Жас мамандарға сенім зор
Жас мамандарға сенім зор
«дипломмен – ауылға» бағдарламасының елді мекендердегі мамандар тапшылығын жоюда септігі мол
Мемлекетіміз жастарды қолдау мақсатында бүгінгі күнге дейін түрлі шараларды қабылдап, көптеген жобаларды жүзеге асыруда. Сондай әлеуметтік бастаманың бірі – жас мамандарды ауылға тарту мақсатында қабылданған «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы. Оның әлеуметтік мәніне баса мән беруіміздің өзіндік себебі бар. Өйткені бұл тек жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесін шешуге бағытталмаған, ол – тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы тоқырау кезеңіндегі еңсесі түскен елді мекендерді қайта гүлдендіруді көздейтін үлкен жоба. Осылайша ауылға қажет мамандарды тартып, істі де алға басқызды. Бағдарлама шеңберінде ауылдық елді мекендерге тұрақты жұмысқа орналасқан жас мамандарға әлеуметтік қолдау шаралары қарастырылған. Атап айтқанда, жас мамандарды ынталандыру мақсатында мемлекет тарапынан көтермеақы төлеп, баспана алу үшін жеңілдетілген несие де беріледі. Ал «Дипломмен – ауылға» жобасында түлектерге жүктелер үміт үлкен, сенім мол. Сәтті жүзеге асырылып келе жатқан «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бүгінде ауылдағы маман тапшылығын шешуге үлкен сеп болуда. Әсіресе аудандағы елді мекендерде сұранысқа ие медицина, білім және мәдениет салаларына білікті де білімді жас мамандар көптеп келе бастады. Мәселен денсаулық сақтау саласын айтар болсақ, былтыр облысымызға 133 жас маман келді. Соның жұмысқа бөлу жөніндегі комиссиясының қорытындысымен келгендері – 68, олардың 31-і қалалық жерлерде еңбек жолын бастаса, 38-і ауылдарға аттанды. Салыстырмалы түрде алсақ, бұл көрсеткіш алдыңғы жылдарға қарағанда едәуір артқан. Мысалы, 2018 жылы өңірімізге келген кадрлардың саны 112-ні құраған. Былтыр Жамбыл жеріне келген 133 жас маманның қазір 40-ы қалада, 93-і аудандарда еңбек етуде. Емдеу мекемелерін қажетті кадрмен қамтамасыз ету әрі тұрақтандыру мақсатында жергілікті бюджет есебінен 94 маманға 800 мың теңге көлемінде ақшалай көтермеақы бөлінді. Жалпы сомасы – 75 200 000 теңге. Бүгінге дейін аталған әлеуметтік көмек еңбек жолын жаңа бастап жатқандардың 94-іне берілді. Оның 18-і – 2018 жылы, 76-сы 2019 жылы келгендер. Бұған қоса 4 маман құжаттарын өткізіп қойды. Жалпы жұмысты жаңа бастаған жас мамандар әлеуметтік қолдау алуға құқылы екені белгілі. Ол үшін алдымен алған дипломыңызға көз жүгіртіңіз... Біліктілігіңіз «Дипломмен – ауылға» бағдарламасында көрсетілген мамандыққа сәйкес келсе, онда көтермеақы және тұрғын үй алу үшін төмен пайызбен несие алуыңызға болады. Сондай кадрлардың бірі – денсаулық сақтау саласының мамандары. Мұның барлығы елді мекенде еңбек ететіндерге арналған жеңілдіктер. Ал облыс орталығында қалған дәрігерлерге салалық басқарма тарапынан мүмкіндігінше тиісті көмек көрсетілуде. Мәселен, былтыр Тараз қаласына 40 жас маман келді. Оның 31-і – жұмысқа бөлу жөніндегі комиссияның қорытындысы бойынша жолдама алғандар. Психикалық денсаулық орталығына келген 1 жас маманның және қалалық перинаталдық орталығына келген 1 кадрдың пәтер жалдау ақысы медициналық ұйымның есебінен төленуде. Елді мекенде еңбек етуге бел буғандардың ішінде былтыр Байзақ ауданына барған 15 жас маманның 8-іне 100 айлық есептік көрсеткішке тең сомада көтерме жәрдемақы берілді. Тағы біреуі құжаттарын өткізіп қойды. Облыстық бюджет есебінен 17 жас маманға 800 мың теңге көлемінде ақшалай көмек берілді. Сондай-ақ 8 жас дәрігерге коммуналдық қызметтерге арналған шығындарын өтеуге 3 айлық есептік көрсеткіш (7575 теңге) көлемінде көмек көрсетілді. Жамбыл ауданында да жастарға көрсетілген қолдау шаралары өз деңгейінде. Былтыр 12 жас маман осы ауданға аттанса, 8-і 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде көтермеақы алды. Облыстық бюджеттен 15 жас маман 800 мың теңге көлемінде ақшалай көмекке ие болды. 