Өндірісте өркендеу, өсу бар
Өндірісте өркендеу, өсу бар
Барлық ауылдық округтерде халықпен кездесіп, өткен жылы атқарған жұмыстарын қорытындылаған Сарысу ауданының әкімі Қанатбек Мәдібек апта соңында Жаңатас қаласы тұрғындарының алдында есеп берді. Қ.Мәдібектің айтуынша, бүгінде «Қазфосфат» ЖШС-ның «Қаратау» фабрикасымен қатар, «ЕвроХим-Тыңайтқыш» компаниясы өндіріс жұмысын арттыра түсті. Өнім көлемін арттыруға йодталған ас тұзын дайындау зауыты да өз үлесін қосқан. «Қазақ сода» компаниясы калцийлендірілген сода шығару зауытының қазығын қақса, цемент зауыты қала сыртына шығарылып, қазір құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 37,3 процентке артты. Аудан аумағында жел электр стансасының құрылысы қарқынды жүріп, «Қаратау» тау-кен өңдеу кешені ауыр техникаларын жаңартуда. Биыл инвестициялық жобалар қатары тағы да толықпақ, онда «Интеррин» ЖШС тау-кен жаратын заттар шығару өндірісінің құрылысын толық аяқтауды жоспарлауда. «Шоқпар жел электр станциясы» жел қуатынан электр энергия шығаратын жобасын ұсынып отыр. Алда 6 инвестициялық жобаға қаражат салынып, 918 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Сондай-ақ аудан әкімі алдағы жоспарларымен де бөлісті. Биыл жол жөндеу жұмыстары қолға алынып, халықтың көптен күткен «Жаңатас–Шаян» бағытындағы 45 шақырым автомобиль жолының Түркістан облысына қарасты 24,6 шақырымы жөндеуден өткізіледі. Игілік-Өндіріс топтастырылған ауызсу жүйелері іске қосылып, Жайлаукөл ауылындағы су жүйесі жөнделеді. Саудакент пен Жайылма елді мекендерінің «Ауыл – ел бесігі» жобасына енгенін де айта кеткен жөн. Жиында аудан әкімінің жылдық жұмысына қанағаттанарлық баға берген жаңатастықтардың белсенділігі жоғары болды. Мысалы, кездесуде көше комитетінің төрағасы Төлеген Алишев құрылысы басталған цемент зауыты қала іргесіне жақын орналасқандықтан тұрғындарға зияны болмай қоймайтынын айтып, аудан басшысына сауал тастады. Қанатбек Қайшыбекұлы жиналғандарды сабырға шақырып, бәрі бақылауда болатынына сендірсе, зауыт мердігерлерінің бірі Асхат Есеналиев: «Алаңдауға негіз жоқ, өйткені зауыт қаладан тиісті қашықтықта салынбақ. Бұл нысан толық іске қосылғанда жылына 400 мың тонна цемент шығарып, жаңадан 220 жұмыс орны ашылады. Аудан бюджетіне де миллиондаған қаржы түседі. Осылайша аудан экономикасына да, халықтың әл-ауқаты жақсаруына да септігі мол болмақ», – деді. Жеке пәтер иелері кооперативінің төрайымы Лилия Вайс қоқыс жинау бағасының көтерілгеніне және иесіз иттерді аулаудағы кемшіліктерге алаңдаушылық білдірді. Еңбек ардагерлері Айтуған Рыспанов пен Жамбыл Шадиевтың айтуынша, өткен жылы кеншілер қаласының 50 жылдығына орай көптеген жұмыстар атқарылып, шаһар гүлдене түскен. Алайда бірқатар көшелерді жөндеу және жарықтандыру жұмыстары назардан қалыс қалған. Қала тұрғындары Жаңагүл Шайхыстанова, Айжан Пулатова, Сандуғаш Тоғжарғанова, Тұрсынай Данашева кейбір көп қабатты үйлердің шатырын жөндеу, Абай орта мектебіне қатынайтын автобус шығару, жағдайы төмен отбасыларды кәсіпкерлікке тарту сияқты толғандырып жүрген сауалдарын ортаға салса, көп балалы ана Нұрсая Есжанова 4 бөлмелі пәтерге ие болған қуанышымен бөлісіп, өзі сияқты отбасыларға мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлыққа алғысын білдірді. Аудан әкімі жиын соңында тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, көтерілген мәселелерді өз бақылауына алатындығын жеткізді.
Жүрсінгүл ЖАҚЫП
Сарысу ауданы.