- Advertisement -

Конфессияаралық келісім көкжиектері

83

- Advertisement -

Экстремизм мен терроризмнің алдын алу – айқын мұрат

Мемлекетіміздің тәуелсіздік алып, өсіп-өркендеуінің арқасында елімізде діни наным-сенім бостандығы мен дінаралық татулық қанатын кеңге жайды. Елімізде конфессияаралық келісімнің құнды тәжірибесі қалыптасқан. Бұған 2003 жылдан бері Тұңғыш Президентіміз-Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері де едәуір ықпал етті.
Қазақстан әртүрлі конфессия өкілдері арасындағы достық пен сыйластықтың әрбір мемлекет үшін аса маңызды екендігін күллі әлемге ұғындыра білген ел. Біріккен Ұлттар Ұйымының бұрынғы Бас хатшысы Кофи Аннан кезінде Қазақстанды: «Әлемнің өзге мемлекеттері үшін ұлтаралық келісімнің тұрлаулы әрі тұрақты дамуының үлгісі», – деп бағалаған. Осының өзі конфессияаралық келісімнің өзге елдерге бірден-бір үлгісі болғандығымызды көрсетеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік саясатта сабақтастықты сақтаудың қаншалықты маңызды екенін атап өтіп: «Конфессияаралық келісім – мемлекетіміздің табысты дамуының маңызды факторларының бірі. Біз елімізді мызғымас береке-бірліктің рухына сәйкес өркендетіп, болашаққа нық қадам басып келеміз» деп кезекті жиында діндер мен этностар арасындағы достықтың аса маңызды екендігіне тоқталды.
Өткен жылы елімізде діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бойынша «Жусан» және «Русафа» гуманитарлық операциялары сәтті жүзеге асты. Қазақстан бірінші болып қақтығыс аймақтарындағы азаматтарына қамқорлық танытып, елге қайтарды. БҰҰ экономикалық және әлеуметтік кеңесінің төрағасы Инга Ронда Кинг: «Қазақстан өз азаматтарын эвакуациялағаны туралы фильм бізге үлкен әсер етті. Сіздер өз тәжірибелеріңізді көпшілікке таратуларыңыз керек», – деп «Жусан» операциясына жоғары бағасын берді. Бұдан өзге Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавров: «Бұл өз азаматтары алдындағы міндетін мінсіз орындаған тәуелсіз мемлекеттің батыл қадамы», – деп елімізге ризашылығын білдірді.
Елге жеткізілген азаматтарға Ақтау қаласындағы оңалту орталығында психолог және теолог мамандар көмек көрсетті. Біздің облыстық әкімдіктің «Дін проблемаларын зерттеу орталығының» қызметкерлері де Ақтаудағы оңалту орталығындағы дерадикализация жұмыстарына қатысып, тәжірибе жинақтап қайтты. Облысымызға «Жусан» операциясы бойынша 9 әйел мен 20 жасөспірім оралды. ҰҚК департаментінің қызметкерлерімен бірлесіп, дінтанушы мамандарымыз бұл азаматтармен жоспарға сәйкес жеке кездесіп, мамандандырылған тиісті көмекті тұрақты көрсетіп тұрады.
Өткен жылдың қыркүйек айында облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен «Елдік елге байланысты» атты облысымызда форум ұйымдастырылды. Форумда өңір басшысы жамбылдықтарды бірлік пен ынтымаққа, сабырлық пен қанағатшылдыққа, берекелі өмір сүруге шақырып, көтерілген мәселелер бойынша қатысушылар үндеу қабылдаған болатын. ҚМДБ-ның облыс бойынша өкілдігі осы іс-шараға де қолдау ретінде «Рухани құндылықтар елдікке бастайды» тақырыбында аймақтық форум өткізді. Оған жергілікті имамдар қатысып, мұсылман жамағатына білім алудың, қоғамға пайдалы болудың қаншалықты маңызды екенін түсіндіріп, көпшілікті отансүйгіштікке, ізгілікке, бірлікке, мейірімділікке, еңбекқорлыққа, адамгершілік құндылықтарға үндеді. «Елдік елге байланысты» форумындағы үндеуді түсіндіру бойынша әр аудан мен қалада түсіндіру топтары құрылып, өңірлерде жаназа мен астарда, тойларда ысырапшылыққа салынбау туралы жүргізілген 136 түсіндіру жұмысына 34348 адам қамтылды.
Бүгінде діни толеранттылық – конфессияаралық келісімді орнату қағидаттарының басты тетігі. Терең тарихи-мәдени дәстүрі бар Жамбыл жерінде қазіргі кезеңде қызмет етіп жатқан діни бірлестіктер мен филиалдардың саны – 353-ті құрайды. Олардың арасында, 307 мешіт және 46 шіркеу (8 православтық, 1 католиктік, 37 протестанттық және т.б.) бар. Облысымыздағы барлық мешіттерде бейнебақылау камералары орнатылған.
Бүгінде облысымыздағы шалғайдағы елді мекендерде мешіттер жеткілікті салынған. Сондықтан сауаптың ең үлкені мешіт салу десек тар түсінік болар еді. Хадисте айтылғандай, өзінен кейінгі ұрпақ үшін пайдалы нәрсе – мәселен мектеп, балабақша салу, көпшілік жүретін жол, көпір салу секілді көптеген ізгі амалдарды жатқызуға болады. Енді кәсіпкер азаматтарымызға балабақша, мектеп, көпір, спорт пен балаларға арналған ойын алаңдарын салуға да кеңес береміз. Мұхаммед Пайғамбардың (с.а.у.): «Алла Тағала жетім баққан және оған жақсылық жасалған үйді жақсы көреді», деген бір хадисінде.
Дін істері басқармасының және салалық басқармалардың, қала мен аудан әкімдіктерінің дін саласындағы қызметі біріздендірілген. Былтыр ақпараттық-түсіндіру топтарының мүшелерімен түрлі форматтарда 2170 іс-шара өткізіліп, 119 мыңға жуық адам қамтылды. Олардың құрамында тек дінтанушы-теолог мамандар ғана емес, құзырлы мекеме қызметкерлері мен мешіт имамдары да тартылған.
Басқарманың dini.zhambyl.gov.kz, облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің asyldin.kz сайттарының қызметтері тиімді жүргізілуде. Аталған интернет ресурстарда 2019 жылы 714 мақала мен 3432 жаңалық орналастырылды. Былтыр мамандар 1570 күдікті сілтеме анықталып, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне дінтану сараптамасына жолданды. Сондай-ақ интернет ресурстарда 2968 қарсы насихаттық ақпараттар жарияланды. Бұл жұмыстарға Басқарма мен ҚМДБ өкілдерінен құралған 40 жоғары білімді дінтанушы, теолог мамандарынан тұратын арнайы ақпараттық-түсіндіру топтары құрылып, аталған жұмысқа тартылды. Сондықтан дін саласындағы ақпаратты тек сенімді ресми сайттардан ғана алу керек.
18 конфессия және 3 мыңнан аса діни бірлестіктер мекендейтін Қазақстан қоғамы үшін дінаралық және ұлтаралық татулық өте маңызды. Тәуелсіз елімізде ұлттар мен ұлыстардың бейбіт қатар өмір сүруіне жағдай жасайтын зайырлы құқықтық жүйе қалыптасқан. Әрбір қазақстандық елдегі тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтау өзінің борышы екенін естен шығармауы тиіс. Міне, жоғарыда айтылған жұмыстар шеңберінде облыстық Дін істері басқармасы өз жұмысын жалғастыруда.

Жангелді ОМАРОВ,
облыс әкімдігі дін істері басқармасының басшысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support