- Advertisement -

«Өмірімде бір адамды шын қуанттым»

БҮКПЕСІЗ ӘҢГІМЕ

414

- Advertisement -

Ол Көпен Әмірбектің ақын досы Асқаржан Сәрсек еді…

Бүкпесіз әңгіменің бүгінгі қонағы сықақшы-ақын, Қазақстан республикасы президенті сыйлығының лауреаты Көпен Әмірбек

«Бір отар қойдың шуылы бір оркестр еді»

– Көпен Әмірбекұлы, сіздің сатираңызға, қалжыңдарыңызға, тапқырлығыңызға тамсанатындар өте көп. Жалпы әзіл-оспаққа жақын болуыңызға не себеп болды? Қайта оралмас бала күніңіз қай жақта өтті?
– Әңгімеміз әріден басталатын болды ғой. Менің шешем – он құрсақ көтерген алтын алқалы батыр ана. 7 ұл, 3 қызды өмірге әкелді. Солардың ішінде тұла бойы тұңғышы – менмін. Бірақ мен атамның баласы саналып, әжемнің қолында өстім. Әкем мен шешем Сырдария мен Амударияның ортасында қызылдың құмында, сыңсыған далада шопан болған кісілер. Ұжымшардың бір отар малын бақты. Айдалада ақбоз үй. Біз бала күнімізден сусыған құм, сексеуіл, жантақ, жусан, түйе, қой, қозы, қоян, қоянның көжегі секілді табиғи нәрселерді көрдік, өсімдіктер мен жануарларды көріп, ұстап, сезініп өстік. Сол сыңсыған далада кеурік деген емдік қасиеті бар шөп өсетін. «Кеурікті бір ай жеген кісі құрт ауруынан жазылады», деп жататын үлкендер. Есейе келе айдалаға шалаш орнатып немесе киіз үй тігіп, кеурікпен емделгендерді көзіміз көрді. Ауруханадан шығып қалған, өмірден күдер үзген адамдардың өзі кеурікті бір ай жеп, ауруынан құлан таза айығып, аттай шауып кететін.
Айдаладағы ақбоз үйімізге көктемге қарай бір ақсақалды ата келетін. Үлкендер: «Сағыр ата келді, сағыр кісі келді», – деп жататын. «Сағыр» деп бала-шағасы, отбасы жоқ, салт жүрген, бәдеуи адамды атайтынын беріректе білдік. Біз сол сағыр атадан батырлар жырын үйрендік. Әлгі ақсақал «Алпамыс», «Қобыланды», «Қыз Жібек» жырларын бірнеше сағат отырып, жырлайтын. Балаларға тақпақ, жаңылтпаш үйрететін. Қазақы құндылық сол арқылы құлаққа сіңді. «Алпамыс» жырының кесек-кесек үзіндісін қайталап айттық. Сағыр кісі күндердің күнінде көзден ғайып болады. Ал біздің құлағымызда жырлар жатталып қалатын. Осы күні айтсаң, адам сенбейтін нәрсе. Үлкендер үйге сыйлы кісілер, қонақ келген кезде батырлар жырын бізге айтқызады.
– Баяғы өткен заманда,
Дін мұсылман аманда.
Жиделі Байсын жерінде,
Қоңырат деген елінде.
Байбөрі деген бай бопты,
Төрт түлігі сай бопты, – деп бастап, бірнеше шумақты төгіп-төгіп жіберіп, әрең тоқтаймыз. «Қобыландыны» айтамыз. Тұлпарлардың шабысы, қырдан қарғып, ордан орғып кетуі сурет болып, көз алдымыздан кетпей тұрып алатын. Әрі-бері өткен жолаушылар тілімді қызықтап, мақтап-мақтап, батырлар жырын айтқызады. Зулатып айта жөнелемін. Әжем тоқтатты. «Көз бар, тіл бар, алтыным», – деп көп айтқызбайтын. Мен содан, әрі дами алмай қалдым. Кім біледі, «Көз тиеді» деп әжем тоқтатпағанда жыршылықпен де талай жерге барар ма едім.
– Қазақылықты даланың өзінен, табиғаттан үйренген екенсіз ғой. Біз қазір сіз айтып отырған табиғи қасиеттерді жоғалтып алған жоқпыз ба?
– Солай деуге болады. Біздің алғашқы тыңдаған әніміз бозторғайдың шырылы, аттың дүбірі. Одан кейін көктемнің кезінде жүздеген қой-қозының жамырап, табысып жатқан кездегі дыбыстары маған оркестрдің үніндей сезілетін. Бір қора қойың – бір оркестр. Есейгенде ең әдемі иіс француздардың әтірінің иісі деп естідік қой. Жоқ ол пікірмен мен мүлдем келіспеймін. Біздіңше, ең әдемі иіс – жусанның иісі. Қазақтың тіршілігінің өзегі – төрт түлік, қой қораның иісінің өзі ерекше. Мен өзіміздің Ұлы Дала табиғатын, сонда өсетін табиғи шөптердің иісін ешқандай мемлекеттің құндылығына айырбастамас едім.

