- Advertisement -

КӘСІПКЕРЛЕРДІ НЕ АЛАҢДАТАДЫ?

41

- Advertisement -

Тұрмаханбет ҚАЗАҚБАЙ

Облыс кәсіпкерлер палатасының директоры Олжас Қаржауов бизнес-қауымдастығымен есеп беру кездесуін өткізіп, өткен жылы атқарылған жұмыстардың нәтижелеріне және 2020 жылғы атқарылатын міндеттерге қысқаша тоқталды.
Жиынды «Қазфосфат» ЖШС-ның бас директоры, Қазақстанның Еңбек Ері, облыстық мәслихаттың депутаты, Мұқаш Ескендіров Зұлқарнайұлы жүргізіп отырды.
Оның айтуынша 2019 жылы бизнестің құқын қорғау бойынша палатаға 272 жазбаша және 400-ден астам ауызша өтініш түскен. Палата сарапшылары 27 сот талқылауына қатысып, оның ішінде 16 іс бойынша сот кәсіпкерлердің пайдасына шешім шығарған. Сондай-ақ палатаның араласуымен кызметке кедергі келтірген 16 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылған.
Дегенмен кездесу кезінде тараздық кәсіпкер Жанұзақ Бейсеубаевтың қалалық әкімдіктің жекелеген лауазымды тұлғалары түрлі себептермен жұмысына кедергі келтіріп жүргендігін мәлімдеуіне қарағанда кейбір шенеуніктердің әлі де айылдарын жимағаны байқалады. Ж.Бейсеубаевтың осыған орай жазылған арызы палата басшылығының ұйғарымымен жиынға қатысып отырған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары Равил Төлебаевқа табыс етілді.
Жамбыл ауданының «Агро-Шоқай» шаруа қожалығының жетекшісі Сембек Пірімқұлов: «Өткен жылы бақша дақылдарынан мол өнім алдық. Әйтсе де оларды өткеруде туындаған түрлі қиындықтардың салдарынан өнімдеріміз іріп-шіруге айналды. Амалсыздан қазір жарамдыларын малға беріп жатқан жайымыз бар. Өйткені біріншіден бұрынғыдай халық көп келетін орталық алаңдарда жәрмеңкелер өткізілмейтін болды. Екіншіден, шағын аудандарда сатқызбайды, қуады. Үшіншіден, Сәтбаев көшесі маңынан бөлінген коммуналдық базар ауыл шаруашылығы өнімдерін сатуға қолайсыз жерде орналасқан. Әрі ол елеусіз халық бара бермейтін жер. Осыған орай, бақша өнімдері мен басқа да дақылдар піскен кезде неге қаланың халық көп жиналатын жеріне сату ұйымдастырылмайды?», деген талап-тілегін жеткізді.
Өз кезегінде «Көкжиек-2030» ЖШС-ның директоры Әбдіғали Бегімбетов «Даму» қоры мен банктердің несие рәсімдеулері 7-8 айға дейін созылатындығын, соның кесірінен осыдан бір жарым жыл бұрын үлкен шығынға ұшырағанын, осыған байланысты палата тарапынан жәрдем көрсетілуін сұрады. Сонымен қатар келесі мұндай кездесулер мен жиындар мемлекеттік тіл – қазақ тілінде өткізілсін деген ұсыныс жасады. Бұл мәселе көптен бері көпшіліктің көкейінде жүрсе керек, залда ду қол шапалақ соғылды.
Кәсіпкерлер палатасы басшылығының дені қазақтар болғандықтан, алдағы уақыттары осы айтылған мәселені аяқсыз қалдырмайды деп сенеміз.
Сондай-ақ кездесу барысында Байзақ, Талас аудандарының шаруа қожалығының жетекшілері малға жайылымдық жер сұрады.
Осындай және басқа да сұрақтар мен ұсыныстарға байланысты облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Берік Нығмашев айтылған мәселелердің оңтайлы шешімін табу жолдарын қарастыратындықтарын мәлімдеді.
Есеп беруге қатысып отырған облыс әкімінің орынбасары Нұржан Календеров бизнес аясындағы туындайтын түрлі проблемалар мен қиындықтарды шешуде кәсіпкерлер палатасының биліктің сенімді әріптесіне айналғанын тілге тиек етті. Бүгінде аталмыш палатамен бірлесе отырып, қарапайым заттар экономикасына байланысты жобалар сәтті жүргізіліп отырғанына тоқтала келе бизнес-жобаларды қаржыландыру және дамудың басқа да көрсеткіштері бойынша Жамбыл облысының республика бойынша өзге облыстармен салыстырғанда көш басында келе жатқанын айрықша атап өтті.
Жалпы, облыста 18 сүт өңдеу кәсіпорындарының 15-і жұмыс істеп тұрса, олардың жалпы қуаты 98,1 мың тоннаны құрайды. Осы кәсіпорындардың жұмыс істеу қуатын небары 40 проценттен аспайтынын, ет өңдеу және май өндіру салаларында да жағдайдың осыған ұқсас екендігін айтқан палата директоры Олжас Қаржауов: «Біздің осындай жәйттерге байланысты 2020 жылға жоспарымыз – өңдеу саласының проблемалық мәселелеріне талдау жүргізу, қосымша жүк жөнелтуге көмек көрсету, дайын өнімдерді өткеруді ұйымдастыру», – деді.
– Өткен жылы кәсіпкерлер палатасы жеке қосалқы шаруашылықтар үшін ауыл шаруашылығы қызметінің түрлеріне талдау жасап, облыстың климаттық жағдайына сай келетін өнімділігі жоғары бағыттарды іріктеп алды. Жылыжай кешендерін, жеміс-жидек жаңғақ дақылдары тәлімбақтарын, сәндік екпелер мен шағын фермаларды салып, одан әрі оларды лизингке беру үшін 6 гектарды құрайтын «Агроаймақ» жобасына жер телімі сатып алынды. Өткізілген оқыту семинарларының қорытындысы бойынша өнімділігі жоғары дақылдарды өндіріп, көлемін арттыру мақсатында 2019 жылға 83,8 гектар жерге таңқурай өсірілді. Облыста жидекті дақылдарды дамыту мақсатында 2020 жылға 300 гектар алқапқа таңқурай отырғызу жоспарлануда. Бұл өңірде жидек дақылдарының импортын азайтуға мүмкіндік береді, – деп түйіндеді сөзін О.Қаржауов.
Осылайша облыстың 300-ге жуық кәсіпкерлері қатысқан алқалы жиында мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру кезінде туындайтын проблемаларды, жер учаскелерін алу, салық салу мәселелерін, басқа да шешімін күткен сұрақтарын қойып, нақты ұсыныстарын жеткізе білді.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support