Мәдениет

Цирк ғимараты қажет

Цирк ғимараты қажет

Облыс әкімдігінің мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы облыстық «Ақ жол» газетінің 2014 жылғы 17 шілдедегі №105 санында тілші Гүлжан Рахманның «Өмір және өркениет» айдарымен жарық көрген «Таразда цирк ғимараты неге жоқ?» атты мақаласына орай төмендегіні хабарлайды. Бүгінгі таңда басқармаға қарасты 14 мәдениет және өнер мекемелері бар. Оның ішінде, облыстық қазақ драма театры мен орыс драма театры бір ғимаратта орналасқан. Облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасында да ғимарат мәселесі жылдан-жылға күн тәртібінен түспей келе жатқан өзекті мәселелердің бірі. Кітапхананың қазіргі орын тепкен ғимаратындағы зағип жандарға рухани қызмет көрсету мүмкіндігі төмен. Талапқа сай келмейтін ғимаратты жалға алып жұмыс істеуде. Аталған мақалаға негіз болған цирк мәселесіне тоқталсақ, «Балауса» цирк тобы – облыстық филармонияның он бір шығармашылық ұжымдарының бірі. Цирк ұжымы жеке ғимараттың немесе арнайы дайындалатын бөлме болмауына байланысты «Баласағұн» орталық концерт залы сахнасының шағын аумағында жаттығады. Шын мәнінде, цирк ұжымы – облысымыздың мақтанышы, халықаралық, республикалық байқаулардың жүлдегерлері. Бүгінгі күні оларға жеке ғимарат салу немесе сатып алуға басқарманың қаржылай мүмкіндігі шектеулі. Алдағы уақытта «Ежелгі Тараз қалашығы» аумағында туристік кластерді дамыту мақсатында түрлі ойын-сауық нысандары бой көтермек. Осындай игілікті іске қаржы көздері қарастырылып, облыс орталығында арнайы цирк ғимараты да бой көтерсе, цирк ұжымы және қала халқы мен қонақтарына да қуаныш сыйлары сөзсіз.

Дүйсенәлі Бықыбаев, облыс әкімдігінің мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысы.