Қоғам

Құжаттама жасауда сауаттылық аса маңызды

Құжаттама жасауда сауаттылық аса маңызды

«Тараз қаласының мемлекеттік архиві» ұйымдастырған семинарға Байзақ, Жуалы, Т.Рысқұлов, Меркі аудандарындағы мемлекеттік архив қызметкерлері қатысты. Олар «Құжаттама жасау, құжаттаманы басқару және құжат айналымы жүйелерін пайдалану» тақырыбында өзара тәжірибе алмасты. Жалпы бұл басқосудың сала мамандары үшін тәжірибелік мәні зор болғанын айта кеткен жөн. Іс-шараны аталған мемлекеттік архивтің директоры Нұрхат Серікбаев сөз сөйлеп ашып, жүргізіп отырды. Ол өткен жылы Тараз қаласындағы 58 мекеме жоспарға сәйкес әдістемелік көмектер көрсетілгеніне, дегенмен кейбір мекеме басшылары мұны тексеріс деп қабылдағанына қынжылыс білдірді. Түсіністік болмаған жерде жұмыс та бір жүйеге түспей, қожырап кететіні бар. Ал архив саласы мұндай қателіктерді кешірмейді. Семинарда аталған архивтің ұлттық архив қорын толықтыру, мекемелердің құжаттамалық қызметінің жұмысын қалыптастыру, үйлестіру бөлімінің басшысы Эльмира Еркебұланова «Құжаттама жасау, құжаттаманы басқару және құжат айналымы жүйелерін пайдалану» тақырыбы бойынша баяндама жасап, осы мерзімге дейін атқарылған жұмыстардың барысына тоқталды. Оның айтуынша, былтыр 16 мекемеге құжаттаманы сауатты жүргізу тәртібі бойынша мониторинг жүргізілген. Бұл шара алдағы үш тоқсанның ішінде 42 мекемені қамтиды деп жоспарлануда. Сондай-ақ ол әр мекемеде ұзақ жылғы еңбегі бар азаматтарды Тараз қаласының, облыстың Құрметті азаматтығына, басқа да марапаттарға ұсыну жөнінде де мәселе көтерді. Архивтегі әр сақтау бірлігінің мәні зор. Жалпы құжаттама жасауда сауаттылық аса маңызды. Сондай-ақ үш жылда бір жиынтық төлқұжаттар әзірлеу жүйесі қалыптасқан. Осы архивке даңқты спортшы Зүльфия Ғабидуллина, Тараз қаласының Құрметті азаматы Оңласын Есіркепов өздері жайлы аса маңызды мәліметтерді тапсырыпты. Семинарда бірқатар аудандардан келген мамандар Тараз қалалық мемлекеттік архивінің тәжірибесінен үйренетіндері көп екенін, бүгінгі семинардың берері мол болғанын айтты.  

Есет ДОСАЛЫ

Тараз қаласы.