Саясат

Тараздықтар тағы да қуанышқа кенелді

Тараздықтар тағы да қуанышқа кенелді

 width= Таразда «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынып жатқан 15-шағын ауданда халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына арналған бес қабатты 80 пәтерлі тұрғын үйдің кілтін тапсыру рәсімі өтті. Тараз қаласы әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай баспанаға ие болған тараздықтарды құттықтап, тұрғын үй құрылысын жүргізген мердігер «Агроспецстрой» ЖШС ұжымына алғысын айтты. Жалпы көлемі 362 гектарды алып жатқан алқапта шамамен 8500 отбасына арналған 190 көпқабатты үйлер салынады. 15-шағын ауданда байланыс, кәріз, су және газ құбырлары желілерінің құрылыстары аяқталған. Электрмен қамту, ішкі кварталдық көлік жолының және жылу желілерінің құрылысы да іске асырылған. Бүгінгі таңда алқапта 26 тұрғын үй немесе 1020 пәтер халық игілігіне берілген. Сонымен қатар өткен жылдан өтпелі тағы 20 тұрғын үйдің құрылысы жалғасуда. Яғни алдағы уақытта 1440 пәтер пайдалануға берілді. Бүгінгі тұрғындар қоныстанған 80 пәтерлі тұрғын үй арендалық сатып алу құқығынсыз жалға берілді. Баспаналы болу қуанышына ие болған жандардың бірі – Қазақстан темір жолында 32 жыл еңбек еткен, қазір зейнет жасындағы Үрзада Күнтубаева. Кезекте 12 жыл тұрған ол бүгін жаңа пәтерге қол жеткізгеніне қуанышты екенін жасырмады. Ол Президент Қ.Тоқаевқа, облыс әкімі Асқар Мырзахметовке, Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаевқа және тұрғын үй құрылысын жүргізген мекеме басшыларына алғыс айтты.

Тұрмаханбет Қазақбай

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.

Тараз қаласы.