Саясат

Басымдық әкімнің баяндамасына емес, халықтың талап-тілегін тыңдауға берілді

Басымдық әкімнің баяндамасына емес, халықтың талап-тілегін тыңдауға берілді

«Есеп беру талабы өзгерді. Енді әкімдер жаңа форматта есеп беретін болады» деген жаңалық біраз жұртшылықты, әсіресе жаңалықтың жаршысы – журналистерді елең еткізген-ді. Дегенмен, «Әй, қайдам, жылдар бойы қалыптасқан жүйе өзгере қоймас. Сол бұрынғы ұзын-сонар баяндама, белгіленген адамдардың әкім тарапына мақтау-мадақтауы болатын шығар» деген күдік те болды.Сол жаңа форматтың үлгісін Байзақ ауданының әкімі Нұржан Нұржігітовтің тұрғындар алдында есеп беру кездесуінде көргендей болдық. Себебі біз мұнда негізінен әкімді емес, аудан халқының, қарапайым елдің ой-пікірін, талап-тілегін, ұсынысын тыңдадық. Аудан әкімі небәрі 10-15 минут ішінде шағын, нақты, слайд арқылы тек атқарылған және жоспардағы тірліктер түзілген баяндамасын жасады. Ал көпшілік пікіріне бір сағаттай уақыт бөлінді. 

Сарыкемер ауылының әл-Фараби атындағы Мәдениет үйінде өткен есепті жиынға облыс әкімі Асқар Мырзахметов, облыс әкімдігінің аппарат басшысы Рүстем Дәулет, бірқатар басқарма басшылары, аудандық ардагерлер кеңесі, бөлімдер мен мекемелер басшылары, ауыл және ауылдық округ әкімдері, үкіметтік емес ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және аудан тұрғындары қатысты. Сонымен, есепті кездесуінде Нұржан Молдиярұлы не деді? Алдымен аудан әкімінің нағыз ауыл шаруашылығы маманы екені бірден байқалды. Нақтыласақ, 1991 жылдары негізінен аграрлы өңір есептелетін ауданда 903 дана трактор тіркелген екен. Заман көшіне қарай олардың саны бірте-бірте азайып, былтыр бұл көрсеткіш 483-ке төмендепті. Осыны ескерген аудан әкімі былтыр 66 жаңа ауыл шаруашылығы техникасын сатып алып, жаңару деңгейін 9,1 пайызға жеткізген. Ал бұл дегеніңіз, облыс бойынша ең жоғары көрсеткіш. Міне, биыл да жыл басталысымен Қостөбе мен Түймекент ауылдық округтеріне 133 миллион теңгеге лизинг арқылы 30 дана техника алынған. Бұл өз кезегінде 814 гектар егін алқабын игеруге сеп болмақ. Проблема да жоқ емес. Аграрлы ауданда жылма-жыл мал басының саны өсуде. Соған байланысты жайылым жер мәселесі өзекті. Тіпті бүгінде аудан әкіміне келіп түсетін арыз-шағымдардың 70-80 пайызы осы жайылым жерге байланысты көрінеді. Мұндағы жайылым жер көлемі қазіргі таңда 190 мың гектарды құрайды. Ал қолда бар мал басын есептегенде әлі де 268 мың гектар жайылым қажет. Аудан әкімі бұл мәселені шешудің бір жолы ретінде, мал азығын дайындауда жаңа технологияларды пайдалануды ұсынды. Соның бірі – гидропониканы дамыту үшін Байзақ колледжінен арнайы зертхана да ашылыпты. Мұнда 3 ай бойы арнайы курста 20 адам аталмыш әдістің қыр-сырын тегін меңгереді. Бұл үшін жергілікті қазынадан 4 миллион теңге бөлінген. Ал Қостөбе ауылдық округінде кооператив базасында осы әдіспен небәрі 6 күнде 3,5 тонна өнім алатын гидропоника өндірісі іске қосылған. Бұл шамамен 60-70 сиырды жайылымға шығармай-ақ, жыл бойы мал азығымен қамтамасыз етуге болады деген сөз. Аудан бойынша 43 елді мекеннің 20-сы орталықтандырылған ауызсумен қамтылған. Биыл 6 елді мекенге ауызсу жүйесін жүргізу үшін республикалық бюджеттен 3,7 миллиард теңге бөлінсе, алдағы 4 жыл ішінде қалған барлық ауылға кезең-кезеңімен ауызсу кіргізіледі деп күтілуде. Газдандыру бойынша да былтыр 1,3 миллиард теңгеге 9 елді мекенге орта қысымды газ құбыры тартылған. Биыл бұл жұмысқа 550 миллион, келер жылы 1,1 миллиард теңге бөлініп, бұл мәселе де толықтай шешімін табады деп күтілуде. Жалпы алғанда, былтыр ауданның экономикалық дамуына 11 миллиард теңге қаражат бөлінген болса, биыл ол 2,5 есеге өсіп, 27 миллиард теңгеге жеткен. Бұл өз кезегінде ауданның түрлі әлеуметтік, тұрмыстық, инфрақұрылымдық мәселелерін шешуге бағытталмақ. Жиында әлбетте, денсаулық, спорт, мәдениет, білім, салалары да қамтылды. Атап айтсақ, соңғы екі жылда аудан бойынша 16 медициналық нысан пайдалануға беріліп, осылайша барлық 43 елді мекен медициналық нысандармен қамтылған. Тек бір жыл ішінде 19 спорт нысаны пайдалануға берілген. 3 елді мекенге Мәдениет үйін салу жоспарланса, жыл сайын оқушы санының өсуіне қарай әр жылда 1 мектеп салу қажеттігі де туындауда. Есеп беру жиынында сөз алған аудан тұрғындарының сауалдарының қатарында Сарыкемер ауылы ішінен жаңа жылдан бастап жүргізіле бастаған қоғамдық көлік қатынасының жүру уақыты аралығын қысқарту, Бурыл ауылына Мәдениет үйін салу, Көкөзек ауылындағы Т.Ақбозов орта мектебінің жылыту қазандығын газға қосу, жайылым тапшылығы, Жақаш ауылындағы Ш.Әйтімбетов көшесін асфальттау, Сеңкібай ауылынан бой көтеретін 100 орындық жаңа мектепті 150 орынға көбейту, жастарға бөлінетін грант, «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында несие лимитін арттыру, Сарыкемер ауылында жалдамалы көп қабатты тұрғын үй салу мәселелері бар. Тұрғындарға газ кіргізу құны қымбатқа түсіп тұрғандығы, қант қызылшасының жайы да сөз болды. Аталмыш мәселелердің біразына Нұржан Нұржігітов нақты жауап беріп, кей мәселелер кезең-кезеңімен іске асатындығын жеткізді. Мұнан соң сөз алған облыс әкімі Асқар Мырзахметов тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға өзі де саяси тұрғыда жеке-жеке тоқталып, себеп-салдарын түсіндіріп, жіктеп берді: – Мәселен, Бурыл ауылына соғылатын Мәдениет үйі қандай болады? Бұрынғы КСРО кезіндегідей ме әлде заман талабына сай ма, құны қандай? Егер заманауи, қазіргі талаптарға сай болса, біз қаржы қарастыруға дайынбыз. Тек Сарыкемер ауылы бойынша бүгінде 6 мыңнан аса адам тұрғын үй кезегінде тұр екен. Ауданда жер мәселесі өзекті екені белгілі. Енді халық саны табиғи өсіммен көбейіп отыр ма әлде көшіп келушілер есебінен бе? Осы жағын талдау керек. Егер табиғи өсіммен көбейіп отырған болса, мәселені қолға алуға болады. Газ кіргізу мәселесіне келсек, бастапқыда оның құны 150 мың теңге шамасында болатын. Кейіннен оны келісіммен 92 мыңға дейін арзандаттық. Аудан әкімі енді аз қамтылған отбасыларына бір жолғы көмек ретінде шешуді де қолға алыпты. Әлі де мұның жолдары қарастырылады. Мен осымен бесінші аудан әкімінің есебіне қатысып отырмын. Барлығында негізінен тек әлеуметтік мәселелер көтерілуде. Аудандардағы экономикалық мәселелер де назардан тыс қалмауы тиіс. Мұнда тек бір сұрақ қант қызылшасы жөнінде болды. Жаңа аудан тұрғындарының біразы аудан әкіміне жылы лебіздерін білдіріп, жұмысына оң бағаларын беріп, алғыс айтып жатыр. Жұмыс та, нәтиже де бар. Біз де сіздер берген бағаға қосыламыз, – деп сөзін тәмамдады облыс әкімі. Нұржан Нұржігітов есеп беру жиынының соңында өңірдің дамып, көркеюіне үлес қосып отырған барлық азаматтарға алғысын білдірді.

Эльвира Жарылқасынова

Байзақ ауданы.