Саясат

Тұрғындар тілегі ескерілсе

Тұрғындар тілегі ескерілсе

Аудан әкімінің тұрғындар алдындағы есеп беру кездесуінің қорытындысы өткен жұма күні аудандық Мәдениет үйінде өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев қатысты. Жалпы есептік жиындар барысында 19 ауылдық округ, 41 елді мекен тұрғындарымен жүздескен аудан басшысына жүздеген сұрақтар қойылып, барлығына лайықты жауаптар берілсе, бірқатары бақылауға алынды. Биылғы кездесулер барысында тұрғындарға айтылған жағымды жаңалықтар қатарында ауыл әлеуетін арттыруға бағытталған «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы барысында елді мекендердің еңсесі едәуір көтерілмек. Сонымен қатар аудандағы 12 елді мекенге газ тарту бойынша жобалық-сметалық құжат дайындалып, құжаттары республикаға жолданғаны да жақсы жаңалық болғаны анық. Биылғы кездесулерде болған тағы бір ерекшелік – жиын басталмай тұрып арнайы дайындалған бейнероликтен тұрғындар өткен жылы ауданымызда атқарылған жұмыстар, орын алған елеулі оқиғалар мен жағымды жаңалықтар жайын тамашалады. Сонымен қатар әр округтегі жиынға аудан прокуроры қатысып, жиыннан соң тұрғындарға жеке қабылдаулар жүргізіп отырғаны да қордайлықтардың көңілінен шықты. Жалпы аудан жұртшылығы әкімдік тарапынан атқарылған жұмыстарды алдын ала аудандық басылымнан-ақ оқып, біліп отырғандықтан, қорытынды жиында олар жайлы тағы да айтқаннан, келген тұрғындардың сауалын тыңдауға көп көңіл бөлінді. Қорытынды жиынға келген қауым дәстүрге сәйкес сол кездегі аудан әкімі Болатбек Байтөленің есебін тыңдап, өткен жылғы еселі жұмыстарға құлақ түріп, одан соң жарыссөзге шықты. Алдымен сөз алған аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Біржан Әлімбет соңғы жылдары округтерде орын алған орасан жұмыстар жайын алға тартып, осыдан 3-4 жыл бұрынғы кезеңмен ауылдардың бүгінгі келбетін мүлдем салыстыруға келмейтінін айтты. «Өткен жылдың өзінде аудан бойынша қаншама медициналық мекеме ашылды. Мұндай игілікті істер бұрын-соңды бір уақытта ауданымызда болмаған. Сонымен қатар биылғы жылға жоспарланып отырған жұмыстардың өзі қаншама. Жалпы аудан ардагерлері атынан аудан әкімінің және аудан әкімдігі аппараты, жалпы атқамінер азаматтардың жұмыстарына ризашылығымызды білдіріп, қанағаттанарлық деген оң бағамызды береміз», – деді Б.Әлімбет. Келесі кезекте сөз алған ауыл тұрғыны Есболат Нүсіпбаев бірқатар ұсыныстарын айтып, ол бойынша аудан басшысы жауап берді. Қордай ауданының Құрметті азаматы Төле Сүгірбай қорытынды есепке ризашылығын білдіріп, облыс басшысының ауданымызға деген қамқорлығының ерекше екенін жеткізді. Ал Кенен ауылының тұрғын Амангелді Садыханов жыл қорытындысына жақсы бағасын бере келе, биылғы жылы Кенен ауылында су жүйесін жаңарту қолға алынғалы отырғанын, оған қажетті қаржысы бөлінгенін айта келе, аудан басшылығына ауылдастары атынан алғысын айтып, одан кейін елді мекендерді «көгілдір отынмен» қамту бойынша нендей жұмыстар қолға алынып жатқанын сұрап, түсініктеме беруді өтінді. Аудан әкімі газ жүргізу жұмыстары ауданда кезең-кезеңімен іске асатынын, қазіргі кезде 12 ауылға газ жүргізу үшін жобалық-сметалық құжатқа облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, облыс әкімдігінің энергетика басқармасына жолданғанын, ол тарап оны республикаға табыс еткенін айтып, газдың «ауылы» жақындай түскенін жеткізді. Ендігі жерде республикалық бюджеттен қаржының бөлінуін күту ғана қалған. Кездесу барысында зейнеткер Оразқұл Сейдекеш және Дүйсен Оңгелдиев су мәселесін көтеріп, оның ішінде «ҚазСушардың» аудандық филиалы қызметкерлерінің жұмысына көңілдері толмайтындықтарын айтты. Осы орайда аудан басшысы аймағымыз 80 процентке көрші мемлекетке су бойынша тәуелді екенін айтып, дегенмен су қоймаларын ретке келтіру, кеңейту сынды жұмыстардың қолға алынғаны және биыл суды әр шаруаға тиісті деңгейде жеткізу үшін арнайы комиссия құрылып, барлық мәселені бақылауға алатынын жеткізді. Қордай ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы Әбдібек Сейілханов Панфилов, Төле би және Абылайхан көшелері жөнделсе және жол белгілері ретке келтірілсе деген тілегін айтса, Отар мен Гвардейскийге арнайы көпір салынса деген көпшілік тілегін айта келіпті. Жарыссөз аяқталған соң, жиналған жұрт аудан әкімінің 2019 жылғы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша қорытынды есебіне қанағаттанарлық деген бағасын берді.

Жандос ОМАРОВ, журналист.

Қордай ауданы.