Спорт және туризм

Илья Ильин: «Үшінші олимпиададан үшінші алтынды алатыныма сенімдімін!»

Илья Ильин: «Үшінші олимпиададан үшінші алтынды алатыныма сенімдімін!»

Екі бірдей олимпиада чемпионы, үш дүркін әлем чемпионы, тағы да өзге толып жатқан атақтардың иесі, ауыр атлет Илья Ильинді жұртшылық тегіс таниды. Лондондағы додадан кейін Елбасының алдында «Келесі олимпиадаға қатысу былай тұрсын, 99,9 пайыз алтын медаль алатыныма сенімдімін. Құрметті Президент, менің бұл сөзіме сеніңіз. 0,1 пайыздық кепілдікті жаттығу залына қалдырып отырмын» деп мәлімдеме жасаған Илья енді Бразилиядағы додадан алтын медальмен оралатындығына сенімді екенін сөз етті. Әр түрлі шараларда белсенділік танытып жүрген біздің ауыр атлет республикалық басылымдарға берген сұхбатында: «Мен Бразилиядағы олимпиадаға жәй ғана қатыспаймын. Үшінші алтын медалімді алғым келеді. Сөйтіп, елімнің абыройын әлемде аспандатсам деген арманым бар. Ол арманға жететініме сенімім кәміл» депті. Спорттан бөлек көркем әдебиетке, маркетингке қызығатын Ильин бүгінгі таңда қараша айында Алматы қаласында өтетін әлем біріншілігіне дайындалып жатыр.

Табиғат АБАИЛДАЕВ,

«Ақ жол».