- Advertisement -

Ұлы даланың ұлағатты тұлғасы

80

- Advertisement -

Ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығын атап өту шаралары 29 қаңтарда Алматы қаласында өткен салтанатты жиында ресми түрде бастау алғаны белгілі. Біз осы айтулы шара аясында өткен халықаралық конференцияға қатысушылардың әлемге танылған «екінші ұстаз» туралы пікірлерін назарға тартып отырмыз.

Таяуда Алматыда биылғы жыл­дың үлесіндегі тағылымды әрі тарихи белестердің бірі – өркениеттің ұлы ойшылы Әбу Насыр әл-Фараби­дің 1150 жылдық мерейтойы зиялы қауымның, отыздан астам шетелдік делегацияның қатысуымен салтанатты жағдайда бас­талды. Бұл – Ұлы даладан шыққан ұлағатты тұлғаның құрметіне жыл бойы жасалатын ізгілікті істер мен игілікті рухани шаралардың бастауы ғана.
Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында әйгілі ғұлама ғалымның тұлғасы мен мұрасына лайықты баға бергенін жақсы білесіздер.
Иә, әл-Фараби – қазақ халқының ғана емес, бүкіл әлемдік өркениеттің рухани игілігі, ислам және әлем фило­софиясының жарық жұлдызы. Ол әлемді тануға және бүкіл адамзат­тың рухани дамуына теңдессіз үлес қосты. Сондықтан осы айтулы мерейтой биыл ЮНЕСКО-ның атаулы күндер күнтізбесі аясында халықаралық ауқымда аталып өтеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей қолдауымен жүзеге асқан ЮНЕСКО-ның бұл шешімі «ғалам­ның Аристотельден кейінгі екінші ұстазы атанған» кемеңгер тұлғаның тәуел­сіз Қазақстанның, қазақ халқының ерек­ше үлесінде болуын орнықтыра түсе­тін тарихи сәт екенін оқырмандар жақ­сы түсінеді деп ойлаймын.
Мерейтойды мерекелеудің басты мақсаты – әл-Фараби мұрасын зерделеу­ге жаңа серпін беру, әлем тарихындағы оның рөлін айқындап, есімін ұлттық бренд ретінде ұлықтау.
Әл-Фарабидің ғылыми мұрасы – бүкіл әлемдік ғылым дамуының тарихи іргетасы және бастау көзі. Ұлы ойшылдың 160-тан астам трактатта көрініс тапқан шығармашылығы ғылымның негізгі бағыттарын дамытуға ықпал етті. Ол математика, филология, химия, биология, астрономия, философия, медицина, логика, әлеуметтану, саясаттану, құқықтану, этика және басқа да салаларға өлшеусіз үлес қосты.
Әл-Фарабидің шығармашылық болмысы Шығыс пен Батыс өркениетін байланыстыратын рухани алтын көпірге айналды. Көрнекті ойшыл-гуманист ретінде ол өз шығармашылығы арқылы антика және ислам әлемін біріктіре алды. Оның трактаттары Ренессанс дәуірінде Еуропадағы ғылымның дамуына және дүниетанымның қалыптасуына тікелей әсер етті.
Ғұлама ғалым кезінде жауап беруге тырысқан – бақыт туралы, адамның жетілуі туралы сұрақтар қазіргі заманғы адам мен қоғам үшін де аса өзекті. Оның дүниетанымы, адамзат өркениетіне көзқарасы жер бетіндегі барлық адам­дар­ға бірдей түсінікті әрі тартымды.
Өзінің «Қайырымды қала тұрғын­дарының көзқарастары жайындағы трактатында» ол мейірімді адамдар тұратын шаһардың моделін жасады. Әл-Мәдина әл-Фадила – әрбір тұрғыны бақытқа қол жеткізуге ұмтылған ізгі жандардың кемел­денген қоғамы. Оның пікірінше, білім мен ізгілік ажырамас бірлікте болуы керек. Кемеңгер ұстаз «…тек халықтардың бірігуі және өзара көмегі арқылы ғана бақытқа жетуге болады…», – дейді.
Әл-Фарабидің «қайырымды қоғам» туралы ілімі бүкіл адамзат үшін маңызды. Ол ұсынған өркениеттер арасындағы диалог пен әріптестік қағидалары негізінде түсіністікке келуге болады.
Үкіметтің, ЮНЕСКО, ТҮРКСОЙ және ИСЕСКО халықаралық ұйым­дары­ның қолдауымен түрлі елдер ғалымдары биыл 2020 жылы Нұр-Сұлтан қаласында, әл-Фарабидің отаны – Түркістан облысында және Парижде өтетін ірі халық­аралық конференцияларда бас қосып, ұлы ойшылдың мұрасы жөнінде ой бөліседі.
Ғылыми-сараптамалық іс-шаралар сондай-ақ Түркия, Иордания, Италия, Қытай, Мысыр, Болгария және басқа да елдерде өтеді.
Бүгінде әлемнің жетекші универси­теттерінде 12 орталық, ал Ыстанбұл мен Делиде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ашқан мұражай-үйлер бар.