Түкібай келмей түк бітпейді

– Әке бейнесін көз алдыңызға қалай келтірер едіңіз? Әжем деп елжіреп отырғаныңыз кім? Сол кісі жайлы да толғана отырсаңыз…
– Әкем Әмірбек үш жасында әкесінен жетім қалыпты. Оның әкесі Түкібай атам – көкпаршы, домбырашы, суырып салма ақын болған кісі. Заманында небір тамаша жиындар Түкібай бармай басталмайды екен. Елдің үлкендері: «Түкібай келмей түк бітпейді» деп қанша кешіксе де, оның келуін күтеді екен. Одан жалғыз бала – менің әкем. Әмірбек бір ағайынның есігінде қозы бағып өседі. Түкібайдың арғы ағайын атасы бір жастау әйел алған көрінеді. Сол қария қайтыс болып, жас келін күйеуге шықпай, жесір қалады. Сол Тәттігүл әжем Түкібайдың соңғы тұяғы 3 жасар Әмірбек қайда деп іздеп тауып, Әмірбекті 9 жасынан асыраған екен. Әкем домбыра тартатын, кісілердің көзінше емес. Жұмысынан шаршағанда шалқасынан түсіп, шаңыраққа қарап жатып, шертпе күйлерді тартатын. Шертпе күйдің шебері болмаса да, соған таяу болатын. Әкесінің қанынан келсе керек.
Шешем мені үш ай ғана емізіпті. Әрі қарай: «Бұл бала менікі, аулақ жүр», – деп анама жолатпай, әжем бауырына басыпты. Сол кезде біздің үйде 200 ешкі болған деседі. Әжем сол ешкінің сүтін беріп, жетілдіріпті. Ешкідей көп қозғалып, жер-көкке сыймай секеңдей беретінім, содан болса керек сірә. Әжем жолы үлкен деп, атымды ешкімге айтқызбаған. «Көпенжанымның атын мен ғана атаймын» депті. Кішкентай кезімде басым қазандай болса керек. Жеңгелерім «Шарабас» деп атап кетіпті. Әжем де: «Алпыс қойдың терісі-ау шықпаған шарабас, жетпіс қойдың терісі – жең шықпаған шарабас, тоқсан қойдың терісі – тон шықпаған шарабас», – деп әндетіп, мені жұбатып отыратын. Сәл есім кіргенде: «Алпыс қойдың терісі-ау шықпаса, жетпіс қойдың терісі – жең шықпаса, ол қандай алып адам болды, ол қандай батыр», – деп таңданушы едім. Сөйтсем ол бізді жетілдіру, тәлімге, тәрбиеге жетелеу, рухты көтеру екен. Қазақтың әдет-ғұрпын сақтаған нәрсе – рух. Ал қазір біз біртіндеп сол асқақ рухымызды жоғалтып бара жатырмыз.
