Саясат

ОБЛЫСТА КОРОНАВИРУС ТІРКЕЛГЕН ЖОҚ

ОБЛЫСТА КОРОНАВИРУС ТІРКЕЛГЕН ЖОҚ

Облыс аумағында этиологиясы белгісіз пневмонияның, яғни коронавирустың әкелінуі мен оның таралуының алдын алу жөніндегі санитариялық эпидемияға қарсы және алдын алу іс-шараларын күшейту мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылды. Облыстық балалар жұқпалы аурулар ауруханасы мен аудандардағы орталық ауруханалардың инфекциялық бөлімшелерінде 503 төсек бар. Оның ішінде ересектерге арналғаны – 185, балаларға арналғаны – 318. Бұған қосымша ересектерге – 147, балаларға – 186, барлығы 333 төсек дайындалды. Медициналық ұйымдар жеке бас қорғаныс киімдерімен (обаға қарсы 1 көп реттік костюм – 1826 дана, бір реттік қорғаныс костюм – 9942 дана), вирусқа қарсы препараттар (2717 қаптама тамифлю, 49 қаптама реленза, 960 қаптама оксалин жақпа майы) мен вируцилидті дезинфекциялық заттардың қорымен (101428 кг/литр) қамтамасыз етілді. Облыста медицина қызметкерлері арасында белгісіз пневмонияның диагностикасы, емдеу және алдын алу туралы кеңес-семинарлар өтті. Атап айтсақ, барлығы 45 семинар өтіп, оған 3226 медицина қызметкері қатысты. Сонымен қатар құзырлы мекемелердің мамандарының қатысуымен биыл 24 қаңтарда «Әулие Ата» әуежайында белгісіз пневмонияның әкелінуі мен оның таралуының алдын алу, бірінші кезектегі шараларды ұйымдастырып, өткізу бойынша оқу-жаттығу сабағы өткізілді. Емдеу мекемелерінің, оның ішінде жедел медициналық жәрдем станциясының медицина қызметкерлері арасында белгісіз пневмонияға күдікті жағдайларды анықтау, тіркеу, есепке алу, шұғыл хабарлама жолдау, науқастарды қабылдау мен оларға жедел мамандандырылған көмек көрсету бойынша даярлығы шыңдалды. Облыстың барлық медицина ұйымдарының қабылдау бөлімдерінде, қарау бөлмелерінде, жедел медициналық жәрдем станциясында медицина қызметкерлеріне арналған алгоритмдер әзірленді. Облыстық полиция департаменті көші-қон басқармасының мәліметтеріне сәйкес, ағымдағы жылдың қаңтар айында Қытай Халық Республикасынан облысымызға 37 азамат келген. Олардың барлығы тұрақтанған мекен-жай бойынша емдеу мекемелерінің медицина қызметкерлерінің қатаң бақылауында. Қазіргі таңда 25 азамат 14 күндік медициналық бақылаудан өтті. 12 азамат медициналық бақылауда, шағымдары жоқ. Қазіргі таңда облыста коронавирусқа күдікті науқастар тіркелген жоқ. Бұл бағыттағы іс-шаралар әрі қарай жүйелі түрде жүргізіле береді.

Марат ЖҰМАНҚҰЛОВ, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы.