- Advertisement -

«Қазір қазақша таза білем»

72

- Advertisement -

Дейді қазақ келіні Олеся

Татулық пен бірліктен асқан құндылық жоқ. Кең-байтақ Отанымыз осынау баға жетпес байлығымызбен мақтана алады. Шүкір, елімізде 130-дан астам ұлт пен ұлыстың өкілдері тату-тәтті ғұмыр кешіп, алаңсыз білім алып, еңбек етуде. Ауданымыздағы Ақтөбе ауылдық округі көпұлтты аймақтың бірі. Ауылдық округте қазақ, орыс, қырғыз, өзбек, поляк, татар, украин, неміс ұлтының өкілдері тату өмір сүруде. Соған сай көпұлтты отбасылар да бар. Мәселен, Жаңаталап ауылының тұрғыны Марат Алтаев орыс ұлтының қызы Олеся Даниленкомен шаңырақ құрып, бақытқа бөленуде. Бүгінде ауылда үлгілі отбасы атанып, Ерсұлтан, Асылан, Аян есімді үш ұл тәрбиелеп отыр.
Олеся Михайловна Бәйтерек ауылында өмірге келген. Т.Тастандиев атындағы орта мектепті тәмамдап, 19 жасында Марат Задыханұлы екеуі бас қосады. Төрт қыз, екі ұлы бар үлкен қазақ отбасына келін болып түскен орыс қызы алғашында қиналды. Оның үстіне Олеся қара шаңырақта қалып, ата-енесіне қызмет етті.
«Әкем Михайл мен анам Лидия Павловна қарапайым шаруа кісілер. Отбасымда мен және екі ағам болды. Жолдасым Марат екеуміз үш жыл дос болып жүрдік. Сосын отау құруға шешім қабылдадық. Әрине, келін болып түскенде алғашында қатты қиналдым. Қазақшаны да жақсы түсінбейтінмін. Енемнің айтқаны мен үшін заң. Сол кісінің ақылын тыңдап, бәрін үйреніп кеттім. Қазір қазақша таза білем. Қазақ халқының салт-дәстүрлері маған ұнайды. Әрбір салт-дәстүрінің астарында жақсылыққа үндейтін үлкен мән-мағына жатыр. Апамның айтуымен балаларымның үшеуін де бесікке салдым. Бесікте жатқан бала тыныш, таза жатады екен. Басыма жаулығымды тартып, сәлемімді салып, барлық дәстүрді ұстандым. Маған әсіресе қазақ халқының қонақжайлығы қатты ұнайды. Көп туыстарымыздың беташарларында маған келіндерінің қолтығынан сүйетеді. Бұл да мен үшін бір мәртебе. Қазір ұлттық тағамдарды біркісідей дайындай аламын. Жаз бойы айран ұйытып, май пісіп, құрт жасап сатамын. Бауырсақ пісіру, ет асу, тары, талқан, тағы да басқа тағамдарды сүйсініп дайындаймын. Балаларымыздың барлығы қазақ сыныбында оқиды. Екі тілде еркін сөйлей алады.
Асылан мен Аян ұлттық ойындарымызға өте құмар. Асылан көкпар тартады. Ал кішкентаймыз Аян бәйге шапқанды жақсы көреді. Үлкеніміз Ерсұлтан компьютерге жақын. Жолдасым Марат екеуміздің отандасқанымызға 18 жыл болды. Марат Бәйтерек ауылдық Мәдениет үйінде күзетші болып жұмыс істейді. Одан бөлек малымыз, азын-аулақ жеріміз бар. Марат ұлдарын ертіп жерімізге арпа, картоп, күнбағыс егеді. Ал мен «Жаңаталап» балабақшасында тәрбиешінің көмекшісімін. Ұжымымызда қазақ, қырғыз, әзірбайжан, орыс ұлтының өкілдері тату-тәтті еңбек етіп келеміз, – дейді Олеся.
Әрбір отбасындағы және ауылдағы бірлік пен келісім болашаққа деген сенімімізді арттырып, күш-қуатымызды еселейтіні сөзсіз! Ендеше, бейбітшілік пен тұрақтылықтың қадірін түсініп, еңбек етейік!

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
журналист.

Жуалы ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support