Сол әжем анама: «Әй, келін, мына Көпенжанымның келіншегін жұмсаймын деп тұрсың ғой, ә. Дәметпе. Мен өзім жұмсаймын» дейтін. Неткен рух, мықтылық десеңізші! Жасы сол кезде 80-нен асқан әжем мені келінінен қызғанып, әлі 20 жыл өмір сүреріне сенімді сөйлеп отыр ғой. Сол жылдары әкемнің немере ағасы қайтыс болды. Әкем мен анам ұжымшардың бір отар қойын тапсырып, Отырарға, Шәуілдірге келді. Мектепке бардым. Балтакөлдің жанында Көлқұдық деген елді мекен бар. Сонда мешіт бар екен. Мектебіміздің түрі – сол. Сонда бір бөлмеде төрт класс оқыдық. Төрт шалдың суреті тұрады. Мені мектепке әжем ертіп барады. Балалық көңілмен «Әже, анау ілініп тұрған төрт ата кімдер?», – деп сұраймын. Әжем: «Қайдан білейін. Осы мектепті қожа-молдалар салды деуші еді. Солардың суреті шығар», – дейтін. Бала болсам да сезем, әлгі суреттер біз көріп жүрген қожа-молдаға ұқсамайды. Менде осылай балалық кереғар көзқарас қалыптасты. Сөйтсем, олар сол заманның көсемдері Маркс, Энгельс, Ленин, Сталиннің суреттері екен. Мені анамнан қызғанып, қызғыштай қорыған қайран әжетайым он жасымда өмірден озды.
– Тәттігүл әжеңіздің тәрбиесі сізді талай-талай тағылымды жолдарға жетелеген екен — ау!
– Оған сөз бар ма? Мені әлдилеп отырып, «Бесік жырын» сол кісі айтты. Айтып ғана қойған жоқ, ұлттық құндылық, рухты, қазақы болмысты қаныма әже әлдиімен бірге құйды. Біз осылай қазақ музыка әлемінің бастауы, алтын бұлағы – аналар әлдиі, бесік жыры екенін сезіндік. Біз сол кезде «Мәрт» деген сөзді естідік. Естісек те, мағынасын түсінбедік. Есейе келе «Мәрт» ұғымы «Бірсөзді», «Жомарт», «Үлкен жүректі» деген мағыналарға келетін сөз екенін білдік. Сөйтіп, шетімізден мәрт болғымыз келді. Мәрт боламыз деп жүрдік. Кейіннен қоғам өзгерді, заман түрленіп, заңдар жаңарды. Жаңа заңдар, құқығыңның қорғалғаны дұрыс шығар. Біз бірақ мәрттігімізді жоғалтып алдық. Ондай асыл қасиеттен айырылып барамыз. Бұрын адамдар мәрттік жасап, бір-бірінің қолын алып, уәделесетін. «Ал келістік», – деп шартта-шұрт қол алысатын. Ол жерге мөрдің де, төрдің де керегі жоқ болатын. Ол келісім, ол уәде ешқашан бұзылмай, жүзеге асатын. Ал қазір наториуске барып, заңмен растап, шарттасқанның өзінде талай уәде бұзылып, соңы сотпен, адамдар арасындағы тұтанған отпен аяқталып жатады. Мұның бәрі жоғарыда айтылған кісілік қасиеттердің кемдігінен, мәрттіктің жоқтығынан пайда болған қасіреттер дер едім.

