Мәдениет

«Ол әр адамнан тереңдік іздейтін»

«Ол әр адамнан тереңдік іздейтін»

Дейді ақынның ұлы Жұлдыз

9 ақпан – ақиық ақын, қазақ поэзиясының мұзбалағы Мұқағали Мақатаевтың туған күні. Әдебиеттің қайталанбас тұлғасы тірі болғанда биыл 89 жасқа келетін еді. Оның артында өлмес өлең, өшпес мұралары қалды. 2019 жылы ақпанда Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Күләш Ахметова апайдың бастамасымен, сол кездегі облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы, қазіргі Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәлиді ұйымдастыруымен Таразда Мұқағалиға арналған «Есіңе мені алғайсың...» атты поззиялық еске алу кеші өткен болатын. Сол кешке ақынның ұлы Жұлдыз бен келіні Бақыткүл келіп, тебіреніп сөз сөйлегені, іс-шараны ақын Қалқаман Сариннің жүргізгені тараздық әдебиетсүйер қауымның есінде. Біз сол кеште Жұлдызбен тілдесіп, әкесінің мұраларын жинастыруда үлкен еңбек жасап, тер төгіп жүргенін білдік. Газетіміздің тілшісі Есет Досалы Жақында Жұлдызбен хабарласып, әкесі жайлы жазған мақаласын алдырған болатын. Сол мақаланы оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Әкем Өлеңдерін сәбиден ары өбектейтін

Өмірден ерте кеткенімен, әкемнің барша оқырман құрметтеген аңыз ақынға айналғанына шүкіршілік етемін. Ол Алматыға өлең үшін келді. Тәнінен тараған бізді жан перзенті үшін үлкен шаһарға алып келді. Асқар тауымды осы күні іздеп, қатты сағынамын. Ол кісінің әкелік мейірімін, перзентіне деген махаббатын аңсап жүретін кездерім болады. ...Олар менің жанымды қайдан білсін, Жасын жырдың жолына құрбан болған... ...Барлығы да, Поэзия, сен үшін!, – деп әкемнің жырлауы бекер емес деп ойлаймын. Ол кісі өзінің жеке бөлмесінде отырып жазатын. Үстелді кеудесіне тіреп отырып алатын еді. Сосын жазып біткесін жайраңдап келіп, анамызға оқып беретін. Оқитын да, «Лашын, қалай болыпты?» деп күлетін. Ең алғашқы төреші – анамыз-тұғын. Әжеміз Нағиман ол өлең жазып отырғанда бізді жолатпайтын. Кейде бізге де ақтарыла сыр айтатын еді. «Өлең құраудың өзі – тұнып тұрған математика. Математика 4 амалға қалай бағынса, өлеңнің де бағынатын өз заңдылықтары бар», дейтін. Әкем күзді айрықша ұнатты. Жапырақ түсіп, жауын құйып тұрған күздің түндерінде қолынан қаламын тастамайтын. «Көктемде сайрандадық, жасардық, жаңғырдық, күз – енді тек жазатын мезгіл» деп әзілдеп қоятын. Әкем өлеңдерін сәбиден ары өбектейтін. Кейбір жазғандарын қайталап оқып, қайта жазып шығатын. Ондайда «бүйтіп жазыппын, былай өзгерттім» деп айтып отыратын. Әр сөзге кірпияз еді. Шамасы, бұл әдет бала жасынан қалыптасса керек. Құрдастары айтады, бала күнінде, ол кез соғыс уақыты, көрші қырғыздарға өлең сатқан деп. Қырғыздар да сөз парқын білетін халық, ерекше от-жалын байқаған-ау. Бір жолы бір өлеңін 25 сомға сатыпты. 