Елдестірмек елшіден...
Елдестірмек елшіден...
Дәл қазір көпшіліктің назары Жамбыл облысындағы жағдайға ауып тұр. Өкінішке қарай осы оқиғаның салдарынан адам шығыны болды. Соған байланысты қаза тапқан азаматтардың отбасыларына көңіл айтып, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестігімді білдіремін. Осы келеңсіз жағдайға байланысты Мемлекет басшысы арнайы мәлімдеме жасады. Қазір жағдай құқық қорғау органдарының бақылауында. Президенттің тапсырмасымен оқиғаның ақ-қарасын анықтап, зардабын жою үшін Үкімет комиссиясы құрылды. Оған Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев төрағалық етеді. Комиссия Жамбыл облысының әкімімен бірлесіп, қайтыс болған азаматтарды жерлеу, зардап шеккендерге көмектесу жұмыстарын ұйымдастырады. Мемлекет басшысы Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Бас прокуратураға да нақты тапсырмалар берді. Алдағы уақытта арандатушылар анықталып, заң аясында жауапқа тартылады деп сенеміз. Осы ретте жалған ақпарат таратушылардың да заң алдында жауап беретінін естен шығармауымыз керек. Біз тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап татулық пен тұрақтылықты ту етіп келеміз. Бүгінгі жетістіктеріміздің бәрі соның жемісі екені сөзсіз. Өкінішке қарай арамызда осы береке-бірлігімізге сызат түсіргісі келетіндер бар. Президентіміз халықты оларға ермей, қайта қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін құқық қорғау органдарына көмектесуге шақырды. Мемлекет басшысы жағдайды тұрақтандыру жұмыстарына беделді азаматтардың белсене қатысу керектігін айтты. Шын мәнінде, біз сөзге тоқтаған, ынтымақты жақтаған халықпыз. Сондықтан бұл жолы да мәселенің байыбына барып, ақылмен, сабырмен әрекет етуіміз керек. Мұның елдігіміз бен егемендігімізді нығайту үшін маңызы зор. Мәулен Әшімбаев, ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары. Бейбіт елде ғана береке болады Мемлекетіміздің басты байлығы – елдің татулығы. Бейбіт елде ғана береке болады. Шағын кикілжіңнен қандай жағдайдың орын алатынын кешегі Қордай оқиғасы көрсетіп отыр. Ерегістің соңы үлкен жанжалға ұласты. Адам шығыны болды. Олардың иманы саламат болсын. Біз осындай сәттерде ашуды ақылға жеңдіріп, сабырлық танытқанымыз жөн. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қордайда орын алған оқиғаға байланысты мәлімдеме жасап, қаза болған азаматтардың отбасыларына көңіл айтты. Оларға тиісті көмек көрсетуді тапсырды. Елде заң үстемдігінің сақталатынын қадап айтып, Премьер-Министрдің орынбасары төрағалық ететін Үкімет комиссиясын құрды. Қазақстанның тыныштығы, ең алдымен, ел иесі халқымызға керек. Заңға бағыну – барлық қазақстандықтардың міндеті. Құзырлы органдарға күш көрсетуге ешкімге жол берілмейді. Ұлтаралық қарым-қатынас – өте нәзік дүние. Әп-сәтте бүлдіріп алу оңай. Егер елде татулық болмаса, ең алдымен зардап шегетін – халық. Заңға жүгінген, татулық пен елдікті мұрат еткен Елбасы саясатын ұстанған елміз. Барлық мәселе заң аясында шешілуі тиіс. Баршамыз, ең алдымен, партияластар, осыған ұмтылуымыз керек. Бауыржан Байбек, «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары. Азаматтарымызды ортақ ымыраға шақырамыз Жамбыл облысы Масанчи ауылындағы келеңсіз жағдай бізді де алаңдатып отыр. Мұсылман баласының мәселенің анық-қанығын білместен, дауға араласып, өз бауырына зарар тигізуі дұрыс