Педагог өз мәртебесін өзі көтеріп жүр ме?

13

Сонымен көптен күткен «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданды. Жыл басынан күшіне енген бұл Заң өңірдегі 27 мың мұғалімнің көңілінен шықты ма? Жалпы, әуел баста құжатты әзірлеу мақсаты – педагогтердің мәртебесін, мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекемелер қызметкерлеріне барлық игілікті қарастырып, жүктемені азайту, жөнсіз тексерістер мен міндеттен тыс функциялардан арашалау болатын. Өйткені бұл Елбасының 2018 жылы 5 қазандағы Жолдауында тайға таңба басқандай жазылған. Соңғы жылдары қағазбастылыққа көмілген, өз уақытын аямаса да өзгенің уақытын аялаған ұстаздар қауымының қай үміті ақталды, қай арманы орындалмай қалды?Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханада өткен «Өркениеттің бастауы – мұғалімнің мәртебесі» тақырыбындағы дөңгелек үстелде осы мәселе талқыланды. «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы облыс бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты ұйымдастырған жиынға сала бойынша жауапты өкілдер қатысты. 

Институт директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Гүлшат Медетбекова

Институт директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Гүлшат Медетбекова қатысушыларды еркін пікір алмасуға шақырып, әр ұстаздың алдына қойған мақсатына жетуі үшін оның біліктілігі мен білімі, ұстанымы анық болуы керек екендігін айтып өтті. Ал жиынның модераторлары Гүлхан Аманова мен Ләйлә Сейдазимова 21 баптан тұратын жаңа заңның әр бабы бойынша жауапты тұлғаларды әңгімеге тартып отырды. Жаңа заң педагог мәртебесін айқындап, педагогтің құқықтарын, әлеуметтік кепілдіктерін және шектеулерін, міндеттері мен жауапкершілігін белгіледі.

 

 

 

«Жамбыл облыстық Кәсіподақтар орталығы» аймақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Бақтияр Қарауылов

«Жамбыл облыстық Кәсіподақтар орталығы» аймақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Бақтияр Қарауылов аталған заңның қабылдануы қаншалықты керек болғандығы төңірегінде ой қозғады.
– Әр адам өмірінің ұзақ мерзімін педагогтің алдында өткізеді. Балабақша, мектеп, жоғары оқу орны дегендей. Ұстаз еңбегінің қай жағынан болса да қорғалып, әлеуетін көтеру заман ағымымен үндесуі керек. Елбасының 2018 жылғы Жолдауында педагог мәртебесін көтеру жөнінде заң қабылдау керектігі баса айтылды. Осыған орай арнайы жұмыс тобы құрылып, заң қоғамдық талқылаудан өтті. Заң мұғалімдердің мәртебесін айқындап отыр. Дегенмен заң жобасын талқылау барысында көптеген ұсыныстар түскен болатын. Өкініштісі оның біразы енбей қалды. Мұғалімдерді сауықтыру шаралары екі еселенсе екен, зейнет жасын қысқарту, ұстаздарға жеңілдетілген несие беру деген секілді ұсыныстар ескерілмеді. Алайда мұғалімдер үшін біраз жеңілдіктер қарастырылған. Ауылдық жерге барған жас маманды жатақханаға орналастыру, жер учаскелерін беру секілді әлеуметтік қолдау бар, – деген Бақтияр Сайлаубекұлы аталған заңның 6-бабын түсіндіріп өтті.
Бүгінде жаңа заңды түсіндіру іс-шаралары қолға алынған. Бұл мақсатта облыстық білім саласындағы бақылау департаментінің қызметкерлері де белсенділік танытуда.