Бәсекелестігім бесінші сыныптан басталды

– Бала күндеріңіз көңіліңізде жақсы сақталған екен. Тағы қандай қызықтарыңыз, өкініштеріңіз бар?
– Ауылымызда Тасқынбай деген бала болды. Менімен жасы шамалас. Күйші, домбырашы болатын. Бесінші сыныпта оқитынмын. Бір жолы сол Тасқынбай маған «Кеңес» күйін және «Қамажайдың» әуенін үйретті. Артынша біздің үйде бір отырыс жиын өтіп, алқалаған жұрт Тасқынбайға күй тартқызды. Ол бірнеше күй тартып берді. Сосын қариялардың біреуі: «Уа, Әмірбек, сенің мына Көпенің күй тарта ала ма?», – деді. «Тарта алмайды», – деді әкем, ол кісі менің Тасқынбайдан тәлім алып жүргенімді білмейтін. «Тартады. Мен үйреттім», – деді Тасқынбай. Сол жерде «Кеңес» күйі мен «Қамажайды» тартып бердім. Төрде отырған бір ақсақал «Ой, айналайын, өркенің өссін», – деп, маған 1 сом берді. Маған үйреткен Тасқынбайға ешкім ештеңе бермеді. Домбырашының әкесі де сонда отыр еді. Сол жиыннан кейін Тасқынбай мені қасына жолатпады. Әкесі де: «Әмірбектің баласына бірдеңе үйретуші болсаң, менен жақсылық күтпе», – деген болуы керек. Осылайша, менің домбырашылығым да орта жолда үзілді. Кім біледі, сол жолы Тасқынбайға қиянат жасалмағанда, менің домбырашылығым дами түсер ме еді. Шәміл Әбілтаевқа жетпесем де, жақсы күйші, термеші болып кетер ме едім деп осы күні ойлаймын. Сөйтіп, менің бәсекелестігім бесінші сыныптан басталған.
– Сатираға қалай келдіңіз?
– Мектепті бітірген жылы жоғары оқу орнына түсе алмай, құлап қайттым. Ол маған үлкен соққы болды. Намыстандым. Қыркүйек айының алғашқы күндері еді. Сүмірейіп үйге келдім. «Оқуға түстің бе?» – деді әкем. «Оқуға түскен бала осылай басы салбырап, сүмірейіп отыра ма?», – деді анам. Әңгіме осымен бітті. Аудандық халық театрына жұмысқа тұрдым. Түрлі рөлдерде ойнай бастадым. Бейімбет Майлиннің шығармасындағы Сайын болысты, Қуандық Шаңғытбаевтың «Беу, қыздар-ай!» комедиясында Әубәкір ақынды сомдап, өзімше «актер» бола бастадым. Ол кезде сықақ жазатындар ат төбеліндей ғана. Асқар Тоқмағамбетов, Оспанхан Әубәкіров, Шона Смаханұлы жазған сықақ өлеңдерді ауыл-ауылдарға шыққанда таңдайым тақылдап жатқа оқимын. Бір жолы алыс ауылдың біріне барып: «Асқар Тоқмағамбетов «Май мұрынға май шелпек…» деп оқи бастап едім. Алдыңғы қатарда отырған бір әже:
– Әй, айналайын, осыдан басқа өлеңің жоқ па? Өткенде біреу осыны оқып кетті. Келесі келген біреудің де оқығаны осы. Енді сен қайталап тұрсың, – деп ұрсып берсін. Мен бұрылып сахнадан шығып кеттім де, өзім неге сықақ жазбаймын деп ойланып қалдым. Сөйтіп, сол күннен бастап өзім сықақ өлең жазатын болдым. Келесі концертте өзім жазған екі сықақ өлеңді оқып едім, көпшілік жылы қабылдады. Осы күні әлгі маған ұрсып берген, алдыңғы қатардағы әжеге риза боламын. Сол кісі: «Әй, бала…», – деп тоқтатпағанда талай жылға дейін жұрттың сықағын оқып жүре берер ме едім. Сатираға, міне, осылай келдім. Келесі жылы Қазақ мемлекеттік университетіне оқуға түстім. Сол жылы Оспанхан Әубәкіров республикалық «Лениншіл жас» газетінде (қазіргі «Жас Алаш») «Сүзеген сөз» деген сатиралық бет ашты. Сол басылымда 1-курс студенті менің де сатиралық өлеңдерім шығып тұрды. ҚазМУ-да «Аққу» деген ансамбль болды. Соның құрамында іс-шара, кештер өткізіп те, сықақ өлеңдер оқып та жүрдім.
– Сатира сардарларымен алғашқы кездесулеріңіз есіңізде ме?
– Төртінші курста жүргенімізде университетте Сырбай Мәуленов, Ғафу Қайырбеков, Қалтай Мұхамеджановпен кездесу болды. Жақсы кездесуден әсерленіп отырмыз. Ағалардың әр сөзін алтынға бағалап, көңілге құйып алғанбыз. Кезегі келгенде студенттер кеш қонақтарының өлеңдерін оқи бастады. Көпшілігі лирикалық өлеңдер. Кенет мен Қалтай Мұхамеджановтың «Қуырдақ дайын» деген сықақ өлеңінен Ережептің монологын оқи жөнеліп ем, зал қыран-топан күлкіге батты. Қалтай ағамыз да жадырап, көңілдене түсті. «Өзің сықақ өлең жазасың ба?», – деді. «Жазамын», – дедім.» «Ертең маған әкеліп бер», – деді. Ертеңіне Қалтай ағаға үш өлең апарып ем, соның екеуін «Ара» журналына «жарқ» еткізіп басып жіберді.

