Әрбір басшы жанашырлықпен жұмыс істеуі керек

17

Аудан әкімі Нарбай Ергебековтің өткен жылғы атқарған жұмыстары мен алдағы жоспарланған міндеттері туралы аудан тұрғындары алдында қорытынды есептік жиыны өтті. Аудандық «Достық» Мәдениет үйінде өткен жиынға облыс әкімі Асқар Мырзахметов, Президент Әкімшілігінің инспекторы Еркін Базарханов, облыс әкімдігінің бірқатар басқарма басшылары мен орынбасарлары қатысты.

Жиынды аудан әкімі Нарбай Ергебеков ашып, жыл қорытындысына арналған ауқымды баяндама жасады. Нарбай Әбілқасымұлы өткен жылы аудан көлемінде барлығы 14 нысанда құрылыс жұмыстары жүргізілгенін, соның нәтижесінде, сегіз ауылдан денсаулық сақтау нысандары, ауызсу жүйесі, бір мектепке жапсарлас спорт зал қазандығымен бірге салынып, пайдалануға берілгенін атап өтті. Одан бөлек, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік салаларының көрсеткіштеріне тоқталып, облыста құрылған механикаландырылған жасақтың күшімен ауданда 410 гектар егістік жерді суландыруға мүмкіндік туғанын жеткізді. Елді мекендерді газдандыру бағытында да атқарылып жатқан жобалы жұмыстарды тілге тиек етті.
Аудан әкімі Н.Ергебеков 2020 жылы аудан көлемінде жеті нысанда құрылыс жұмыстары жүргізілетінін, сонымен қатар, басқа да салаларда 39 жобаның іске қосылатынын, облыс әкімі Асқар Исабекұлының бастамасымен қолға алынған «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» пилоттық бағдарламасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баян етті.
Аудан әкімінің тұрғындар алдындағы қорытынды есептік жиынының сұрақ-жауап бөлімінде ең алдымен облыс тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту пилоттық жобасы бағытында ауданда құрылған «Атамекен-Бастау» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің төрағасы Зайырбек Сұлтанмұратов Қырғыз елімен шекаралас Ақтөбе ауылдық округіндегі шаруаларға «Ақмолда», «Қаратақы», «Төментамға» су каналдарына су жеткізу мәселесін көтерді. Одан соң Қаратас ауылының тұрғыны Алтынбек Қуанышев Күреңбел ауылдық округінің орталығы Күреңбел ауылына ауызсу жүйесін тарту, Шақпақата ауылының тұрғыны Смайыл Көбесов қой терісін өңдеу, ауданда азық-түлік қоймаларын салу, қазіргі таңда өзекті болып отырған мал жайылымы мәселелерін көтерді. Сондай-ақ жиын барысында жеке кәсіпкер Мұхтар Сәдірмек аудан орталығына заманауи темір жол бекетін салу мәселесін қозғаса, Ақтасты ауылының тұрғыны Айдынғали Алтынбеков Қошқарата ауылдық округіндегі көлік жолдарының бойына қар ұстайтын қалқан салуды сұрады.

Comments are closed.