Департамент басшысы Дәмеш Үскімбаеваның

Департамент басшысы Дәмеш Үскімбаеваның айтуынша ендігі жерде мектепке келген жас мамандар ұжым алдында ант қабылдайды екен. «Қазір ант мәтіні қаралып жатыр. Мәтін жүректі қозғайтын, жас маманның жауапкершілігін еселейтін, азаматтық позициясын айқын жеткізе алатын жалынды болуы керек. Өйткені қанша заң қабылданғанымен ұстаз өз мәртебесін өзі көтереді. Сондықтан мектепке келген жас маман алғашқы күннен өз кәсібінің мәртебелі мамандық екендігін мақтаныш тұтуы керек. Біздің департамент тек тексеру шараларымен айналысып қана қоймайды, сонымен қатар әдістемелік көмек көрсетеді. Заңның 8-бабында педагогтің материалдық қамтамасыз етілу құқығы айтылады. Осы баптың 6-тармағында «Жергілікті атқарушы органдар педагогтерге республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің кемінде 300 еселенген мөлшерінде сыйақы түрінде қосымша ынталандыру төлемдерін белгілеуге құқылы» делінген. Яғни өз ісінің білікті маманы, үздік педагогтер осындай қолдаулар арқылы материалдық жағдайын көтере алады. Осылайша ынталандыру арқылы жас мамандар да біліктілігін көтеріп, үлгілі ұстаздардың қатарынан көрінуге талпынады. Өйткені заң аясында ендігі жерде мұғалімдер бес жылда бір рет тегін біліктіліктерін көтеріп отырады. Педагог – қастерлі мамандық. Екінің бірі педагог бола алмайды. Ол заңның 11-бабында анық айтылған. Мұғалімдердің қағазбастылығы, құжаттар айналымының көптігі жөнінде жиі сөз болады. Расында, кейде мұғалімдердің өздері өз құқықтарын білмей, өздерін қорғай алмай жататыны қынжылтады. «Білім туралы» заңмен толық таныспайды. Білім және Ғылым министрлігінің №32 бұйрығына сәйкес мектеп директоры және орынбасарлары тек бұйрықта көрсетілген құжаттар тізімі бойынша мәліметтер сұрау керек. 2012 жылдан бері ұлттық білім дерекқоры толтырылып келеді. Ондағы электрондық мәліметтер әр жылдың 31 қазанына дейін толтырылып, бір жыл бойы тұрады. Ұлттық білім дерекқоры ашық, қолжетімді. Үкімет, министрлік, құқық қорғау органы өкілдері өздеріне керекті құжаттарды осы дерекқордан ала алады. Мұнда білім мекемесіне қатысты керек мәліметтер толтырылады. Енді 1 ақпаннан бастап осы деректерді ұстаздардан жазбаша сұрауға құқымыз жоқ. Қағаз түрінде сұраған жағдайда әкімшілік жазаға тартылады. Ұлттық білім дерекқоры оқушылар қозғалысынан бөлек, мектепке қабылданған жас маман туралы толық деректер толтырылып, онда мұғалімдердің қай жылы курстардан өткені жайлы да мәліметтер енгізіледі. Соған қарап білім бөлімінің мамандары курстардан өту кестесін түзеп отырады. Тағы ескерер жағдай, осы дерекқор қорында мектептердегі оқушылардың сыйымдылығы, материалдық-техникалық базасының жабдықталуы секілді ақпарлар болады. Осы арқылы мектептердің ағымдағы және күрделі жөндеуден өтуі, жабдықталуына қаржы көздерін қарау жеңілдетіледі. Жалпы айтқанда мектептің жоғын түгендеуге ыңғайлы болмақ. Бұрынғыдай мектеп директоры мектепке керекті дүниелерді толтырып, білім бөліміне хат жазбайды. Барлығы Ұлттық білім дерекқорында анықталып тұрады. Ал ол дерекқордың сауатты толтырылуына мектеп директоры жауап береді. Біз осы дерекқордағы мәліметтерді нақтылап министрлікке беріп отырамыз. Екіншіден, мұғалімді балағаттаған оқушының ата-анасына айыппұлды білім сапасын қамтамасыз ету департаменті салады. Оған дәлел ретінде өтініш, аудио-бейне жазба болу керек. Немесе акт толтырылады. Бүгінгі күні сала министрлігінің бұйрығы шығып отыр. Осы бұйрықтың негізінде мектеп директоры және балабақша меңгерушілерінің жалақысы 30-дан 100 процентке дейін көтеріледі. Яғни жоғары санат – 100, бірінші санат – 70, екінші санат – 30 процентке көтеріледі. Әрине, директор мен меңгерушінің үстемақы алуы үшін тест тапсырып, білімі зерделенеді», – деді Дәмеш Шайхықызы.
Осы жерде департамент басшысына сауал тастаған

