Экономика

Қоралары малға, көңілдері қуанышқа толды

Қоралары малға, көңілдері қуанышқа толды

Жаңақоғамда малы жоқтар малды болып жатыр

«Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» қанатқақты жобасына енген Шу ауданындағы Жаңақоғам ауылдық округінде де атқарылған жұмыстар баршылық. Бұл округтегі жобаға қатысатын 493 ауланың іргесіндегі жер телімі 98,6 гектар жер телімін құрайды. Округ әкімі Найла Қондыбаеваның айтуынша, өңірдің қолайлы ауа райында екі ауысымда өнім алуға болады. Жалпы, округ тұрғындары алғашқы айналымда да қияр, қырыққабат ексе, екіншісінде қызанақ көшетін отырғызып, өнім алуды жоспарлаған. Ауданның климаттық жағдайына байланысты қияр 45 пен 60 күн аралығында өнім береді. Осыған сәйкес, әкімдік Алматыдағы «Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен тұқым мен тыңайтқыш алу үшін келісімшартқа отырған. Сондай-ақ бір ауыл тұрғыны 5 сотық жер теліміне жылыжай салу үшін өтінім берген. Оны салу үшін 4 миллион теңге қажет. Жобаның екінші бағыты бойынша тұрғындар мал сатып алуда. Өтінім берген 197 аула 891 миллион теңгеге 6709 бас мал сатып алуды жоспарлаған. Бүгінде 97 тұрғынның өтініші мақұлданған. Соның ішінде 37 азамат 77 миллион 415 мың теңгеге 48 мүйізді ірі қара, 88 жылқы, 642 бас қой сатып алған. Мал алғандардың бірі – Жаңақоғам ауылының тұрғыны Гүлмира Құсайынова. Ол «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамынан 3 миллион 500 мың теңге рәсімдеп, оған 1 жылқы, 4 бас бұзаулы сиыр, 30 қой сатып алыпты. – Бұрын қорамызда мал болмады. Малдан бір рет қол үзіп қалып, басын құрай алмай жүрген едік. Бұрынғы облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасымен округімізде қолға алынған қанатқақты жобаның арқасында бір күнде малды болдық. Енді оның игілігін көріп, жемісін жегіміз келеді. Аузымыз аққа тиіп, балалар қолдың майын жеп жүр. Алда ірімшік, сүзбе, сарымай жасап сату да жоспарымызда бар. Қазір келінім екеуміз сиыр сауып, сүзбе мен сарымай жасаудамыз, – деді ол. Келесі аула тұрғыны Болат Босқынбаев 2 миллион 400 мың теңге несиесіне 5 бас жылқы алыпты. Қаржысының 400 мың теңгесін жемшөбіне жұмсаған шаруа мал басын көбейтіп, жылқы шаруашылығымен айналыспақ ниетте. Болаттың әкесі, ауылдың қадірлі қариясы Ыбырай ақсақал да округте қолға алынған игі бастамадан хабардар екен. «Шалғайда отырған ауыл жұрты үшін бұл үлкен бастама болды. Күнделікті газет оқып, теледидар қараймын. Осы жобаға бастамашы болған басшыларға, оған қолдау білдірген Мемлекет басшысына Жаңақоғам ауылы тұрғындары атынан алғысымды білдіремін. Ендігі жерде ауыл тұрғындары осы жобаның үдесінен шығады деген сенімдемін. Мұндай жақсылықтар көп болсын», – деп аталық ақ батасын берді. Округте «Омар Шу» ауыл шаруашылығы кооперативі лизинг жүйесімен жаңа техника алуда. Жақында ұжым 116 миллион теңгеге 15 техника әкелген. Оның 3-еуі трактор, 1-еуі комбайн, қалғаны ауыл шаруашылығы техникасы. Кооператив төрағасы Төлеухан Жапсарбаевты сөзге тартқан едік. – Кооперативке мүшелікке кіргісі келетіндердің саны артып келеді. Қазірдің өзінде бізге 109 аула ауыл сыртындағы 11 896 гектар егістік жер үлесімен енді. Ол егістік жердің 1501 гектарына арпа, 451 гектар алқабына жоңышқа, 52 гектарға жүгері себуді жоспарлап отырмыз, – деп жоспарымен бөлісті. Қар еріп, жер құрғаса кооператив ауыл сыртындағы жерді игеру үшін көктемгі дала жұмыстарын бастап кетпек ниетте.