1 жас маманға қызметтік пәтер берілді, 5-еуінің 4 АЕК көлемінде коммуналдық қызметтерге арналған шығындары өтелді. Жуалы ауданына барып жұмыс істеп жатқан 9 дәрігердің біреуі бүгінге дейін 100 АЕК тең сомада көтерме жәрдемақыны алып үлгерді, енді алтауы құжаттарын дайындап отыр. Облыстық бюджет арқылы 9 жас маман 800 мың теңге көлемінде ақшалай қолдауға ие болды. Тағы біреуі осы көмекті алуға ынталы. Үшеуі жатақханадан бөлме алып, тоғызына 4 АЕК көлемінде коммуналдық қызметтерге арналған шығындарды өтеуге көмек берілді. Өңіріміздегі тұрғындарының саны және аумағы жағынан да ең ірі ауданның бірі – Қордай екені белгілі. Сәйкесінше, ол жақта кадрға деген сұраныс та жоғары. Сондықтан былтыр облысқа келген жас мамандардың ең көбі Қордайға жіберілді. Бүгінде сол 16 медицина қызметкерінің екеуі республикалық бюджет есебінен тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін әлеуметтік қолдау – 1500 АЕК-тен аспайтын сомада бюджеттік несие алуға құжат өткізіп отыр. Көтерме жәрдемақы алуға алтауы өтінім берді. Облыстық бюджет есебінен көтермеақыны 18 маман алса, біреуі құжаттарын өткізді. Жетеуіне айына 20 000 теңгеден пәтер жалдау ақысын төлеуге, 11-іне 12 000 теңге көлемінде коммуналдық қызметтерге арналған шығындарды өтеуге көмек берілуде. Т.Рысқұлов ауданында да барған 10 қызметкердің екеуі тұрғын үй сатып алуға бюджеттік несие алуға өтінім беріп отыр. Ал көтерме жәрдемақыны 7 маман алса, облыстық бюджет есебінен берілетін көтермеақыға 9-ы ие болып, біреуі құжат өткізді. Меркі ауданында еңбек жолын бастаған 14 жас маманның біреуі, Мойынқұм ауданына барған 4 кадрдың – біреуі, Шуда төртеудің – екеуі баспаналы болу қамымен бюджеттік несиеге өтінім берген. Меркіде көтерме жәрдемақыға 9-ы, Шуда 3-еуі құжат өткізген, мойынқұмдық жас медицина қызметкерлерінің 4-еуі бұл көмекті алып қойды. Облыстық бюджет есебінен 800 мың теңге көлемінде ақшалай көмек Меркіде 14 жас маманға, Мойынқұмда 4 кадрға, Шуда 7-еуіне берілген. Шалғай ауданның басшылары 1 жас дәрігерге қызметтік пәтер беріп, әлеуметтік мәселеге баса көңіл бөліп отыр. Ал Сарысу ауданына жіберілген 8 жас маманның 6-ауы бүгінде Жаңатас қаласында еңбек етуде. Мұнда жолдамамен келген жас маманға қызметтік пәтер берілген. «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы арқылы елді мекендер еңсесін тіктеді десек, артық айтқандық емес. Себебі жүрген жеріне қажыр-қайратымен жалын ала келетін жастар ауылға оралды. Сөйтіп, құлазыған ауылдарға жан бітті. Жалпы облыс әкімі аудандар мен Тараз қаласы әкімдіктеріне әлеуметтік көмек алған жас мамандар үлесін 95 пайызға жеткізу туралы нақты индикатор белгілеп берген болатын. Қазір осы тапсырманы орындау бағытында нақты жұмыстар жүргізілуде. Ал кадр тапшылығын жою әрі жергілікті емдеу ұйымдарына жұмысқа тарту үшін өзара келісімдер рәсімдеу үшін басқарма тарапынан жіберілетін арнайы өкілдер медициналық жоғарғы оқу орындары ұйымдастыратын бос орындар жәрмеңкелеріне тұрақты қатысуда. Барлық медициналық ұйымдар электрондық еңбек биржасының жұмыс деректер базасында www.enbek.kz сайтында бос жұмыс орындарын орналастырып қойған. Одан басқа, өткен жылы жергілікті бюджет қаражаты есебінен жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға 2019-2020 оқу жылына арналған мемлекеттік білім беру гранты бөлінді. Бакалавр дәрежесі бар кадрларды даярлау үшін резидентурада оқытатын клиникалық мамандықтар тізбесіне сәйкес «Акушерия және гинекология, оның ішінде балалар гинекологиясы» бойынша – 8, «Анестезиология және реаниматология, оның ішінде балалар анестезиологиясы және реаниматологиясы» бойынша 4 резидент оқиды.
Айсұлу ҚҰТТЫБАЕВА, облыстық денсаулық сақтау басқармасы персоналды басқару бөлімінің басшысы.