- Advertisement -

Елді мекендердің сәулет тік келбеті қандай?

83

- Advertisement -

Жайлылық дегеніміз – ең алдымен, тұрғын үйдің қолжетімділігі, ауланың әдемілігі мен қауіпсіздігі, тіршілікке және жұмысты істеуге қолайлы елді мекеннің сапалы инфрақұрылымның болуы. Осы бағытта қабылданған «Нұрлы жер» және «Нұрлы жол» бағдарламалары бүгінде өңірімізде табысты іске асырылуда. Мемлекет басшысының «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында бұл бағдарламаларға тоқталуы, оның маңызды екенін айқындай түсетіндей.
Жолдаудан туындаған міндеттер мен бағдарламаларды басшылыққа алып, мекеменің негізгі жұмыс жоспары жасалды. Соның бірі – елді мекендердің бас жоспарын жасау. Бұл бағыттағы жұмыстар облыста 2010 жылдан бері тұрақты атқарылып келеді. Бүгінде өңірімізде ірілі-ұсақты 377 елді мекен бар. Жоспарға сәйкес атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 364 елді мекеннің бас жоспары және оңайлатылған сызба жобалары әзірленіп, бекітілді. Қалған 13 елді мекеннің 8-іне оңтайландыру жүргізілді. Оның басты себебі – онда тұратын халықтың саны 50 адамнан аспайды.
Бірақ біз «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Заңының 2-бабын басшылыққа ала отырып, ондағы «халқының есептік саны кемінде 50 адамы бар елді мекен есепке алынады және тіркеледі» деген тармақты басшылыққа алып жұмыс жасаудамыз. Атап айтсақ, Шу ауданында 5 елді мекеннің оңайлатылған сызба жобасын жасау жоспарланды.
Мойынқұм ауданында 4 елді мекенде халық тұрмауына байланысты, елді мекен мәртебесінен шығару туралы облыстық мәслихаттың әкімдікпен бірлескен 26.09.2019 жылғы №38-5 шешіміне сәйкес таратылды. Т.Рысқұлов, Сарысу, Шу аудандарында да 4 елді мекен облыстық мәслихаттың әкімдікпен бірлескен 12.12.2019 жылғы №41-12 шешімімен жақын орналасқан ауылдар құрамына қосылды.
Бұдан бөлек, былтыр 37 елді мекеннің бас жоспары мен оңайлатылған сызбасына түзетулер енгізіліп, 13 елді мекеннің егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы әзірленіп, бекітілген болатын. Бекітілген бас жоспар және егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын іске асыру мақсатында облыс әкімінің бастамасымен Тараз қаласының аумағын дамыту, абаттандыру жұмыстары қолға алынды.
Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың «Қазақстандық-тардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында: «Әрбір өңір мен ірі қала бәсекеге қабілеттіліктің қолда бар басымдықтарын ескеріп, өзіндік орнықты экономикалық өсу және жұмыспен қамту моделіне сүйене отырып дамуға тиіс. Осыған орай, тірек саналатын ауылдардан бастап республикалық маңызы бар қалаларға дейінгі түрлі елді мекендер үшін өңірлік стандарттар жүйесін әзірлеу керек», – деген болатын. Осыған орай бүгінде кейбір шағын қала мен аудан орталығындағы ірі елді мекендердің бас жоспарларына өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, көркею үстінде. Мұндай өзгеріс облыс орталығы – Тараз қаласында да қарқынды жүргізілуде. Атап айтсақ, соңғы жылдары облыс орталығы Тараз қаласының сәулеттік келбеті айтарлықтай жаңартылып, көркейе түсті.
Бұған дәлел, Тараз қаласында 2 аллея, 2 саябақ, 1 сквер, 1 канал жағалауының қайта жаңғырту және абаттандыру жұмыстары жүргізілуі. Сонымен бірге, облыстың 80 жылдығына орай «Көне Тараз» тарихи-этномәдени және «Тектұрмас» этнотарихи мемориалдық кешендерінің құрылысы аяқталып, халықтың игілігіне пайдалануға берілуі – қала сәулетін аша түскен болатын. Бұл қалаға келген қонақтарға ежелгі Тараз өңірінен сыр шертетін көрініс болмақ.