Айдарлының айы оңынан туғандай

Ауылдағы ағайынның тұрмыстық табысын жақсартуға бағытталған қанатқақты жоба Мойынқұм ауданындағы Айдарлы ауыл тұрғындарының ынтасын арттырған. Оған іссапар барысында көзіміз жете түсті. Бұл елді мекенде 363 аула болса, оның 95 проценті жобаға қатысқалы отыр. Аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Қалымбетовтің айтуынша, ауыл тұрғындары жобаның екінші бағытына басымдық беріп отырса керек. Несие мекемесіне 127 тұрғын өтінім беріп, кепілдікке үйін қойып, құжаттарын өткізген. Олардың жартысынан астамы «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамынан рәсімдеген несиесіне 537 бас мал сатып алған. Бүгінде несиеге алынған малдың алды төлдеп жатыр. Сүт бағытын таңдаған кәсіпкерлерге қолдау көрсету мақсатында «Айдарлы Агро – 2019» ауыл шаруашылығы кооперативі мұздатқыш танкер мен зауытқа сүт тасымалдайтын арнайы автокөлікке сұраныс та беріп қойыпты. – Бүгінде Айдарлы ауылының айы оңынан туып, Үкіметтің барлық қолдауын сезініп отыр десем артық айтқандығым болмас. Жобаға бұл елді мекеннің таңдап алынуы да бекер емес. Өйткені аудандағы 16 ауылдық округтің ішіндегі жобаға лайығы осы елді мекен болатын. Сонымен қатар айдарлылықтар өзге ауылдық округтерге қарағанда бұл жобаға қатысуға бірінші болып сұранды. Осының барлығын саралай келіп, облыс және аудан басшылығы қанатқақты жобаға енгізген еді. Қазір мүйізді ірі қара басын арттырған ауыл тұрғындары ет және сүт бағытын қатар алып келеді, – деді аудан әкімінің орынбасары. «Айдарлы Агро – 2019» ауыл шаруашылығы кооперативі лизингке 13 ауыл шаруашылығы техникасын алыпты. Сонымен бірге, кооперативке берілген 4 гектар жер телімі қоршалып, ұжым кеңсесі қайта жабдықталып, ауыл шаруашылығы техникалары орналастырылған. Алда ол арадан ет және сүт өңдейтін цех салу жоспарлануда. Ал 2,5 процентпен алған жеке кәсіпкерлердің малы төлдеп, өздерінің мәре-сәре болып жатқанын көріп, қуаныштарының үстінен түстік. Соның бірі – ауыл тұрғыны Талғат Абдраймов. Ол «Мерей» атты жеке кәсіпкерлігін ашып, «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясынан алған 4 миллион 200 мың теңгеге Қордай ауданындағы «Қақпатас» шаруа қожалығынан «Алатау» тұқымды 7 сиыр сатып алыпты. – Қанатқақты жоба ауылымызға үлкен серпіліс әкелді. Қорамыз малға толып, еңсеміз көтеріліп қалды. Әрбірден соң ауылда бос сенделіп жүрген жұмыссыздар шаруаға айналып, өздерін жұмыспен қамтуда. Соның бірі – өзім. Сиыр алғандағы мақсатым да сүт өндіріп, табыс табу. Қорамда сиырым бұзаулап, ерніміз аққа тиді. Әрбір сиырдан күніне 10-15 литр сүт сауып, жеке кәсіпкерлерге өткерудемін. Осының арқасында үйіме табыс кіріп, еңсем көтерілді. Ертеңге деген сенімім оянды. Алда өткізген сүттің әр литріне зауыт 12 теңгеден субсидия төлейтінін біліп жатырмыз. Бұл да бізге үлкен көмек болғалы тұр, – деді ол. Келесі аула тұрғыны Досымбек Қожағұлов 2 миллион 400 мың теңгеге 50 бас қой сатып алыпты. Бұрын Кеңес уақытында 8 жыл қой баққан оған бұл кәсіп таңсық емес. Біраз уақыт малдан қол үзіп қалған ол осы мүмкіндікті пайдалана отырып атакәсіпті қайта жандандырмақ ниетте. Ал Мұқан Мұқашбаев 3 миллион 200 мың теңгеге 7 бас жылқы сатып алыпты. Оның біреуі айғыр, қалғаны бие. Олар құлындаған соң ол бие сауып, қымыз өндірісін қолға алмақ. Бұл округтің орналасқан жері төрт түлікті өсіруге қолайлығымен де ерекшеленеді. Мұнда мал қыста да өз тұяғымен жайылады. Бір сөзбен айтқанда малға жайлы өңір екен. Егіншілерге де жағдай жасалу үстінде. Ауданда құрылған механикалық жасақ бұрыннан қараусыз қалып қойған тоғандардың табанын тазартып, ағын су жеткізу қамында жүр. Енді ондағы халық тек ерінбей тер төксе, қара жер де берекесін төккелі тұр.

