Әлеумет

Бетке айту ма, беталды сөйлеу ме?

Бетке айту ма, беталды сөйлеу ме?

Әрқайсысымыз кейде өзімізше кімнің де болса бетіне айтамыз, ешкімнің сыртынан сөйлемейміз деп пәлсапаланатынымыз рас. Бірақ, шындықты айтып жүрміз бе, жоқ па, ол жағына аса көп алаңдамайтындаймыз. Үлгі алсын, ұлағат болсын деп, жанашырлықпен ізбасарларымызды шыншыл болуға баулып, әлде бетке айтып емес, беталды сөйлеп, ата-анамызбен қатар жандардың жанына қаяу салып, оқырмандарымызды теріс пікір қалыптастыруға бағыттап жүрміз бе? Кезінде Махамбет Өтемісұлы Жәңгір ханға: Хан емессің, қасқырсың, Қас албасты басқырсың, Достарың келіп, табалап, Дұшпаның сені басқа ұрсын! Хан емессің, ылаңсың, Қара шұбар жылансың!... – деген. Бұл шын сын. Сын шындық болғандықтан да ол ауыздан-ауызға жетіп, күні бүгінге дейін сақталып отыр. Ал қазір сын да, сыншы да көп. Мәселен, былтыр елімізде 344 қазақ тілді, 758 орыс тілді, 727 қазақ және орыс тілді, 282 үштілді бұқаралық ақпарат құралдары тіркелген екен. Соның қай-қайсысын ашып оқысаңыз да, ішінен міндетті түрде сын табарыңыз сөзсіз. Түрлі басқарма, департамент басшылары немесе ауыл, қала, облыс әкімдерінің жұмыстары, өнер майталмандары, жалпы кім болса да сын тезіне алынуда. Республикалық «Жас алаш» сынды кейбір басылымдарда Елбасын сынап-мінеген мақалалар да жарық көруде. Оған ғаламтор сайттарында жазылып жатқан мақалалар мен пікірлерді қосыңыз. Бұл сындардың барлығын шын сын деп айта аламыз ба? Мұнда мәселе, лауазымды тұлғалардың сыналуында емес, мәселе оларды сынап-мінеп жазып жүрген жандарда болып тұр. Өйткені, бүгінде мұғалім де, дәрігер де, балабақша тәрбиешісі де, кім болса сол кімді, нені сынаса да бөгет жоқ. Екінің бірі сыншы. А. С. Пушкин кезінде: «Ақынды оның заңдылықтарымен, тәртібімен сынау керек» деген екен. Сол айтпақшы, сынап отырған адамды немесе нысанды жан-жақты зерттеп алу кейде бізге тән емес болып бара жатқандай. Тиісті басшыларды сынға алып отырғандар олардың жұмысы жайлы қаншалықты дерек біледі? Елбасы жайлы теріс пікір жазып жүрген журналист әріптестеріміздің өзі Президентіміздің тым болмаса бір күнімен, ол қол қоятын бір құжатпен толық таныс па екен? Саясаттың исі мұрнына бармай жатып, ол саланы қалай сынға алады? Күні кеше ғана қолына қалам ұстаған тілші Елбасымыздың бар жұмысына қалай баға бермек? Істің мән-жайын толық білмей жатып, өздерін шындықты шырылдатып жаздық деп қалай айта алады? Мәселенің ақ-қарасын ажыратып, аражігін айыруға кәсіби тұрғыда біліктілігі де, тәжірибесі аз жас журналистер сол ақпараттарын бүкіл республика халқы оқитындығын ұмытпаса екен дейсің осындайда. Тағы бір айта кетерлігі, қазіргі сындарды газет бетінен не теледидардан көрсеңіз, дені тек ұнайды немесе ұнамайды деген сыңаржақтықпен беріледі. Сосын пікір емес, көбіне үкім айтылатын сынды. Сонда «қалам ұстай алады-ау» дегендердің әрқайсысы үкім айта беретін болса, кім боламыз? Осы тақырып төңірегінде билік маңайында жүрген бірқатар лауазымды тұлғалардың пікірін білген едік. Тараз қалалық мәслихатының депутаты, «Жамбыл-Тараз» газетінің директоры Эльмира Мырза-Ғалидің ойы мынадай: – Сөз – үлкен қару. Оның қадірін әр қазақ баласы білуі керек. Қазақта «Тіл бас жарар, бас жармаса тас жарар» деген сөз бекер айтылмаған. Әр сөздің салмағы, қасиеті болады. Өзім бір ауыз сөз айтарда алдымен адамның көңіліне қараймын. Әр сөзіме мән беремін. Халық қалаулысы болғандықтан, сөздің әрбірін сүзгіден өткізбесек те болмайды. Өзіме айтылған жөнсіз сын жаныма жара салған кездер болған. Қазақы тәрбиемен өскендіктен, ондайда «Жүйелі сөз жүйесін табар, жүйесіз сөз иесін табар» дейміз. Осы сөзді медицина тілімен айтқанда антибиотик ретінде қабылдап, медет етеміз. Мақпал Жүнісованың бір әні бар ғой, «Бір ауыз сөз – қасіретті тыяды, бір ауыз сөз – айықпас дерт жияды» деген. Расымен де біреудің бір ауыз сөзімен жанымыз жараланса, екінші бір сөзді талғажау етіп, жанымызды жұбатамыз. Жалпы, басшы болып көрмеген адамға сынау оңай. Кейде өз отбасына билігі жүрмеген адам ел басқарып отырған жандардың жағасына жармасады. Өзім газет басшысы ретінде де әрбір мақалаға, әсіресе сын мақалаларға баса мән беремін. Өйткені, сын – шын болу керек. Егер әділ сын болса, ешкім ештеңе дей алмайды, қайта мойындайды. Ал сын негізсіз болса, журналистің