Келешекте Конфуций институттары немесе Гете институттарының ғаламдық желілері секілді әл-Фараби орталықтары да кеңейе бермек.
Жақын арада «Әл-Фараби ізімен» атты ғылыми экспедиция жұмысын бас­тайды. Барлық іс-шаралар ғылымға және білімнің дамуына лайықты ықпал етеді деп сенеміз.
Әл-Фарабидің қызметі әлемдік ғы­лым­­ның дамуындағы тарихи іргетас болып саналады. Сондықтан әл-Фараби жылында ғылым мен жоғары технологиялар жүйесіне ерекше мән беріледі. Тек қана конференциялар мен ғылыми дөңгелек үстелдер өткізумен шектелмей, жаңа инновациялық жобаларды жүзеге асыруға басымдық беріледі.
Атап айтқанда, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде әлемдік талап­тарға сай әл-Фараби ғылыми-тех­­­но­логиялық алқабы құрылады. Ислам ынты­мақтастығы ұйымының қол­дауы­мен жүзеге асатын бұл жоба озық техно­ло­гия­­лар мен инновацияларды дамыту ор­та­­­лы­­ғына айналады деп жоспарланып отыр.
Бұйырса, әл-Фарабидің қайырымды қоғам туралы идеяларына негізделген жаңа жоба жүзеге асатын болады. Бұл бастама, әсіресе жастардың рухани-адамгершілік қасиетін қалыптастыруға бағытталған.
Әл-Фарабидің шығармашылық мұрасы – Қазақстанның тарихы мен бай мәдениетінің аса маңызды және ажырамас бөлігі. Оның мұрасы арқылы біз түркі халықтарының рухани тамырластығы мен жақындығын, тарихы мен мәдениетінің ортақтығын, мәдени мұраның әлеуетін терең түсінеміз.
Түркі тілінде жазылған Жүсіп Баласа­ғұни, Қожа Ахмет Ясауи, әл-Қашқари, Сүлеймен Бақырғани, Ахмет Үгінеки еңбектерінде ұлы Отырар ойшылының гуманистік идеяларының белгілері бай­қалады. Оның идеялары қазақ дала­сының ұлы ұстаздары – Абай мен Шәкәрімнің ұстанымын қалыптастырды.
Әл-Фарабидің кіші отаны – Отырар Қазақстанның ғана емес, бүкіл Орталық Азияның киелі мекені. Бүгінде облыс орталығы мәртебесіне ие болған Түркістан аймағы күллі түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде дамып келеді. 1150 жылдықты мерекелеу аясында Түркістан облысында әл-Фараби мұрасын қайта жаңғырту және Отырар қаласын туристік кластер ретінде қайта қалпына келтіруге арналған іс-шаралар жүзеге асатын болады.
Сирияның Дамаск қаласындағы әл-Фараби мәдени-тарихи орталығы мен музей-үйін жетілдіру мәселесі қолға алынады. Сол орталықтың негізінде тәуелсіз Қазақстанның Бас Консулдығы мен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филиалы құрылатын болады. Филиалдың қызметі – әлемдік қауымдастықта еліміздің мүддесін алға қойып, беделін арттыруға көмек көрсету.
Сонау ХІІ-ХІІІ ғасырларда әл-Фараби шығармалары латынға – ғылым тіліне ауда­рылды. Бүгінде әл-Фарабидің өл­мес мұрасы қалың көпшілікке кеңінен қол­жетімді болып, өскелең ұрпақтың рухани-адамгершілік және патриоттық тәрбиесіне ықпал етуі өте маңызды деп есептейміз.
Мерейтой аясында дана ойшылдың еңбектерін аудару, әл-Фараби энциклопедиясын шығару, ғұлама ғалым туралы деректі фильм және өмірбаяндық сериал түсіру, театрларда Ш.Құсайыновтың «Әл-Фараби» тарихи драмасын қою, тағы да басқа шаралар қарастырылған.
Әл-Фарабидің 1150 жылдығын мерекелеу барысында мынадай міндеттерді жүзеге асыру керек деп санаймыз:
Біріншіден, ұлы ойшылдың идеялары мен қағидаттарының теориялық негіз­дерін жаңа заманға сай пайдалану керек.
Екіншіден, ғұлама ғалымның мұрасын өзекті ғылыми-зерттеулерде және инно­вациялық білім беру үдерістерінде кеңі­нен қолдану керек.
Үшіншіден, әл-Фараби идеалдарының негізінде жаңа үлгідегі мемлекеттік ұстанымдарды зерделеген жөн.
Төртіншіден, әл-Фарабидің мерейтойы заманауи білім жүйесінің, ғылым мен инновацияның дамуына және халықаралық ынтымақтастыққа қуатты серпін береді деп сенеміз!
(«Egemen Qazaqstan»,
3 ақпан 2020 жыл).

 

Қырымбек КӨШЕРБАЕВ,
Қазақстан Республикасының
Мемлекеттік хатшысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support