Саясат

Барлығы мемлекет бақылауында

Барлығы мемлекет бақылауында

Президент тапсырмасымен құрылған арнайы Үкіметтік комиссия мүшелері 10-шы ақпан күні таңертеңнен бастап Қаракемер, Масаншы, Сортөбе және Ауқатты ауылдарының тұрғындарымен кездесу өткізді. Тұрғындар тарапынан қойылған барлық сұрақтарға тиянақты жауап берілді. Облыс әкімі Асқар Исабекұлы ешқандай сұрақ, ұсыныс, өтініш ескерусіз қалмайтынын айтып, тікелей қадағалауда болатындығын түсіндірді. Одан бөлек арнайы топ шекара бекетінің жұмысын көрді. Шекара қазіргі кезде қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұр. Еркін қатынауға ешқандай кедергі жоқ. *** Сағат 10:00. Вице-премьер Б.Сапарбаев бастаған үкіметтік комиссия мүшелері жаппай төбелесте қаза тапқан Дархан Әбдірахымның отбасына көңіл айтты. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов жауаптылар заң алдында жазаланатындығын, ал марқұмның отбасына барлық көмек көрсетілетінін айтты. *** Жалпы ақпанның тоғызынан бері 2000-нан аса тұрғын қатысқан кездесулер өтті. Арнайы жұмыс комиссиясы бес ауылдың зиялы қауым, ардагер, ақсақалдарымен кездесті. Жиында облыс әкімі Асқар Исабекұлы осы ауылдардың беделді азаматтарын біріктіріп, ортақ кеңес құру туралы ұсыныс білдірді. *** 10 ақпан. Сағат 13:00. Үкіметтік комиссия мүшелері «Қарасу» шекара бекетіне барып, ондағы жағдаймен танысты. Бүгінде аталған бекеттегі жұмыс қалыпты. Азаматтардың өтуіне ешқандай кедергі жоқ. Көрші елден келушілер үшін барлық жағдай жасалған. Шекара бекетінде облыс әкімі Асқар Мырзахметов тұрғындарға сабырлылық сақтап, арандатулардың ықпалында кетпеу керектігін жеткізді. «Қарасу» шекара бекетінде адамдар жоқ, ал Қырғыз елінен келген адамдар кезегі «Ауқатты» пунктінде пайда болған. Бұлар осыған дейін көршілес республикаға кетіп қалып, енді үйлеріне оралып жатқан қазақстандықтар. Асқар Исабекұлы отандастарымыздан сабырлылық сақтап, арандатулардың ықпалында кетпеуді сұрады. Сондай-ақ аймақ басшысы бұзылған барлық үйлерді қалпына келтірілетінін және отбасыларға көмек көрсетілетінін баса айтты. Бүгінде аталған ауданда мамандар жұмыс істеп, шығындарды бағалауда. Сонымен қатар облыс әкімі Қырғыз Республикасына кетіп қалғандардың елге қайту керектігін баса айтты. Өйткені ауылдарда құқық қорғау органдарының күшінің арқасында тәртіп пен қауіпсіздік орнатылған. Айта кетерлігі, елге оралып жатқан қазақстандықтар шекарадан жеңілдетілген режімде өтіп жатыр. *** 10 ақпан. Сағат 14:00. Қордай ауданында орын алған жағдайға байланысты Сортөбе ауылында брифинг өтті. Онда ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев пен облыс әкімі Асқар Мырзахметов БАҚ өкілдеріне қақтығыс зардаптарын жою бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды, бүгінгі күннің дәл осы сағаты бойынша түскен мәліметтерді баяндап, олардың жолдаған сауалдарына толыққанды жауаптар берді. Б.Сапарбаев қазіргі таңда Қаракемер, Масаншы, Сортөбе, Қарасу, Ауқатты ауылдарының барлық кіріс-шығыстарына блог-посттар қойылып, көшелерде қоғамдық тәртіпті сақтау жұмыстары жүргізіліп жатқандығын жеткізді. Сондай-ақ соңғы тәулік ішінде Қордай, Қарасу, Ауқатты, Сортөбе шекара бақылап-өткізу бекеттерінен 4454 адам ел аумағына қайта оралғандығын айтты. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов қақтығыс салдарынан 36 тұрғын үй мен 11 коммерциялық нысан және 44 автокөлік өртенгендігін тілге тиек етіп, алдын ала жасалған есептеулерге сәйкес келтірілген залал көлемі 1,7 миллиард теңгені құрап отырғандығына назар аудартты. Аймақ басшысының айтуынша, аталған ауылдарда зардап шеккен азаматтармен жұмыс жасау мақсатында арнайы топтар құрылып, мобильді халыққа қызмет көрсету орталықтары ұйымдастырылған. Асқар Исабекұлы бүгінгі таңда көше бойындағы өртенген автокөліктерді, қоқыстарды тазалау жұмыстары жүргізіліп, оған 30 техника мен 125 адам жұмылдырылғанын хабарлады. Сонымен қатар барлық әлеуметтік нысандар, сауда орындары мен дәріханалар қалыпты жұмыс жасауда. Қазіргі уақытта жағдай тұрақталған. Бұған дейін хабарлағанымыздай, ағымдағы жылдың 7-ші ақпан күні Қордай ауданындағы Қаракемер, Масаншы, Бұлар батыр ауылдарында болған қақтығыс нәтижесінде 176 адам ауруханаға жүгініп, 41-і жатқызылса, 10-ы қаза болды. Зардап шеккендерге барлығы 39 дәрігер көмек көрсетіп, қайтыс болғандардың отбасыларына көңіл айту, қолұшын беру шаралары ұйымдастырылған. Үкіметтік комиссия мүшелері вице-премьер Б.Сапарбаев пен облыс басшысы А.Мырзахметов марқұмдардың жерлеу рәсіміне қатысып, ауыл тұрғындарымен кездесулер өткізді. Қақтығыс болған күні төтенше жағдай департаментімен 19 техника, 80 адам жұмылдырылған, ал жағдайды бақылау үшін құқық қорғау органдарының 1968 қызметкері, 130-ға жуық әскери техника жұмылдырылған. Айта кетейік, аймақ басшысы Асқар Исабекұлы оқиға орын алған күннен бастап аталған ауылдарға арнайы барып, жағдайды өз бақылауына алған болатын. Тұрғындармен кездесіп, сабырға шақырып, тараптардың пікірлеріне құлақ түріп жүрген аймақ басшысы барлық қалпына келтіру шаралары сапалы әрі шұғыл атқарылуына көңіл бөлуде. Облыс әкімінің баспасөз қызметі. Қордай ауданы.