Саудакенттіктердің жұмысы жүйелі

Сарысуда қанатқақты жобаға енген Байқадам ауылдық округі Саудакент ауылы тұрғындарының құлшынысы жоғары. Округтегі 984 ауланың 901-і жобаға қатысуға ынта білдірген. Ауыл әкімі Амантай Назарбековтің айтуынша, бірінші бағыты бойынша жобаға қатысатын үй іргесіндегі жер телімі 118 гектарды құрайды. Ауыл тұрғындары бірінші айналымда қызанақ, екінші айналымда қияр екпек. Жалпы, мұнда көкөністі екі ауысымда да егуге болады екен. Сонымен бірге жылыжай салып, лимон көшетін отырғызғысы келетіндер де табылған. Бұдан бөлек, 2 ауыл тұрғыны 18 миллион теңгеге алма көшеттерін отырғызғысы келсе, 4 азамат 55 миллион теңгеге жылыжай салуды жоспарлапты. Олардың құжаттары мақұлданса, жұмыстарын бастамақ. Сондай-ақ ауылдан жеке бизнесін ашуға 5 адам жобасын дайындап, өтініш беріпті. Ол жобаларды жүзеге асыру үшін 27,5 миллион теңге қажет. Жалпы, округтегі аулалардың 761-ында бұрыннан мал болса, өзгелері де жоба арқасында малды болып жатыр. Атап айтсақ, өтінім берген 121 ауыл тұрғыны бүгінде 501 мал сатып алған. Әлі де алу үстінде. Малын толық алғандардың бірі – Алтай Нұрманов. Ол «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамынан рәсімдеген 3 миллион 500 мың теңгеге 5 жылқы сатып алыпты. – Жобаның елге берері көп. Соның арқасында мал саны өсіп, үй іргесіндегі жер телімін тиімді игергелі отырмыз. Мен несиеге алған жылқымды бордақылап, айналымға түсірмекпін. Бізге осындай жағдай жасаған Мемлекет басшысына деген алғысым шексіз, – деді ол. Келесі ауыл тұрғыны Мақышбек Мәуленов 2 миллион 800 мың теңгеге несие алып, 10 бұқа сатып алыпты. Ол да оны бордақылап, айналдырмақ ниетте. «Бордақыланған мал 3-4 айда семіреді. Осылайша оны бір жылда 3 рет семіртуге болады. Бұқа етін қайда сатам деп те бас қатырмайтын болдық. Оны жаңа құрылған «Саудакент – 2019» ауыл шаруашылығы кооперативіне нарық бағасымен өткізетін боламыз», – деді ол. «Саудакент-2019» ауыл шаруашылығы кооперативі мүшелерінің саны жүзге жеткен. Соның ішінде 11 аула ауыл сыртындағы 70 гектар суармалы жерімен еніпті. Кооператив егістік жерлерді «Еврохим» компаниясынан сатып алатын тыңайтқыштармен құнарландыруды жоспарлауда. Сондай-ақ кооператив 114, 6 миллион теңге лизингке 18 ауыл шаруашылығы техникасын алыпты. Көктемгі дала жұмыстары кезінде арпаны – 716, жүгеріні – 33, жоңышқаны – 168, сүрлемдік жүгеріні 44 гектар алқапқа орналастырмақ. Округ әкімдігі несиеге алынған малдың жемшөбіне 2760 гектар шабындық, 6156 гектар жайылымдық жерді де қарастырып қойған.