емес. Азаматтарымызды ортақ ымыраға шақырамыз. Жекелеген адамның өзара келіспеушілігі бұқаралық сипат алып кетпеуі керек деп ойлаймыз. Өйткені ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мұсылман үмбеті жақсы істер үшін ғана жиналатынын өсиет еткен. Пайғамбар жолын ұстанған мұсылман мұндай амалға әсте бармайтыны белгілі. Қадірлі бауырларым, сабырға келулеріңіз жақсылыққа апарады. Байқамастан өзге бауырымызға қиянат жасап қоюдан сақ болғанымыз қайырлы. Алауыздықтан абай болғанымыз абзал. Қоғамдағы тыныштық әрқайсымыздың отбасымыз үшін аса маңызды құндылық екені мәлім. Біздің халқымыз үшін бірлік пен бейбітшілік қашанда басты байлық саналған. Мемлекетіміздің игі бастамалары да еліміздегі бірлікті қамтамасыз етуге, ұлттар мен діндер арасындағы өзара татулықты нығайтуға бағытталған. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы. Бірліктен асқан байлық жоқ Қандастарым менің, жерлестерім, бауырларым, қабырғамыз қайысып, іштен күйініп отырмын. Бұл – өзіміздің ел! Төбелесқұмар емес, жуас ел едік. Жігіттердің шамына тиген әлдебір топтың жетегінде кетіп қалғаны белгілі болып жатыр. Сондықтан азаматтарға, бауырларыма тоқтау айтамын. Елдің, жердің басында отырған халық емеспіз бе? «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді». Жігіттер ақылға салмай, намысқа беріліп кеткен болу керек деп ойлаймын. Мен қазақтың жігіттерін кінәламаймын, шыдамы таусылған тұста шарт кететін қасиет қанымызда бар. Ежелгі бабаларымыз жоңғарлармен соғысты, кешегі аталарымыз фашистермен шайқасты. Әкемізді бердік сол майданға. Бірақ ол – басқа соғыс еді. Ал мынау – ауыл арасындағы төбелес. Алайда резонансы жаман. Көрші елдерге күлкі боламыз, мазаққа айналамыз. Осыларды ескеру керек. Қаны қызып алған адамдар қайдан ескерсін?! Оны да түсіну керек. «Мешкей деген жақсы ат емес». Мына жақтан дүнгендер, мына жақтан ұйғырлар шығады, олар да оңай халық емес. Төбелес шығарып жүрген қаны бұзылған біреулер болуы мүмкін. Қазақтарды кінәлаудан аулақпын, дегенмен ақымақтармен ақымақ болудың жөні жоқ. Бұл – ақымақтық төбелес. Мұндайды қоштамаймын. Түнімен ұйқым қашты, тынышым бұзылды. Менің туған жерімде болып жатқан оқиға болғандықтан айналамдағы кейбір пиғылы бөлек жандар ала көзімен қарайды. «Ана жақта бауырларың не істеп жатыр?» дегендей. Жастар біз секілді қарияларды аясын. Одан да білімге, ғылымға талпынсын. Асанәлі Әшімов, Қазақстанның Еңбек Ері. Қазақтың ынтымақсүйгіш ел екенін көрсетуіміз керек Тәуелсіздік алып, қандай мемлекет екенімізді бүкіл дүниежүзіне танытып жатырмыз. Бәріміз тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз. Жамбыл облысындағы оқиғаны естідім. Ел болғаннан кейін әртүрлі жағдай болады. Біздің бабаларымыз қаншама ғасыр бойы қиыншылықты басынан кешірді. Бабаларымыздың әр уақытта өзінің ұстамдылығымен, сабырлылығымен, даналығымен, ауызбіршілікпен елді ұстап отырғанын ұмытпасақ деймін. Мен отыз жасымда Олимпиада чемпионы болдым. Қанша жыл сабырлылықтың арқасында қиыншылықтарды бастан өткердік. Қазағымның мықтылығының арқасында мен сондай биікке көтерілдім. Сол себепті бәріміз сабырлылық сақтай отырып, осындай кикілжіңді бірге тоқтатып, жастарға үлгі болатындай сөз айтып, қазақтың ынтымақсүйгіш ел екенін көрсетуіміз керек. Өзіміз бүлдіріп жатсақ, кейінгі буынға қандай тәрбие береміз? Барлық қиыншылық жағдайда сабырмен