25 сом ол кезде едәуір ақша. Сонда шешесіне келіп: «Әй, Нағиман, мен енді өлең жазғанның қандай екенін көрсетем!» – депті. – Бақтырам! – деді бастығым, – Бағасың, – деді, – жетпегір! Сонымен біраз жас күнім, Қысырақ қуып өткен бір, – деп жырлағанындай, бала күнін еске түсіру әкеме өте ауыр тиетін. Кәдімгідей мұңайып қалатын. «Бізде балалық болған жоқ. Соғыс жалмап кетті» дейтін. Содан да шығар, балаларына деген мейірімі тіпті ерекше. Ең үлкеніміз – Майгүлді көшеде мотоцикл қағып кеткенде, қатты қайғырды. Оған арнаған екі-үш өлеңі бар екенін білесіздер. Үйде дастарқан басында отырғанда, анда-санда бізге де өлең шығаратын. Бірде інім Айбарға «жаман қазақ жалпақбас, тамақ десе жан таппас» деп әзілдеді. Біз содан кейін Айбарды «жалпақбас» деп атап жүр едік, оны өзі қойғызды. Мені көбінесе Панфилов-Шевченко көшелерінің қиылысындағы моншаға ертіп апаратын. Үйден шығарда қолыма пышақ беріп, терекке шығарып жіберетін. Мен балауса бұтақтарын қиып түсемін, оны ыстық суға салып біраз жібітіп қоямыз. Соны алып, моншаға кететінбіз. Сабағымызды қатты қадағалайтын. Мені жетелеп апарып, №12 орта мектепке оқытты. Тамырынан ажырамасын деді-ау, сірә. Бұл сол кездегі бірден-бір қазақ мектебі еді. Мен әжеме тәнмін, оның үстіне үйдің үлкенімін. Содан да шығар, менің болашағыма қатты алаңдады. Бір күні мені Шевченко-Аманкелді көшелерінің қиылысындағы ескі ғимаратқа ертіп барды. Сол жерде Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультеті болыпты, өзі сонда жарты жылдай оқыпты, сосын біреумен келіспей қалып, шығып кеткен көрінеді. Маған «сен көп сөзді қой, заңға бар» деді. Мен оқуға түскенде қалай қуанғанын көрсеңіз. Студент кезімде де ақылын айтып жүрді. «Сен кейін кеңседе отырасың, ұқыпты бол. Қағаз-қаламың орнында тұрса, миыңда да тәртіп болады» дейтін. Мектеп бітірген жылы отырыста сәл ұрттап қойғаным бар. Қатты ашуланды, тіпті қолы да тиіп кетті. «Сақтық керек, Жұлдыз. Өмір сенің босбелбеу екеніңді сезсе, екі сөзге келтірмей алып ұрады. Сені жылату оған түк емес», – деді сосын. Кейінірек ұғындым, ол біздің, яғни балаларының өзгеше, өзінікінен мүлде бөлек жолмен жүргенін қалапты ғой. Өзі жасаған қателіктерін бізді қайталамасын дегені ғой.