Тұрғындардың сұранысы толық қанағаттандырылады

Қанатқақты жоба аясындағы жұмыстар Талас ауданының Үшарал ауылдық округінде жандана түскен. Округтегі тұрғындардың әлеуметтік-тұрмысын жақсартуға 778 миллион теңгеге қаралған. Бүгінгі таңда округте тұратын 320 аула жобаға қатысуға ниет білдірген. 178 аула тұрғыны жобаның екінші бағыты бойынша мал алуға өтініш берсе, «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпарациясы» акционерлік қоғамынан 91 адам несие алған. Бұл азаматтар 3 ай көлемінде 1082 бас мал сатып алулары тиіс. Қазіргі таңда 241 жылқы, 189 мүйізді ірі қара, 492 бас қой сатып алынған. Бұдан бөлек, бір тұрғын ауылдан наубайхана ашуға ниет білдірсе, тағы бір азамат жылыжай салмақшы. Бұл азаматтардың да құжаттары «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясында қаралу үстінде екен. Қанатқақты жобаның шарапатын көріп мал алған азаматтың бірі – Кенжебек Оразымбетов. Ол 2 миллион теңге несие рәсімдеп, оған 1 жылқы, 5 сиыр сатып алыпты. Келесі ауыл тұрғыны Рүстем Әлиев 4 миллион 600 мың теңгеге 9 бас жылқы сатып алған. – Өңіріміз малға жайлы мекен болғандықтан да оларды көбейту біздің арманымыз еді. Бұған дейін беріліп келген «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» бағдарламалары мен «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның несиесінің проценті жоғары болды. Сондықтан да ол бағдарламаларға қатыса алмадық. Енді облыс басшылығының бастамасымен аудан тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсартуға бағытталған жоба аясында 2,5 процентпен несие алып жатырмыз. Бұл ең алдымен біз сияқты шаруа адамына тиімді. Әрі десе ауылда жаңа құрылған ауыл шаруашылығы кооперативтеріне бірігіп, үй іргесіндегі және ауыл сыртындағы жерді де тиімді игеруге мүмкіндік туындап отыр. Өзім Қамбар ата түлігін көбейтіп, бие байлап, қымыз өндірсем деген жоспарым бар, – деді ол. Ал ауыл тұрғыны Сағаділлә Жамансары 3 миллион теңге несиесіне 50 бас қой сатып алып, артылғанын жемшөбіне жұмсапты. Бүгінде қойының жартысы төлдеп, қорасында қозы шулайды. Ол келешекте мал басын көбейтіп, ет бағытында жұмыс істемек. Бордақылаған қой етін ауылдағы жаңа құрылған «Талас 2020» ауыл шаруашылығы кооперативіне өткізіп, табыс таппақ ниетте. Бұл ауыл шаруашылығы кооперативі жақында лизингке 16 ауыл шаруашылығы техникасын әкеліпті. Жақын күндері техника қатары бір комбайн, бір «КамАЗ» және екі ауыл шаруашылығы тіркемесімен толықпақ. Сөйтіп 10-15 күннен кейін жер жыртуды бастап кетпек. Үшаралда жұмыс бабымен жүрген аудан әкімі Бақыт Қазанбасовты жолықтырып, сөзге тартқан едік. – Жасыратыны жоқ, бастапқыда тұрғындар арасында күдік басым болды. Дейтұрғанмен бұл қанатқақты жобаның бүгінгі аяқ алысы тұрғындардың күмәнін сейілтті. Атап айтсақ, екінші бағытқа қатысуға өтініш берген азаматтардың қатары тағы да 20 отбасына артып отыр. Қолдағы қаражаттың ыңғайына қарай олардың да сұранысын қанағаттандырамыз деген ойдамыз. Қазіргі таңда егіс егетін алқап дайын. Бірінші және екінші айналым бойынша ауыл ішіндегі жер телімінің 10 гектарына қызанақ пен қияр егу жоспарда бар. Сондай-ақ 28 гектар алқапқа қауын-қарбыз егетін боламыз, – деді ол. Халқымыз «Баталы ел арымас, батасыз ер жарымас» деп текке айтпаған. Шындығында, әр істің баянды болуы жұртшылықтың тілеуіне, пейіліне қарап өлшенетіні бар. Сондықтан да үшаралдықтар ауылда жаңадан құрылған «Талас 2020» ауыл шаруашылығы кооперативі базасында халықты жинап, «Құдайы тамақ» таратып, ауыл ақсақалдарының батасын алды.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ Шу, Мойынқұм, Сарысу және Талас аудандары.

Суреттерді түсірген Ақәділ рысмахан.