ӨСІМ БАР, ТҮЙТКІЛ ДЕ АЗ ЕМЕС
ӨСІМ БАР, ТҮЙТКІЛ ДЕ АЗ ЕМЕС
Аудан әкімі Мәден Мұсаев жергілікті тұрғындардың алдында өткен жылы әлеуметтік-экономикалық бағытта атқарылған жұмыстар бойынша қорытынды есебін берді. Оған облыс әкімінің орынбасары Мұратхан Шүкеев, аудан әкімдігіне қарасты бөлім мен мекеме басшылары және өңірдегі іргелі өндіріс ошақтарының басшылары мен аудан тұрғындары қатысты. Жиында алғашқы болып сөз алған Мәден Тоқтарбайұлы ауданның әр саласында атқарылған жұмыстарға жеке-жеке тоқталып, жеткен жетістіктер мен шешімін күткен мәселелерді кеңінен баяндап берді. – Былтырғы жыл мойынқұмдықтар үшін табысты жыл болды деуге әбден негіз бар. Өткен жылы ауданның өндірістік аймағындағы кәсіпорындар барлығы 68 миллиард 600 миллион теңгенің өнімін өндірді. Бұл 2018 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өнім көлемі 15 миллиардқа артқанын аңғартады. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы саласында да өсім байқалады. Айта кету керек, бүгінде ауданынымызда құрылысы жүріп жатқан екі жолақты Меркі-Бурылбайтал тас жолы да инвестициялық жобаға жатқызылып отыр. Аталмыш жол аймақтағы көлік қатынасын ұлғайтып, аудандағы тауар айналымын жақсартып, шағын және орта бизнестің дамуына айтарлықтай әсер етпек, – деді аудан басшысы. Бұдан бөлек, облыс орталығынан ең шалғай орналасқан аймақта жұмыссыздық деңгейі жыл сайын төмендеуде. Сондай-ақ аудан әкімінің айтуынша, аймақтағы 28 елді мекеннің 14-і орталықтандырылған ауызсумен қамтылыпты. Ал қалған елді мекендерді ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында биыл 302 миллион теңге бөлініп отыр. Сонымен қатар өткен жылы ауданның өндірістік аумағындағы Мирный ауылы мен Бурылбайтал және Қияқты стансаларын ауызсумен қамтамасыз ету нысандарының құрылыс жұмыстары толық аяқталып, қабылданған. Ал үстіміздегі жылы жобалық құны 780 миллион теңгені құрайтын «Қарабөгет-Сарыөзек ауылдарын сумен жабдықтау және су тарату» жобасын қаржыландыруға өтінім беріліпті. Осылайша, шалғайдағы ауылдықтардың ауызсу мәселесі шешіле бастаған сыңайлы. Сондай-ақ Мәден Тоқтарбайұлы былтырғы жылы ауданның білім саласын қаржыландыруға 4,5 миллиард теңге бөлініп, толық игерілгендігін жеткізді. Десе де өткен жылы мұндағы мектеп оқушыларының жылдық білім сапасының көрсеткіші небәрі 68 процентті құраған. 2018-2019 оқу жылындағы ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесі бойынша орташа балл 91,5 құрап, ҰБТ-ға қатысқан 188 түлекті 29-ы шекті деңгейден өтпей қалған. Жоғарыда аталған көрсеткіштерді баяндап берген аудан әкімі М.Мұсаев алдағы атқарылар жұмыстың ауқымы бұдан да үлкен екенін тілге тиек етті. Есепті баяндамадан кейін аудан тұрғындары жарыссөзге шығып, шешімін күткен мәселелерді аудан әкімінің назарына ұсынды. Мысалы, Күшаман ауылдық округінің ақсақалдар алқасының төрағасы Бабақұл Қарсыбеков өткен жылы ағын судың жеткілікті болғанын, тиісінше жүгеріден мол өнім жинағанын айтты. Алайда жинаған өнімін өткеретін жер тапшы көрінеді. Осы мәселеге көмек беруін сұрады. Ал Хантау ауылдық округінің ақсақалдар алқасының төрағасы Жолдасбек Әбдушәкіров елді мекенде мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндердің саны 100-ден асатынын және 50 орындық балабақша қажет екендігін айтты. Сондай-ақ Күшаман ауылының тұрғындары аудан әкімінің назарын ауылдықтарды мазалаған егістік мәселесіне аударды. Айтуларынша, ауыл маңындағы 200 гектар егістік жерді жыңғыл мен сексеуіл басып кеткен. Сол себепті аталған жерді тазалап, оны ауылдықтардың иелігіне беру керектігін жеткізді. Оған қоса, ауылға қырман салу мәселесі де сөз болды. Сонымен қатар аудан іргесіндегі Көкжелек ауылының тұрғындары жайылымдық жерге алаңдаушылық білдіреді. Ауыл ақсақалдарының айтуынша, ағын суды күздің күні жайылымдық жерге жіберу керек екен. Әйтпесе, елді мекендегі жайылымдық жерлер құрғап, жойылып кетуге шақ қалған. Бұдан бөлек, көкжелектіктер үшін ғаламтор мәселесі де мазасыз мүйіске айналған. Өз кезегінде аудан әкімі Мәден Тоқтарбайұлы аудан тұрғындары тарапынан көтерілген барлық мәселелер назарға алынып, рет-ретімен шешілетіндігін жеткізді. Есепті кездесудің соңында облыс әкімінің орынбасары Мұратхан Жүнісәліұлы аймақта атқарылып жатқан істердің ауқымы кең екенін, алайда бірқатар кемшіліктердің де орын алғандығын айтты. Олардың ең негізгісі – құрылыс саласы. Нақтырақ айтқанда, тұрғын үй құрылысын жүргізу жұмыстары өте төмен деңгейде екен. Сонымен бірге аудандағы 22 күл-қоқыс полигонының 21-і қоршалмаған. Міне, осындай түйтілдерді тілге тиек еткен Мұратхан Жүнісәліұлы аудан әкіміне бірқатар салалық жұмыстарды жүйелі жүргізуді тапсырды. Мойынқұм ауданы.