«Көп нәрсені әжемнен үйрендім» дейтін

Әкем Тиын деген әжесінің тәрбиесінде өскен. Көз көрген қарттардың айтуынша, әжеміз аса қайратты, рухы мықты кісі болған. Әкем ол кісіні аузынан тастамайтын. Сірә, қандай қиындықты да қара нардай қайыспай көтеретіні әжесінен жұқса керек. Бала күнінде асық ойнап жүріп, ұтылып қалса, әжесіне айтады екен. Ол бар асығын қайта әперетін көрінеді. Мен ойлаймын, әкемнің ақындығы ең бірінші – табиғи дарын, сол дарынның дамуына, өсуіне бірінші – туған жері, екінші – осы Тиын әжеміз қатты әсер еткен. Кейін өз шешесі Нағиманды да қатты сыйлап өтті. «Көп нәрсені әжемнен үйрендім» дейтін. Аңғарғыш еді. Ол әр адамнан тереңдік іздейтін. Жан-дүниесі түгел ақтарылып әңгімелескенді ұнататын. Әңгімелескен адамы көңілінен шықпай қалса, кәдімгідей мұңаятын, «таяз екен» дейтін. «Мен адамға бір рет қарағанда, оның ішінде не жатқанын сезе қоямын» дейтін кейде. Сыртынан қарап тұрған адамға оның қалай сөйлесіп тұрғаны бірден аңғарылатын. Жаратпай қалса, «иә-иә» деп тамағын кеней беретін. Әңгімесі жараспайтыны содан белгілі болатын. Жанары отты еді. Кеудесін тік ұстап жүретін. Көшеде келе жатқанда өтіп бара жатқандардың іштей сыйластықпен қарайтынын сезетінмін. Менімен тең құрбысындай әңгімелескен сәттері де болды. «...Көп қателік жіберіппін, амал не, Кешір, ұлым, мойындадым, жарайды!», деп маған арнаған өлең жолдары бар. Анда-санда қателіктерін де мойындайтын. Маған сабақ болсын деген шығар. «Бұл қателіктер маған сыяды, маған жарасады, Жұлдыз. Бірақ сен қайталама, оны көтере алмайсың», – деп қоятын. Әкеме көп жағдайда қолдау көрсетілмеді. Ондай сәттерде анамыз Лашын басу айтатын. «Бәрі дұрыс болады» дейтін. Сәл мұңайып отырып, әкем еңсесін қайта көтеретін. Сондайда бөлмеде ерсілі-қарсылы адымдап: «Әй, мені түсінгісі келген адам өлеңдерімді оқиды. Ничего, қазағым аман болса, мен ешқашан өлмеймін», – дейтін. Әбдімүтәліп дейтін нағашымыз болды. Сол кісіні көбірек тыңдайтын. Ақылына құлақ асатын. Басқалар айтып жатса, қолын бір сілтей салатын. Көзім жеткен бір жағдай, әкем өзінің ұлы адам екенін сол кезде-ақ сезді. Тіпті айтып та жүрді. «Мыналарың бір төбе, мен бір төбе» деп күлетін. Кезінде Димаш Ахметұлына хат жазғанын білесіздер. Сол кісіден жауапты көп күтті. Әттең, жауап келмеді. Әйтпесе әкемнің өмірі сәл басқа арнамен ағатын ба еді... Дантені аударған кезде тіпті демалған жоқ. Содан да шығар, өмірлік арманы Рим қаласын бір көру еді. Әбділдә Тәжібаев ақсақалды қатты сыйлады. Өзінің Алматыға келуіне бірден-бір себепкер сол кісі болған соң да шығар...

Жақсылық жасағанды жаны сүйетін

Жақсылық жасағанды жаны сүйетін. Бірде екеуміз көшеде келе жатып, келіншегіне дөңайбат көрсетіп, кіжініп тұрған жігітті көріп қалдық. Әкем шыдап тұра алмады. Жігітті көкірегіне қысып, көтерген күйі терекке тақап алды да, «Неге ренжітесің? Ескертіп айтсаң болмайтын ба еді?» деп қатты жекіді. Анау да жігіт-ақ екен, қателігін мойындады.Тағы бірде үйге бейтаныс екі жігіт іздеп келді. Түрмеден шыққан беттері екен. Әкеме алғыс айтып, ризашылық білдірді. Сөйтсе, олар түрмеде жатып, әкемнің өлеңдерін оқыпты. Сосын хат жазыпты. Әкем оларға жауап жазса керек. Олардың іздеп келгеніне әкем кәдімгідей риза болып қалды. Жастармен көп жүретін. Үйге де ертіп келетін. Олармен поэзия жайлы сөйлескенді ұнататын. Ол өзінің өлетінін сезді. «...Ұйықтап кетсем болғаны төсегімде, Қырықтың бесеуінде», – деген өлең жолдарын білесіздер. Ауруханадан дәрігерлер «мүлдем үміт жоқ» деп шығарып жібергенде, Комсомол-Космонавт көшелерінің қиылысындағы аялдамада ұзақ отырды. Көзін бір нүктеге қадап алып, үнсіз отырды. Сосын үйде бір күн ғана болды. Ертеңіне қайта әкетті. ... Әкем өмірден қайтқан күні жаңбыр құйып тұрды. Сонда табиғаттың өзі жылап тұрғандай көрінген маған. Кеңшілік ағамен қатты араласатын. Басуды да сол айтты. «Мына шуылдақтардың бәрі кетеді. Сенің әкең мәңгілік. Босама», – деді. Иә, ол біз көре алмайтын, сезе алмайтын, біле алмайтын әлдебір тылсым күштен өзіне демеу алып тұрған тәрізді еді. Оның өмірі – өлеңдері. Әкем жайлы естеліктерді бізге тек өлеңдері ғана айта алады. Ал оның басынан өткені мен көргенін өзім қағазға түсіре берсем деп жүрмін. Бұл ақынның оқырмандары үшін керек, болашаққа керек!

Жұлдыз Мұқағалиұлы.

Алматы қаласы.