- Advertisement -

Ұлы дала ұлағаты мол

82

- Advertisement -

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық және «Ұлы Даланың жеті қыры» мақалаларының ұлттық құндылықтарымыздың кең өріс алуына, сол арқылы елдің рухани дамуына тигізер ықпалы ерекше. Оның Қазақстан халқын біріктіретін қуаты бар. Осы арқылы біз өскелең ұрпаққа тарихқа құрметпен қарауға және зерделеуге, өткеннен сабақ үйренуге шақыра аламыз.
Алдымен жастарды бастамашылдыққа шақырып, олардың белсенділігін арттыруымыз қажет. Мәселен, біз басқарма тарапынан бағдарламалық мақаладағы белгіленген міндеттерді орындау үшін жастар арасында «Үздік сценарийлер» байқауын ұйымдастырдық. Алдыңғы толқын бір мезгіл өмірге кейінгі буынның көзқарасымен қарап үйренуіміз керек. Өйткені олар – ел болашағы. Бүгінгі жас қазіргі заманауи таным-түсініктің иесі.
Байқауда өтінім берген 15 үміткердің сценарийлеріне сараптау жұмыстары жүргізіліп, үздік деп танылған сценарийлер желісімен «Қызғалдақтар», «Туған жер», «Абсент» қысқа метражды фильмдерін түсіру жұмыстары жүргізілуде. Өткен жылы облыстық «Кино орталығы» түсірген «Сағым» атты толықметражды көркем фильмінің тұсаукесері өткізіліп, Астана-парк кинотеатрында бір апталық көрсетілім ұйымдастырылды. Оны екі мыңға жуық көрермен тамашалады.
Жалпы, Елбасының қос мақаласы мәдениет саласына үлкен серпіліс әкелді десек, артық айтқандық емес. Соның арқасында мәдени ошақтар өз жұмыстарын жаңа талаптарға сай, өткеннің бай тәжірибесін бүгінгі заманауи технологиялардың көмегімен тиімді жүргізе бастады. Нәтижесі де жоқ емес. Мысалы Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Рухани қазына» ІІ республикалық фестивалінде Талас аудандық орталықтандырылған кітапханасы «Үздік аудандық маңызы бар кітапхана» аталымын жеңіп алып, 1 000 000 теңгенің сертификатын иеленді. Сөйтіп, таластық кітапханашылар өңір мәдениетінің жетістігін еселеп отыр.
Жамбылдық тұрғындар үшін «Ұлы Дала хикаялары» атты Қазақстанның заманауи көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласында атап көрсетілген «Атқа міну мәдениеті», «Ұлы даладағы ежелгі металлургия», «Алтын адам», «Түркі әлемінің бесігі», «Ұлы Жібек жолы», «Қазақстан – алма мен қызғалдақтың отаны» тарауларындағы Қазақ халқының ұлттық тарихынан орын алатын дүниелер туралы сыр шертетін туындылары қойылды. Облыстық қазақ драма театрының фойесінде жасақталған ерекше көрмеде дәстүрлі техникалармен орындалған мүсін, кескіндеме, графикалармен қатар, жаңа жанр-инсталляция, объект, перформанс, видео және медиа-арт бағыттары да кеңінен қамтылған. Онда Алмагүл Меңлібаева, Сәуле Сүлейменова, Рашид Нүрекеев, Асхат Ахмедьяров сынды 10-нан астам белгілі суретшілердің туындылары қойылды.
Көрмені 5 мыңнан астам мектеп оқушылары, 1 мыңнан астам тұрғын тамашалады. Оның ішінде Санкт-Петербург, Шымкент, Алматы, Қызылорда қалаларынан келген қонақтарымыз да бар. Келушілер легіне ұйымдастырушылар тарапынан естелік кітап пен экспозициялар жайлы түсініктеме буклет сыйға тартылды.
Өңірімізде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі көрмесі ұйымдастырылды. Көрме барысында кездесулер, «Елбасының тарихи миссиясы: жаһандық әлемдегі қауіпсіздік пен тұрақтылық» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы, кітапхана, архив, музей саласының мамандарына арналған «Елбасы кітапханасынң ақпараттық ресурстары», «Музей саласындағы ақпараттандыру» тақырыптарында ғылыми-практикалық семинарлар, Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары мен оқытушыларына арналған «Елбасы Н.Ә.Назарбаев: өмірбаяны мен жасампаз идеялары» атты семинар-тренинг, «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласын талқылау бойынша ғылыми-әдістемелік семинар ұйымдастырылды. Осы көрмені арнайы айдар ашып, тұрақты насихаттаған облыстық «Aq jol» газетіне алғысымыз шексіз.