Мұндай жұмыстар сәулеттік келбетті қалыптастыру, қолданыстағыларын жөндеу және абаттандыру іс-шаралары аудан орталықтарында да атқарылуда. Атап айтсақ, Байзақ ауданында «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Сарыкемер ауылындағы А.Суханбаев атындағы саябақ қайта жаңғыртудан өтіп, ескерткіш айналасы абаттандырылды. Сонымен қатар К.Орынқұлов көшесінің бойындағы жарық шамдары LED жарық шамдарына ауыстырылды. Ал Жамбыл ауданында жоба шеңберінде «Жастар» орталығы алдындағы «Жастар» аллеясы, Орталық алаң, Абай көшесі бойындағы 2 көпір жөнделіп, Орталық алаңға асфальт жабыны төселіп, Аса ауылының кіреберісіндегі «Бақыт-Шаттық» алаңы абаттандырылған болатын. Жоба аясында Шу ауданында да көп жұмыстар атқарылды.
Бұдан бөлек, Қордай, Сарысу мен Талас аудандарында да саябақтар мен аллеялар абаттандырылып, ондағы ауылдардың келбеті мен көркі қалпына келтірілді.
Сонымен қатар облыс әкімінің хаттамалық тапсырмасына сәйкес, елді мекендерде жаңа саябақтар, сәулеттік нысандар салу, қоғамдық орындар құру, қолданыстағы саябақтар мен қоғамдық орындарын жөндеу, абаттандыру жұмыстары бойынша, Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Қордай, Меркі, Мойынқұм Т.Рысқұлов, Сарысу, Талас, Шу аудандары әкімдіктері тарапынан эскиздік жобалар әзірленіп, бекітілуде. Биыл аталған эскиздік жобаларға сәйкес, құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп, халық игілігіне пайдалануға берілетін болады.
Бүгінде «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде өңірде көп жұмыстар атқарылуда. Осы бағдарлама аясында республикада 2015 жылдан бастап 2400 шақырым автомобиль жолы салынды және қайта жөнделді. Ал 2020 жылға дейін қосымша 4600 шақырым жол пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Мұның барлығы Елбасымыздың жүргізіп отырған сара саясатының жемісі. Ендігі кезекте Мемлекет басшысының алға қойып отырған міндеттерінің бірі – өңірлік және қалалық инфрақұрылымды жүйелі түрде дамыту. Қазіргі таңда облыс орталығы – Тараз қаласы көшелерінің келбетін заман талабына сай қайта жасақтау үшін жобалау жұмыстары қолға алынды. Атап айтсақ, қаламыздағы Абай, Жамбыл, Төле би даңғылдарына, Сүлейменов, Комратов, Пушкин көшелерін жаңғырту, сондай-ақ Талас өзенінің жағалауынан демалыс орнын ашу жобалары әзірленіп, облыстық бюджеттен қаралған қаржыға жобалау жұмыстары жүргізіліп, бүгінде оң қорытындысын алды.
Мемлекеттік «7-20-25», «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» және басқа да бағдарламалардың басты мақсаты – халқымыздың тұрмыс сапасын жақсарту. Осы жолда еңбек етіп, халықтың сенімін ақтағаннан артық абырой жоқ.
Қорыта айтқанда, басқарманың негізгі міндеті – қала құрылысы қызметінің дамуына талдау жасап, елді мекендердің бекітілген бас жоспарларының жүзеге асуын қадағалау. Облысымызда қала құрылысы регламенттерін сақтау жөніндегі қызметтерді үйлестіру алдағы уақытта да басқарманың негізгі міндеті болып қала бермек.

Дәулет ДОСАНОВ,
облыс әкімдігі сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының міндетін атқарушы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support