ортақ шешімге келейік. Елім мен жұртым аман болсын. Үлкенді құрметтеп өскен халықпыз. Сондықтан ақсақалдарымызды тыңдап, бір-бірімізге тек жастарға үлгі боларлық іс көрсете білуіміз керек деп ойлаймын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Жақсылық Үшкемпіров, Қазақстанның Еңбек Ері, Мәскеу Олимпиадасының жеңімпазы. Өткенімізге қарап, ақыл тоқтатайық, ағайын! Қадірлі халқым! Жамбыл өңіріндегі жерлестерім! Айқай-шу көбейіп, естуімше ұлтаралық келіспеушілік болып жатқан көрінеді. Айналайындар, біз қазақ деген кең халықпыз. Құшағымыз да кең. Біз өте саналы да ақылды, барлық жағынан – сауда болсын, өнер болсын бейім халықпыз. Кішкене сабыр сақтаңыздар. Ел ішінде бір-екі бұзық болуы мүмкін. Ол бізде де, басқада да бар. Баяғы соғыс кезінде немістерді, шешендерді, қарашайлар мен украиндарды құшағымызға алған елміз. Әкем тіптен екі бөлмелі кішкентай қоржын тамына алты баласымен бірдей Мұхамет деген қарашай азаматын паналатқан. Ал олар қазір қазақ десе жанын береді. Өткенімізге қарап, ақылға тоқтайық. Жұдырық біздікі екен деп, өктемдік жасамай-ақ қояйық, ағайын. Ақылға тоқтаңдар. Дүнгендер — еңбекқор. Баяғыда есімде Жамбыл облысындағы Улановка деген ауылда дүнгеннен Кеңес Одағының Еңбек Ері болды. Жұмыс десе бұлар құлшына кірісетін. Жер тырмалап жылына үш-төрт рет өнім алып жататын. Алматыда дүнгеннен композитор досым бар. Ол кісі қазақ десе ішкен асын жерге қояды. Тату-тәтті өмірімізбен басқа елге үлгіміз. Күнде шу мен айқай болып жатса, мұның арты жақсылыққа апармайды. Ақылға келіңдер, айналайындар. Алтынбек Қоразбаев, Қазақстанның халық әртісі. Жағдай ушықпай, ақылмен шешілсе екен... Қордайдағы болған оқиға қатты алаңдатып жатыр. Қазақ елі данышпан халық, қаншама сырттан келгендерді құшағына алып, бір үзім нанын бөлісіп жеп еді ғой әртүрлі кезеңдерде. Болып жатқан келеңсіз жағдай ушықпай, ақылмен шешілсе екен. Қаншама ұлттың басын біріктіріп «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» отырған дана халқымыздың ұрпақтары істі насырға шаптырмай дұрыс шешер деген үміттеміз. Бағдат СамЕдинова, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі. Халқымызда бірлік болса, елімізді дау да алмайды, жау да алмайды Қордай ауданындағы орын алған жастардың арасындағы келеңсіз жайттар ешкімге абырой әпермейді. Қазір бізге сабырлылық сақтау керек. «Сабыр түбі – сары алтын» деп айтқан қазақ атам. Қазіргі таңда аңдамай сөйлеу, ашу – дұшпан. Жастарға айта алатын кемел ой, парасатты пікір керек. Аузы дуалы, сөзі уәжді ата-әжелеріміз балалары мен немерелерінің ар-ұяттан аттамай, иманды болып өсуін қадағалаған. Бүкіл ізгілік пен жақсылықтың имандылықтан бастау алатынын білген қарттар ұлының ұятты, қызының ибалы болып өсуіне күш салған. Қордай ауданында болған келеңсіз жайттарға байланысты жалған қауесеттерге, арандатушылыққа жол бермеуіміз керек. Бізге ұлтаралық татулық, қоғамдық келісім – ең басты қағида. Әрине, құқық қорғау органдары мұқият тексеріп, кімнің кінәлі екенін анықтар, бірақ бұл келеңсіз жағдай бізге үлкен сабақ болатын болды. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Төле би бабамыз айтқан «Халқымызда береке-бірлік болса, елімізді дау да алмайды, жау да алмайды». Сондықтан да елді береке-бірлікке ырыс-ынтымаққа шақырамыз. Еркінбек Солтыбаев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы.