- Advertisement -

Бір кем дүние…

"Ақ жолдың" ащы бұрышы

70

- Advertisement -

«Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешеніндегі бой көтерген ғимараттардың бірі – Халық жазушысы Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығы. Қазір осы орталықты көріп, тамашалаған жамбылдықтар мен оның қонақтары біткен іске бәрекелді десіп қуаныштарын білдіруде. Әрине, кісі қызығарлықтай, жұрт сүйсінетіндей болған соң, ғимараттың ішкі-сыртқы сәулетінде назар аударатын ерекшеліктер көп.
Аталған орталықтың екінші қабатындағы үлкен қабырғаға Шерхан Мұртазаның суреттері ілінген. Бұл да, құптарлық. Алайда сол суреттердің жоғары жағына үлкен әріптермен жазылған: «Я летел по жизни на двух крыльях. Это занятия журналистикой и писательства», – деген жазу, ғұмыр бойы ана тіліміздің мәртебесін көтеру үшін күресіп өткен тіл жанашырының табиғи болмысын ашып тұрған жоқ.
Рас, Шерхан Мұртазаұлы орыс тілін өте жетік білді. Мәскеуде оқыды. Мұстай Кәрімді, Лазарь Лагинді, Шыңғыс Айтматовты аударды. Шыңғысты Шер ағаңдай соншалықты шебер сөйлеткендер кемде-кем. Бірақ ол қасиетті қазақ тілінің жай-күйін ешқашан естен шығарған емес. Парламент мінберінен тіл тағдыры туралы сөйлеген сөзі көпшіліктің әлі есінде.
Біз осыған орай белгілі журналист, облыстық мәслихаттың депутаты Мейрамбек Төлепбергеннен пікір білдіруін сұраған едік.
– Оны мен де байқадым. Шерағаң орысша жазатын журналистке орыс тілінде сұхбат берген. Міне, сол сөз жазылып, іліне салынған. Шерхан аға қазақ тілінің елдік, ұлттық мәртебесі жолында ешкімнен қаймықпай күрескен ірі тұлға. Тарихта да солай қалады. Ондай тіл жанашырының бұл сөзді өз бетінше орысша айтуы да, жазуы да мүмкін емес, – деді ол.
Шерхан Мұртазаның қазақ тіліне деген құрметін, жанашырлығын ұмытпаған жөн. Осындай тұлғаның есімімен аталатын орталықта оның айтқан сөздері де ана тілінде, латын графикасы негізінде жазылып тұрса, нұр үстіне нұр болар еді.
Бір кем дүние…

Есет Досалы

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support