Ажал да – адамның ұстазы

– Мүйізі қарағайдай ағаларға жас кезіңізден танылған екенсіз. Олар жайлы айтарыңыз көп шығар?
– Оның рас. Біз басында құмның кішкентай түйіршіктеріндей едік. Таудың тасындай болып қалыптасуымызға кімдер әсер етті дейсіз бе? Ал саусақ бүгіп санай беріңіз. Асқар Тоқмағамбетов, Сейіт Кенжеахметұлы, Қалтай Мұхамеджанов, Оспанхан Әубәкіров, Үмбетбай Уайдин, Шона Смаханұлы, Жүсіп Алтайбаев, Мыңбай Рәш, Ғаббас Қабышұлы. Жарау аттай жер тарпып тұруымызға міне осы кісілердің септігі тиді. Осы кісілердің атын байлап, қолына су құйып өстік. Одан жаман болған жоқпыз. Қазір осы алыптардың соңында көзі тірі Мыңбай Рәш пен Ғаббас Қабышұлы ғана қалды. Олардың өзі қарттықтың қатал талабына бағынып отыр.
Ұстазымдай болған кісілердің өмірден озғандарына топырақ салған адаммын. Оспанхан Әубәкіров 51 жасында дүниеден өтті. Топырақ салу – о дүние мен бұ дүниенің айырмашылығы. Менің бір түсінгенім, ажалдың өзі – адамның ұстазы. Бес күндік жалғанға қонақ екеніңді, қабірдің басына барғанда, қайтқан кісіге топырақ салғанда түсінесің, сезінесің. Иманың артады.
Ұстазым Шона Смаханұлына арнайы топырақ салу үшін Жазушылар одағынан белгіленген өкілдер құрамында Талас ауданының «Ойық» кеңшарына барғанымыз бар. 1988 жылдың қара күзі еді. Сонда естен кетпейді. Бізді «Ойық» кеңшарының директоры Ералы Дадабаев қарсы алып, арнайы қонақ ретінде жағдайымызды жасады. Алматыдан келген жазушылар ол кісіге риза боп қалғанымыз бар. Жаназа рәсіміне қатысты жұмыстарды да кеңшар директоры өзі ұйымдастырып, жерін дайындаттырып қойған екен. Шона ағамыз көзінің тірісінде өзіне құлпытас жасатып, Ойықтағы жақын ағайындарының бірінің үйіне сақтап қойған екен. Ұстазымыздың басына сол құлпытасты қойысып, Құранға қол жайған едік.
– Оспанхан Әубәкіровпен жақын жүрген, сырласқан күндерден естелік айта отырсаңыз…
– Мен жалпы сатирик ағаларға еркелеп өскен екенмін. Оны кейінірек сезіндім. 25 жастан асқан кезімде бас құрап, Шәуілдірде үйлену тойын өткіздім. Сонда Алматыдан арнайы Оспанхан Әубәкіров пен Әнуарбек Дүйсенбаев ақын ағаларым келген еді. Шәуілдір қайда, Алматы қайда? Екеуі де – классиктер, әбден мойындалған ақындар. Жердің түбіндегі, 25 жастағы менің тойыма осындай ағаларымның келуі – мені еркелеткендері, шексіз құрметтері, болашағыма үмітпен қарағандары, үлкен ағалық көңілдері деп түсінемін. Ал қазір ондай алысқа ат шалдырып баратындар аз. Жолыңды көтерем, атыңды мінгізем дегенде әрең-әрең қимылдайды.
Мен Оспанхан ағадай әулие, жаны таза адамды көрмедім. Көңілі баланың көңіліндей кіршіксіз еді. «Ара» журналында бірге қызметте жүргенде ол кісінің табиғи талантына талай тәнті болдым. Мені «Базаршы бала» деуші еді. Әрі-бері жұмсағанына, қол-аяғым жерге тимей, жүгіріп тұратынмын. Осындай ағалардың алақанында жүргеніміз сәтті жылдар екен. Оспанхан, Шона ағалардай аяулы ұстаздарды қазір сағынып жүрміз.
– Жамбыл өңіріне жолыңыз түсіп тұрады. Алдыңғы сұхбаттарыңызда жамбылдық қаламгерлер Мақұлбек Рысдәулет, Асқаржан Сәрсек туралы айтып өткен екенсіз. Ақын Асқаржанмен достығыңыз қай кезден басталып еді?
– Мектепте жоғары класта оқып жүргенімде республикалық «Пионер» (қазіргі «Ақ желкен») журналына, «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газеттеріне өлең, мақала жолдай бастадым. Оңтүстік Қазақстан облысынан мен жолдаймын, Жамбылдан Асқаржан Сәрсек жазады. Жазғанымыздың бірі шықпаса, келесісі жарық көріп жатады. Тағы бір өңірден Күмісбек Әмірбеков деген оқушы түрлі, қызықты, әдемі фотолар жолдайтын. Асқаржанның аты-жөнін алғаш сол басылымдардан білдім. 1968 жылы ҚазМУ-ға екінші рет тапсырып, түсіп кеттім. Жамбылдан барған Асқаржан сол оқуға түсе алмай қайтты. Бірақ сол жерде танысып, жақсы дос болып кеттік.
