Бердібек Сапарбаев облыс әкімі болып тағайындалды
Бердібек Сапарбаев облыс әкімі болып тағайындалды
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен кеше кешкілік Жамбыл облысының әкімі болып Бердібек Сапарбаев тағайындалды. Бұған дейін облысты басқарып келген Асқар Исабекұлы Мырзахметов өз өтініші бойынша қызметінен босатылды.
ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Президенттің Жарлығымен, облыстық мәслихаттың келісімімен тағайындалған жаңа әкімді өңір активіне таныстырып, жұмысына сәттілік тіледі. Үкімет басшысы Асқар Исабекұлының аймақтың дамуына қосқан елеулі еңбегін атап өтті. Өз кезегінде сөз алған А.Мырзахметов бұған дейін облыстың дамуының оң динамикасы қалыптасуы жолында жұмыла жұмыс жасаған барша жамбылдықтарға алғысын білдіріп, жемісті жұмыстардың жалғаса беруіне тілектес екенін жеткізді. «Өкінішке орай Қордай ауданында ауыр қайғылы жағдай орын алып, бірнеше азамат қаза болып, жүз жетпістен астам адам жарақаттанды. Бұл тек жамбылдықтар үшін ғана емес барша еліміз үшін оңай тимеді. Осы тұрғыда мен облыс әкімі ретінде жұмысты жалғастыру моральдік тұрғыда ауыр деп есептедім. Сондықтан да Президентке өз еркіммен отставкаға кету туралы өтініш жаздым. Шешімімді қабылдаған Мемлекет басшысына рақмет», – деді А.Мырзахметов. Бұдан соң Б.Сапарбаев өзіне сенім артқан Елбасы мен Мемлекет басшысына алғысын білдіріп, Асқар Исабекұлының іскерлігіне тоқталып, өңірде қолға алынған іргелі істер мен жарқын жобалар жалғаса беретінін айтты. Актив жиынында сөз алған облыстық мәслихаттың хатшысы Б.Қарашолақов, мәслихат депутаттары М. Ескендіров, Е.Саурықов, Тараз қаласы мәслихатының хатшысы Б.Кұлекеев Асқар Исабекұлының өңірдің өркендеуі жолындағы айтулы үлесіне тоқталып, жаңа әкімнің жұмысына сәттілік тіледі. Айта кетейік, Бердібек Мәшбекұлы 1953 жылы 9 ақпанда Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Бесарық ауылында дүниеге келген. Бұған дейін лауазымды қызметтермен қатар, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарында әкім болды. 2007 жылдың тамызынан Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі. 2009-2014 жылдары – Шығыс Қазақстан облысының әкімі. 2014-2015 жылдары – Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары.2015-2019 жылдары – Ақтөбе облысының әкімі. 2019 жылдың ақпан-тамыз айларында Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болды. 2019 жылдың тамыз айынан бастап ҚР Премьер-Министрдің орынбасары қызметін атқарды.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.