Дені саудың – жаны сау
Дені саудың – жаны сау
Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев велошеруге қатысты.
Конституция күні орталық «Достық» алаңында облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың қатысуымен велошеру ұйымдастырылды. Айбынды Ата Заң мерекесінде өткізілген шара барысында облыс әкімі Кәрім Нәсбекұлы: «Ата Заң – елдігіміздің айғағы. Ел егемендігін алғалы бері мемлекеттің тұрақтылығын, қоғамның құқықтық, заңдық тұрғыдан қорғалуын Конституция қамтамасыз етіп келеді. Әлбетте, дені саудың – жаны сау екенін бәріміз жақсы білеміз. Велоспорт адам организмінің барлық бөлігінің қимылда болуын қамтамасыз етеді. Еліміздің абыройын асқақтатып жүрген «Астана» кәсіпқой велоклубын біз әрдайым мақтан тұтамыз. Бүгінгі өткелі тұрған велошеру бір жағынан бұқаралық спортты қамтыса, екінші жағынан дене қозғалысын жақсартады. Қан айналымын реттейді. Бәріңізді Ата Заңымызға он тоғыз жыл толуымен құттықтап, велошеруге сәттілік тілеймін» деді. Бұдан кейін старт беріліп, облыс әкімі бастаған велошеру басталып та кетті. Қаламыздағы басқармалар мен түрлі мекемелер, қоғамдық ұйымдар өкілдері бұл іс-шараға белсене қатысты. Облыс әкімімен бірге велошеруде қала әкімі Нұржан Календеров, облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Гамлет Қайнарбеков және өзгелер велосипед тепті. Төле би-Желтоқсан-Абай-Төле би көшелерін айналған қатысушылар 10 шақырым бойы өздерін велошабандоз ретінде сезінді. Облыс әкімі белгіленген бес айналымды түгел айналып шықты. Алайда, өзге шенеуніктердің біразы бір, екі, әрі кеткенде үші айналымнан кейін жарыс жолынан шығып қалып жатты. Оларға өкпелей де алмайсыз. Спорттың қай түрі болмасын, физикалық, функционалдық дайындықты талап ететіні анық. Бәйге атының өзі суытылып барып, аламанға түспеуші ме еді? Дегенмен, өңір басшысы белгіленген межені тұтастай айналып шыққан соң, өзгелер де сол үдеден шыға білгенде жөн болар еді деген ой келеді. Айбынды мерекеге арналған бұл шара өз үдесінен шықты. Қатысушылардың барлығы да бұқаралық спорттың серпінді дамуына аз да болса үлестерін қосты. Велосипедшілердің осындай шерулері ілгеріде Алматы, Астана және солтүстік өңірлерде жиі ұйымдастырылған болса, соңғы кезде біздің облыста да тұрақты түрде өткізіліп келе жатқаны қуантты.
Табиғат АБАИЛДАЕВ,
«Ақ жол».