Асқаржан ерекше адам, өзіндік ерекшелігі бар ақын еді. Ол бір өлеңді бір жыл жазатын. Жанрға деген жанашырлығы керемет еді. Біз бүгін жазылған өлеңді, ертең апарамыз ғой. Ол өйтпейтін, әбден пісіріп, иін қандырып барып, оқырманға ұсынатын. Өлең деген – топырақ қой. Бейнелеп айтқанда, жай топырақ. Топырақты илеп, оны қалыпқа құйып, пешке салып қыздырмайсың ба? Сол кезде сапалы, күйдірілген қызыл кірпіш пайда болмай ма? Қызықты өлеңді де дәп сол қызыл кірпіштей сапалы деңгейге апару – үлкен жұмыс, ерекше өнер. Мұндай іс Асқаржан Сәрсектің қолынан келді. Сондықтан болар, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мұзафар Әлімбаев: «Балалар әдебиетіне классик келе жатыр», – деп жоғары бағалады. Ал Қадыр Мырзалиев болса: «Көз тимесін», – деді. Түсінген адамға оның арғы жағында ғаламат астар, тереңдік жатыр емес пе?
– Пойызда болған, Асқаржан ақынға қатысты бір әңгімеңіз бар деседі жұрт…
– Халық айтса, қалт айтпайды. Ол былай болған. Күндердің бір күнінде Алматы –Шымкент бағытына қарай пойызбен келе жатып, шәй-пәй ішуге вагон ресторанға кіріп бармаймын ба? Сол жерде бір жігіт мені «Көпен аға, қалыңыз қалай? Келіңіз бірге шәй ішейік», – деп бас салды. Өзі өте көңілді. Сөйтсем әлгі азаматтың Жамбыл облысы әкімінің орынбасары болып жаңадан бекіп, қуанып келе жатқан беті екен. «Аға, осындай жаңалығым бар. Мынау сізге жуғаным болсын», – деп маған 1 мың доллар ұсынды. Мен сонда әлгі «көк қағазды» бес саусағыммен бастым да: «Інім, дәрежең өсе берсін. Пейіліңе рахмет. Мен осы сыйыңды алдым деп есептеймін. Бірақ бір өтініш. Тараз қаласында Асқаржан Сәрсек деген ақын досым бар. Өзі жадау-жүдеу. Бұл ақшаны сол ақынға берсеңіз, мен өте қуанышты болар едім», – дедім. Жаңағы жігіт: «Дұрыс аға, өтінішіңізді орындаймыз», – деп Асқаржанның телефонын, мекен-жайын жазып алды.
Үш күннен кейін Асқаржан Сәрсек маған телефон арқылы хабарласады. Дауысы жарқын-жарқын шығады, көңілді. «Уа, Көпен досым-ау, сізді облыс әкімінің орынбасары шақырып жатыр дегенде, жүрегім тоқтап қала жаздады. Тағы не бүлдіріп қойдым деп. Барғанда жағдайдың мүлдем бөлек екенін білдім. Рахмет. Үйдегі таусылуға айналған бір қап ұнды қарызға алып, құтыла алмай отыр едік. Мынау аспаннан түскендей керемет олжа болды», – деп ақын досым шын пейілімен қуанды. Оның риясыз күйіне мен де ризамын. Өмірде бір адамды шынайы қуандырдым-ау деп ойлап, рахаттанып, бойым жеңілдеп сала берді. Өзгені шынайы қуантқанның сауабы бір бөлек, ләззатының өзі өте тәтті болады екен ғой.
Тағы бірде бір ауданнан шыққан жерлес кәсіпкер інім ел жаққа демалып қайтуға шақырды. Өзі көлікпен қамтып, жаны қалмады. Жаз мезгілі. Жол жөнекей Тараздан Асқаржан Сәрсек досымды ала кеттім. Арыс өзені Сырдарияның бір сағасына барып құяды. Сол жерге шатыр тігіп, шалқадан түсіп жаттық. Ыстық, шағал құм табанды қуырады. Асқаржан екі күн бойы күнге қыздырынып, суға түсіп, көңілденді. Алдымызға балықтың неше түрі келіп жатыр. Табандары жерге тимей інілер қызмет жасап жүр. Ол жолы да ізеттің барлығын Асқаржанға жасаттым. Риза болды. Баладай қуанып: «Көпен, соңғы жылдары жөнді терлеп көрмеп ем. Осы екі күн керемет терледім, жаным жадырады», – деді. Ақынның бой жазуы ма? Арада бір ай өткенде Асқаржан Сәрсек өмірден озды. Дос қайғысын бөлісіп, әлі күнге есімін құрметтеп жүрміз. Аягөз деген жары бар. Сол арқылы Асқаржаннан қалған еңбектерді, өлеңдерін алдырдым. Енді Асқаржанның жыр кітабын шығару ойымда бар. Алла бұйыртса, ол ойымды жүзеге асырамын.

