кеңестің мүшесі, қоғам белсендісі Исламбек Дастан әлеуметтік желі арқылы жүргізілген сауалнама негізінде жиналған халық пікірін облыс әкімінің назарына ұсынды. Одан өзге де тұрғындар арасында туындап отырған бірқатар мәселелерді атап өткен қоғам белсендісінің сұрағына әкім тиісті жауабын берді. Ал «Днiпро» украин этно-мәдени бірлестігінің жетекшісі Федор Клименконың ұсынысы қазақстандық патриотизмді көтеруге бағытталды. Әсіресе Масаншы мен Сортөбедегі мәселенің туындауы ортақ спорттық және мәдени шаралардың болмауынан екенін ескерткен ол алдағы уақытта бұл мәселеге баса назар аударуды өтінді. Сондай-ақ Қоғамдық кеңес мүшелері, қоғам белсенділері Масат Берік, Әлібек Әмзеев, Заир Юлдашев, Жұманғали Құмғанбаев та түрлі мәселелерді ортаға салды. Олардың қатарында жергілікті биліктің жұмысын ширату, мүгедектерге қамқорлық көрсету, ауылдағы халықтың малын ұрлық пен аң-құстан қорғау, мемлекеттік наградалар, Талас өзенінің жоғарғы жағындағы елді мекендерді су басу қаупінен сейілту сынды тағы басқа проблемалар бар. Жиында көтерілген, айтылған барлық мәселе жіті бақылауда болатынын айтқан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев оларды шешумен қатар, оның туындау себебіне де үңілу қажеттігін атап өтті. Қоғамдық кеңес төрағасы Сембек Сейдазимов жиынды қорытындылап, облыс әкімінің жұмысына сәттілік тіледі.
Маржан Рақай