- Advertisement -

Жастардың міндеті «жалау желпіп» тұру ма?

"Ақ жолдың" ащы бұрышы

60

- Advertisement -

Әлеуметтік желіде жарқ ете қалған мына бір сурет еріксіз назарымызды аударды. Қыс айларының бірі. Далада ақ қар. «Байғұс жастар», әлдебір іс-шараның ашылуында шолақ жеңді ақ футболка киіп, мойындарына сары шарфты іліп «өнер» көрсетуде. Ар жағында дірдектеген ақ жейде киген ұлдар рухани жаңғыру жайлы лозунг көтеріп тұр. Әскери форма киген жасөспірімдер де «тірі декорацияның» бір бөлшегіне айналған. Мүмкін, бер жағындағы қалың ішік киген аға-әпкелері кадрға ілінбеген болса керек…
Аудандық әкімдіктердің ресми парақшалары әлеуметтік желілерде «біздерде мынадай бар, мынадай бар» деп аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарын салып отыру қазір трендте екені белгілі. Бұл да сондай «өтті» деп белгі қойылған кезекті іс-шаралардың бірінен түсірілген болса керек.
Жалпы, қазір жұмыстар әкімдіктің қағаздарына «өтті» деген белгі қою үшін ғана керек тәрізді. Жастар десе көз алдымызға, «Жалауларды желпіп тұратын» топ елестейтін болыпты. Мүмкін күлкілі болар. Бірақ біз бұған жылауымыз керек.
Мұндаға дейін алаулаған-жалаулаған іс-шаралар жастардың «декорация» болуымен өтіп келді. Осындай қызылды-жасылды әрекеттердің әсерінен болар жастарымыз арзан атаққа, хайпқа құмар болып өсіп келеді. Хайп демекші, хайпшылардың «ханшайымдарға» айналып кеткенін бәріміз де білеміз…
Айналымызда трендтен қалмау үшін жанталасып пиар жасауға ұмтылған жұрт. Егінші егінін ексе, малшы малын, әнші әнін айтса, газетші газетін шығарса, әркім өз ісімен айналысса дейсің. Соңғы уақытта кейбір газет басшыларының да нарыққа өтімді газет шығарумен айналысудың орнына, еvent орталықтың директорына ұқсап тек іс-шаралар өткізіп кететіні бар. Қазіргі заманда мұндай әрекеттер де керек шығар. Бірақ қабырғалы қаламгердің айтқан «мақала жаза алмайтын редакторлар ғана осылай аттарын шығарады» деген бір сөзі көкейімізде қалып қойды…
Елімізде өтіп жатқан арзанқол іс-шараларға халық «тойды». «Есеп» үшін, «Белгі» үшін, «Атақ» үшін атқарылатын шаруалар жастар тәрбиесіне де өз салқындығын тигізді. Бір сәтке дамылдап, жан-жағымызға қарап, байыппен ойланып, ес жиятын мезгіл жетті. Енді тоқтатпаса кеш болады. Жақында ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында қымбат көліктер мен жиһаздарды сатып алуға, түрлі форумдар, семинарлар мен конференциялар өткізуге ұзақ мерзімді мораторий жариялауды ұсынды. Президент «Елімізде өтетін шаралар практикалық және идеологиялық тұрғыдан нақты пайдалы болуы керек», – деп қадап айтты өз сөзінде. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша имидждік шараларға бөлінетін қаржы қысқартылып, 30 миллиард теңге оңтайландырылған екен. Ендеше жергілікті жерлердегі әрбір құрылымдық мекемелердің басшылары да мұны «оң құлағынан кіргізіп, сол құлағынан» өткізіп жібермеуі керек. Нақты пайдасы болмаса даңғырлаған көпшілік шараларын тоқтатып, жастарды «массовкаға» ғана пайдалануды доғаруы қажет. Облыстық жастар саясаты басқармасының жаңа басшысы Серікбол Берікқожа да жастардың жанашыры болып, олардың құқығының тапталуына жол бермей, нәтижелі еңбек етеді деп сенгіміз келеді.

Шынар САҒИЕВА

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support