өзіне таяқ болып тиері сөзсіз. Сол себепті аузымыздан шыққан әрбір сөзге абай болғанымыз жөн. ҚР Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті Тәртіптік кеңес хатшылығының меңгерушісі-департамент басшысының орынбасары Аслан Оразбеков: – Халқымыздың «Сын түзелмей мін түзелмейді» деген нақыл сөзінің астары өте тереңде. Мұны кейбір сылдыр сыншылар өзінің пайдасына түсініп, тек сынау арқылы ғана мінді түзеуге болады деп түсінеді. Менің ойымша, бұл нақыл сөз сыншының өзіне қойылатын талап секілді. Қазақ халқы сынға ежелден ерекше мән берген. Хандарды, байларды сынаған ақын, жырау, сыншылардың аттары бүгінгі күнге аңыз болып жетті. Болыстарды өткір сынымен түйреген Абайдың да сөздері әлі күнге мәнін жоғалтпай отыр. Қоғамның, биліктің дертін дөп басып, өткір сөзбен сынау бір басқа да, атын шығару үшін немесе пайда табу үшін, тіпті тапсырыспен қаралау бір басқа. Соңғысын сын деп айтуға болмайды, ол – жала. Бұқаралық ақпарат құралдарының «төртінші билік» деп атаулы тегін емес, БАҚ қоғамдық пікірді қалыптастырады, билік пен халықтың арасында көпір құрады. Бірақ, бүгінде өздерін «тәуелсіз журналист» санап, қаламын боққа былғап жүргендер өкінішке қарай, аз емес. Олардың қоғамға пайдасынан зияны көбірек. Сондықтан әрбір сынға алдымен «журналистік тергеу» негіз болуы тиіс. Әр мақала үшін журналист те, БАҚ та жауапты болуы қажет. Сыншы болу үшін адам алдымен сол саланың ерекшеліктерін терең білуі тиіс, тақырыбының қоғамдық құндылық жағынан маңызын түсінуі керек. Есігінің алдындағы қоқысты көріп қалып, билік басындағыларды сынға алу – нағыз сыншыға тән қылық емес. Мысалы, бүгінгі күні ауылдардың әлеуметтік-экономикалық жағдайы, инфрақұрылымы баспасөз беттерінен көп айтылады. Су жоқ, ауыл әкімі жұмыс істемейді, жол жөнделмеген, әкім кінәлі, жұмыссыздық, ұрлық көп – тағы да әкім. Ал ауыл әкімінің бүгінгі күні бюджеті жоқтығына, ауылдың жағдайын жақсартуға қажетті қаржы қалай бөлінетініне, қаржы бөлу үшін қандай органдар шешім қабылдайтынына, механизмдеріне сыншылар басын ауыртқысы келмейді. Мемлекетте ең тиімді бақылау – қоғамдық бақылау. Мемлекеттік органдар неғұрлым ашық, жариялылық сипатта жұмыс істесе, қоғамдық бақылау белсенді болса, онда жемқорлық та азаятын еді, халықтың билікке деген сенімі артатын еді. Өкінішке қарай, көптеген мемлекеттік орган басшылары журналист десе басын ала қашады, ашық сұхбат бергісі келмейді. Бұл әрине, дұрыс емес. Басшының міндеті тек мекемені басқару ғана емес, халықпен жұмыс жасай білу, өз жұмысы үшін жауап бере білу. Егер мемлекеттік орган басшылары ақпарат құралдарымен тығыз байланыс орнатып, өзінің әрбір шешімін негіздеп бере алса сынға да сылтау табылмас еді. Негізсіз сын халық арасында жағымсыз пікір тудырып, болашаққа деген сенімсіздікке алып келеді, қоғамның бірігуіне кесірін тигізеді, – деді. Ал Талас ауданының әкімі Болат Рысмендиев өз ойын: – Сынның болғаны жақсы, әрине. Жұмыс бар жерде кемшілік болады. Ал кемшілік болған жерде сынның да болуы заңдылық. Сын арқылы бойымызды, ісіміздегі олқылықтарды түзейміз. Меніңше, мемлекеттік қызметте отырған әрбір лауазым иесі өз қызметін адал орындайтын болса, жауапкершілігі жоғары болса, мемлекеттік тәртіпті, еңбек тәртібін сақтаса, орындаушылық қабілеті жоғары болса сынға ұшырамайды. Қазір билік басындағылардың жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалған. Денсаулық, білім, спорт, құрылыс, кез-келген салаға жыл сайын қаржы бөлінеді. Сол қаржыны діттеген мақсатқа, дер кезінде, тиянақты игерсек болғаны. Ал «сен саларда мен салар, атқа жемді кім салар» деген салғырттықтың соңы тек сынға апарары сөзсіз. Мемлекеттік қызмет болғандықтан, сын еститін кездеріміз аз болмайды. Кейде тіпті болмашыға, негізсіз сын тағылуы мүмкін. Бірақ ол үшін салымыз суға кетпей, керісінше, еңсемізді тіктеп, жақсы нәтижелерге жету жолында бар қарым-қабілетімізді жұмсағанымыз жөн деп есептеймін, – деп өрбітті. Кейде әріптестеріміздің тарапына да «Қазіргі қазақ журналистері шындықты жазбайды, жаза алмайды» деген сыңайдағы сындар аз айтылмайды. Дегенмен, шындықты бетке айтамын деп, беталды кететіндерге іштей қынжыласың. Осы ретте сынау – сыншының өзіне де сын екенін ұмытпасақ екен.

3Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА, «Ақ жол».