Тәуелсіздік қолымыздағы – алтын

– Сіздің курстастар арасынан кілең мықты ақын-жазушылар шыққанын білеміз. Айтыстың жүргізушісі, ақын Жүрсін Ерман да сіздің курстасыңыз ба?
– Жоқ, Жүрсін бізден бір курс жоғары оқыды. Бірақ бірге жүрдік. Бір курста ұлы бар, қызы бар 50 студент оқыдық. Солардың тоқсан пайызы ағып тұрған ақын еді. Дегенмен ақынның да ақыны бар емес пе? Олардың арасынан Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Күләш Ахметова, Қайырбек Асанов, жазушылықта Марат Қабанбаев, Кәкен Хамзин, Мақұлбек Рысдәулет жарып шықты. Әсіресе Кәкен Хамзин ерте танылды. Оның «Жұлдыздар жылайды» деген әңгімесін «Қазақ әдебиеті» газетінен оқыған классик жазушы Ғабит Мүсірепов: «Кәкеннің мынау бір сөйлемін бір жылқыға айырбастамас едім», – деп жоғары бағалады. Осы мақтауды Кәкен көтере алмаған сияқты. Содан кейін мандытып ештеңе жазбай, ғылымға кетіп қалды. Ол: «Жазған соң Ғабит Мүсірепов мақтағандай жазу керек. Оған қабілетің жетпесе қою керек», – деген ұстанымды ұстанған сияқты. Әйтпесе, өте білімді. Университетті кілең бестік бағамен, үздік бітірген, бір «4» алмай кеткен студент болатын.
Ақыры бастадық, Мақұлбек Рысдәулет құрдасым туралы айтайын. Әлгі 50 студенттің 9-ы – қыз, 41-і – жігіт. Солардың бірі – «маң-маң басқан маң басқан, шудаларын шаң басқан», «атан түйе» секілді апай төс, маңғаз мінезді Мақұлбек болатын. Кейін білдік, біздің марқасқа Мақұлбегіміз алты алаштың аузындағы Бауыржан Момышұлы, Құрманбек Сағындықов, Шерхан Мұртазаның кіндігі кесілген Жуалы жерінен екен. Бәсе, парасаты, өткір сөзі, сабырлы мінезі тектілерге ұқсаушы еді. Бірінші курстың соңында әйгілі режиссер Сұлтан Қожықов пен Виктор Пұсырманов факультеттерді аралап жүріп, түйедей-түйедей жігіттерді іріктеп, төрт жігітті «Қыз Жібек» фильмін түсіру үшін аттай қалап алып кетті. Соның бірі – Мақұлбек. Ала жаздай Күрті өзенінің бойындағы Тасқотанда Нұрғиса Тілендиев, Ыдырыс Ноғайбаев, Асанәлі Әшімов, Әнуарбек Молдабеков, Құман Тастанбеков секілді актер ағаларымен араласып, әңгімелерін құлағына құйып, есейіп оралды. Дүниетанымы, тіршілікті қабылдауы мүлдем бөлек. Байпағын сүйреткен бала Мақұлбек емес, басқа Мақұлбек. Үшінші курста бірге оқитын Дәметкен Ахметова деген қызға үйленді. Дәметкен – пысық қыз. Орысша сөйлесе, орыстардың аузын аштырмайды. Немісшесінің өзі біздің орысшамыздай. Мақұлбек ол қызды қашан айналдырып, қашан махаббат құрды, ешкім білмейді. Алғашқы курстардың бірінде Жуалыға Мақұлбектің үйіне бірге қыдырып бардым. Сонда ата-анасы маған көк жемпір сыйлады. Сол жемпірді төрт жыл киіп, жылынып жүрдім. Соңғы курста: «Сенің үйіңнен шыққан бұйым. Өзің ки енді», – деп жемпірді Мақұлбекке қайтардым. Сонда барлық курстастар «Ойбай, Мақұлбекті қара, Көпеннің көк жемпірін киіп алыпты» деп шулағаны бар. Ол да бір қызық шақ. Қазір марқұм Мақұлбек досымның ұл-қыздарына сабыр, амандық тілеп отырмын. Мақаңдай адамды мақтан тұтуға болады.
