Қоғам

Өткен күнде белгі бар

Өткен күнде белгі бар

Б.Момышұлы атындағы Жеңіс саябағындағы «Даңқ залына» қанша рет барсаңыз да, бір өзгеше күйге еніп, ерліктің, өрліктің рухын шын сезінесіз. Ауған соғысы ардагерлерімен кездесудің дәл осы залда өтуі де кездейсоқтық емес. Атауының өзі-ақ елін-жерін жаудан қорғаған ерлердің даңқын асырып тұрған залдың қабырғалары – тұнған тарих. Жалпы аумағы 1500 шаршы метрді құрайтын залдың бірінші қабатында 1 миллион 500 мың фотосурет шежірелері топтастырылуы – осы сөзіміздің айғағы. Жауынгерлерге деген құрмет, елдікке үндеген өнеге осы жерден бастау алып тұрғандай. 15 ақпан – Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің Ауған жерінен шығарылған күні. Осыған орай «Даңқ залында» патриоттық іс-шара ұйымдастырған екен. Аталған мекеменің аға ғылыми қызметкері Құрманғазы Демешов жүргізіп отырған кездесуде шақырылған қонақтар – Тараз қалалық «Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дүкенбай Ермеков пен ардагер Әлімбек Қазыбеков жастарға жауынгерлік рух, елдік мәселе туралы әңгімелеп берді. Ән шырқалып, рухты жыр оқылды. Соңынан «Даңқ залы» және «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығының меңгерушісі Сайлаубек Лесбаев қонақтарға ризашылығын білдіріп, жиынды қорытындылады. Он жылға созылып, тарихта жарияланбаған соғыс деген атпен қалған бұл кезең қаншама отбасына қасірет әкелді. Сол жылдары елімізден Ауғанстанға 22 мыңнан астам жауынгер аттанып, оның мыңға жуығы жат жерде көз жұмды. Хабар-ошарсыз жоғалып кеткендері де көп, мүгедек болып оралғандары қаншама.

 

Ардақ Үсейінова

Тараз қаласы.