«Ұлттық бірегейлікті сақтау» бағыты аясында отбасылық құндылықтар мен дәстүрлерді насихаттау, мүмкіндігі шектеулі отбасыларға қолдау көрсету, шығармашылық қабілеттерін ашуға мүмкіндік беру мақсатында көзі көрмейтін және әлсіз көретін отбасылар арасында «Үлгілі отбасы – мәңгілік елдің тірегі» облыстық отбасылық сайыс өтті. Сайысқа 7 отбасы қатысып, өнерлерін көрсетсе, олардың барлығы да сый-сияпатқа ие болды.
«Қазақстанның сакралды географиясы» арнайы жобасы негізінде Әулиеатаның қасиетті жерлерінің тізіміне енген нысандарды насихаттау бойынша «Әулиеатаның қасиетті орындары» атты кітап-альбом және картасы баспадан шығып, «Қасиетті Тараз» сайты қолданысқа енгізілді. 53 қасиетті орынның 3Д моделі жасалды. «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» арнайы жобасын ақпараттандыру бойынша медиа-жоспар да бар.
Біз туризм басқармасымен бірлесіп «Тараздың өткені мен болашағы түйіскен қаласы» атты 2 бағыттағы экскурсия өткіздік («Айша бибі», «Бабаджа хатун», «Тектұрмас», «Қарахан» кесенелері «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығы, «Қали Жүніс» моншасы, «Ерте Ислам дәуірі мешіті және оған қосалқы салынған Керуен сарайы», «Ақыртас» сарай кешені). Топ құрамында отбасылық жағдайы төмен, көп балалы аналар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен зейнеткерлер қатысты. Облыс аумағында орналасқан «Ақмола» мазары, «Түймекент» қалашығы, Қали Жүніс моншасы, Ерте ислам дәуірі, Абдолла Ишан мешіттері мен Қостөбе – Жамұқат (Джамукат) қаласы, «Айша бибі», Шоқай датқа кесенелері туралы «Faceboоk» әлеуметтік парақшасында ақпараттар мен видеороликтер жарияланды. «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» тізіміне енген нысандардың фотосуреттері мен аңыз әңгімелері жинақталған таратпа материалдар да шығарылғанын айта кету керек.
Бүгінгі күні облыс көлеміндегі ерекшеліктері мен құндылықтарына қарай қасиетті деп танылған киелі орындар туралы бейнематериалдар (қасиетті жерлер бойынша түсірілген арнайы видеороликтер) жинақталған 30 диск жарық көрді. «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласының «Архив-2025» бағдарламасы аясында облыстық мемлекеттік архивтің ұйымдастыруымен Ұлы Жеңістің 74 жылдығына орай «Ерлікке тағзым – ұрпаққа парыз» атты халықаралық конференция өтті. Конференция барысында «Ерлік kz» сайтының жұмысы таныстырылды. Сайтқа облыстан соғысқа аттанған 106 мың майдангер, олардың құрметіне аталған елді мекендер мен көшелер, архивтік құжаттар негізінде шығарылған 6 кітаптың электрондық нұсқасы және бүгінгі күні көзі тірі 77 соғыс ардагері туралы мәліметтер енгізілген.
Талас аудандық мемлекеттік архивінде «Архив-2025» Бағыналы бағыт» тақырыбында облыстық ғылыми-тәжірибелік конференциясын өткіздік. Тараз қалалық архивінде өлкетанушылар мен тарихшылардың қатысуымен «Архив – халық шежіресі» атты дөңгелек үстел ұйымдастырдық. Жиында жергілікті зерттеушілермен бірлесіп, алыс-жақын шетелдердегі өлке тарихына қатысты тарихи құжаттарды зерделеу, жинақтар мен кітаптар шығару сияқты алда тұрған үлкен міндеттер талқыланды. Сондай-ақ мекеме директоры Н.Серікбаевтың «Әулиеата зерттеулері» атты кітабының тұсаукесері болып, таныстырылымы жасалды.
Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» жобасы аясында 9 мамыр – Ұлы жеңіс күніне орай «Даңқ» залы ашылып, ел игілігіне қолданысқа берілді. «Жаһандық әлемдегі заманауи мәдениет» арнайы жобасы аясында К.Әзірбаев атындағы облыстық филармониясының «Ақкербез» би ансамблі Біріккен Араб Әмірлігінде Халықаралық Шейх Заид атындағы мәдени фестивальға қатысып, сәтті өнер көрсетіп қайтты. Шараға 43 мемлекеттен өнерпаздар қатысты.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» немесе «Ұлы Даланың жеті қыры» мақалаларынан туындаған міндеттер бойынша өңірдің мәдениет, архив саласында осындай қомақты жұмыстар жүзеге асырылып отыр. Бұл бағыттар бойынша жүйелі жұмыстар алда да жалғасын табады.

Дүйсенәлі Бықыбаев,
облыс әкімдігі мәдениет,
архивтер және құжаттама басқармасының басшысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support