– Биыл өзіңіз білесіз, бірнеше мерейтой келе жатыр. Ата Заңымыздың қабылданғанына – 25 жыл. Әл-Фарабидың, Абай Құнанбаевтың мерейтойлары мемлекеттік деңгейде тойланатын болды. Осының бәрі Тәңір сыйлаған Тәуелсіздігіміздің жемісі емес пе? Тәуелсіздікті, елдікті, бүгінгі күнімізді жамандап, тілін безейтіндер бар. Оларға не дейсіз?..
– Менің ойымша, Тәуелсіздік алу, Тәуелсіздікке тәу ету оңай нәрсе, ең қиыны – соны сақтау. Тәуелсіздік – алтын. Сол алтынның қадіріне жетеміз бе, жетпейміз бе? Мәселе осында. Кешегі күні Ахмет Байтұрсынов, Мұстафа Шоқай, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов секілді арыстарымыз ұлт қамын жеп, ел мүддесін ойлады. Олар ұлт мүддесін өз мүддесінен жоғары қойды. Осындай ұғым, осындай отаншылдық жастардың бойында қалыптасса, Тәуелсіздігімізді мәңгілік дей беріңіз. Бір мысал айтайын. 16 ғасырда Канада деген елді испандар жаулап алған. «Канада» дегеннің мағынасының өзі «Еркін ел» дегенді білдіреді екен. Сол кезде 15 миллион үндіс бар көрінеді. Аз уақыттың ішінде азайып, 800 мың ғана үндіс қалады. Сол 800 мың ішінен бір миллиардер бай шықпай ма?! Одан замандастары «Байлық бақыт па?» – деп сұрапты. Сонда әлгі: «Байлық бақыт емес. Мен бар байлығымды өз елім Канаданың бір күндік Тәуелсіздігіне айырбастар едім», – деп жауап беріпті. Басымызға қонған бақты, Тәуелсіздік бағын осы тұрғыдан қарап, бағаласақ, көп жақсылықтарға жетеміз.
– Елдің еркесіне айналған Көпеннің өкініші бар ма?
– Өкінішім көп емес. Ертеде бір данышпан қарт: «Әй, бала, тоқташы, бір әңгімелесейік» депті. Сонда әлгі бала: «Ата, аспандағы күнді қозғалтпай ұстап тұра алсаңыз, сізбен ұзақ сөйлесейін», – депті. Бала да тегін емес қой, «Уақытым жоқ», – дегені ғой. Сол айтқандай жылдарым зымырап өтті. Басты өкінішім – уақытымды ұстап тұра алмадым. Құдай маған қабілет-қарым, талант берді. Мен сол қарым-қабілеттің қадірін білмей, қажет жеріне жұмсамадым. Тоқсан пайыз қабілетімді пайдалана алмадым. Бара жатқанның балтасын, келе жатқанның кетпенін шаптым. «Ара» журналында, Бас прокуротурада, Жоғарғы сотта баспасөз қызметінде істедім. Соның бәрі тексеріс болатын. Елден келген арыз-шағымды тексеріп, фельетон жазып, өмірім өтті. Республика көлемінде мен бармаған аудан, мен бармаған ауыл жоқ. Арыздың соңында жүріп, бәрін араладым. Заңсыз жұмыстан шыққанды орнына оралтып, жазықсыз істі болғанды соттан арашалап жүріп, шығармашылығымды шет қалдырыппын. Адамдардың қуанғанына бірге қуанып жүре беріппін. Егер сол жылдардың барлығын Әбдіжәміл Нұрпейісов құсап жеке шығармашылығыма арнағанымда, бірқатар жетістікке жетер ме едім, кім біледі!?
Жалпы құдайға шүкір, біреуден ілгері, біреуден кейін дегендей, өмір өтті. Уақыттың қысқалығына өкінішім болғанмен, өмірге, тағдырыма өкпем жоқ.
– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Есет ДОСАЛЫ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support