«Ерекше дарынды балаларға арналған маманданды-рылған «Дарын» мектеп-интернатының» қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, республикалық «Үздің педагог – 2012» байқауының жеңімпазы Базарбай Дүйсенбаев

«Ерекше дарынды балаларға арналған маманданды-рылған «Дарын» мектеп-интернатының» қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, республикалық «Үздің педагог – 2012» байқауының жеңімпазы Базарбай Дүйсенбаев: «Қазір мектептерде «Күнделік.KZ» және Ұлттық білім дерекқорын дұрыс толтырмаған ұстаздарға айыппұлды өз қалталарыңнан төлейсіңдер деген директорлардың жауапкершілігі қандай?» – деді. Департамент басшысы жауапкершілік директорға жүктелетіндігін жеткізді.
Мектептегі қағазбастылықтан шаршаған ұстаздар сағат алып, апталық жүктемені бөліскенде жүйкелері көтермей арты еңбек дауына ұласып жатады. Әрине, мұндай жағдайда шағымданушының барар жері – еңбек инспекциясы.

 

 

 

 

облыс әкімдігі еңбек инспекциясы басқармасының мемлекеттік еңбек инспек-торы Еркін Ибраймовтың

Өз тәжіри-бесінде мұндай жағдаймен жиі кездескен облыс әкімдігі еңбек инспекциясы басқармасының мемлекеттік еңбек инспек-торы Еркін Ибраймовтың айтуынша инспекция жеке мұғалімдерге ешқандай шара қолданбайды екен. Ондай шағым түскен жағдайда жұмыс берушінің, яғни мектеп директорының мәселесі қаралатын көрінеді.
– Мұғалімдердің еңбегі ерен. Сондықтан оқушыларға білім беріп, өнегелі тәрбие үлгісін көрсетіп жүрген ұстаздар арасында еңбек дауы шығып жатса қынжылатынымыз да рас. Ондай жағдайларда мұғалімдер өз беделіне өздері көлеңке түсіріп жатады. Әрине, мекемеге еңбек дауына қарай барамыз. Бірақ сол даулардың бізге жетпей өзара шешілгенін қалар едік. Өйткені кімнің қандай маман, кімнің қалай еңбек ететінін ортасы біледі. Мысалы, бір ұстаз құжатқа сауатты, ал білім беруге келгенде ақсауы мүмкін. Немесе керісінше мұғалім өте керемет ұстаз, бірақ қағазға келгенде нашарлау болуы мүмкін. Мұндай кезде ұжым мәселені біліп отырады ғой. Қазір барлық мекемелерде келісім комиссиялары жұмыс істейді. Инспекцияға шағым түсірмес бұрын даулар осы комиссияларда қаралуы керек. Оның үстіне қазіргі заң талаптары бойынша соттың өзінде еңбек даулары алдымен ұжымда талқыланбаса материал қаралмайды, – деді Еркін Тұрарұлы.
Заң қабылданбас бұрын көптеген ұсыныстар түскен екен. Оның қатарында жамбылдық ұстаздар 40 мыңнан аса ұсыныс беріпті. Оның көпшілігі заңда көрініс таппаған.
Бұл жайында сөз еткен

«Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы облыстық ұйымының Біріккен комитеті» филиалының төрағасы Жанболат Орынбеков

«Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы облыстық ұйымының Біріккен комитеті» филиалының төрағасы Жанболат Орынбеков заңда көп нәрсе орта білімге қатысты айтылғандығын алға тартты. Мектепке дейінгі білім мекемелері мен орта кәсіптік білімді айналып өтер тұстар да баршылық. Мысалы, қабылданған жаңа заңның 6-бабы 3-тармағында: «Мемлекеттік орта білім беру ұйымдарының педагогтерін олар кәсіптік қызметін жүзеге асыру кезінде мемлекеттік емес ұйымдардың іс-шараларын өткізуге тартуға жол берілмейді» делінген. Сонда мектепке дейінгі ұйым қызметкерлерін тартуға жол беріле ме деген ой туады. Әлде мемлекеттік емес ұйымдардың жоғарыдағы бапты жеке мектептердегі педагогтерді іс-шараларын өткізуге жұмылдыра алады деп түсінуіне бола ма? Жоқ «кәсіптік қызметін жүзеге асыру кезінде» дегенді сабақтан соң сүйреуге болады деп ұғамыз ба? Осыншама сұрақ туындамауы үшін мәтін «меншік нысанына қарамастан барлық мектепке дейінгі және орта, сондай-ақ кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарының педагогтерін» деп жазылуы керек еді…
– Заң мектепке дейінгі, орта, кәсіптік білім қызметкерлерін педагог деп атауды анықтап берді. Енді мектеп мұғалімдерімен қатар мектепке дейінгі мекеме қызметкерлері, білім бөлімінің мамандары 56 күн еңбек демалысына шығады. Яғни педагог өзіне тиесілі жалақысын алуы керек. Сондай-ақ қазір әлеуметтік желіде, газет беттерінде ұстаздар тарапынан болған көптеген ұсыныстар неге назарға алынбады деген талқылаулар көп. Иә, қосымша төлемдер тең дәрежеде болуы керек еді. Қаңтар айының басынан бері мұғалімдер 25 процент үстемақы алады. Ал қосымша төлемдер 1 қыркүйектен бастап жүзеге асады. Ауылдық жердегі мұғалімдерге 25 процент қосымша ақы төлеу мәселесі көтерілді. Ол да жергілікті атқарушы органдарға сілтеме жасалып қойды. Яғни жергілікті мәслихат шешімі шықса ғана беріледі. Бюджет көтермесе, берілмейді деген сөз. Мұғалімдер әскер қатарынан босатылды. Оның үстіне қазір педагогтер арасында кәсіби аурулар жиі кездеседі. Заңды бекітуде Денсаулық сақтау министрлігімен бірнеше мәселені қарау керек еді. Мұғалімдердің әлеуметтік жағдайын көтеруде біздің тәжірибемізде де көптеген мәселелер болып жатады. Сондықтан ұстаздар әдеп жауапкершілігі мен еңбек қатынасына қатысты мәселені шатастырып жатады. Осыны ескерсеңіздер екен, – деді Жанболат Тұңғышбекұлы.
Жиында облыс әкімдігі білім басқармасы оқу-әдістемелік кабинетінің «Білім сапасын басқару және менеджмент» бөлімінің жетекшісі Ғазиза Омарбекова бүгінгі күні ұстаздар қауымына көрсетіліп отырған әдістемелік көмек төңірегінде ой қозғады. Ал ұстаз Базарбай Дүйсенбаев: «Халықаралық байқауларға қатысқан ұстаздарды көтермелеу де заңда көрсетілген. Алайда қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері қандай халықаралық байқауларға қатысып немесе оқушыларын жібере алады. Әрине, химия, математика сынды басқа пәндер бойынша ондай байқаулар жиі өтіп тұрады. Осы жағында ескерсе деген тілек бар», – деді. «АСУ» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Москау Ноқрабеков те мектеп директорлары мен балабақша меңгерушілерінің тәртібі төңірегінде өзінің ойын айтты.
Иә, заң қабылданды. Жаңашылдық, бастамалар бар. Алайда кейбір тұстары әлі де жетілдіруді керек етеді. Әрине, көш жүре түзеледі. Сонымен қатар енді педагогтерге үздік жетістіктері және сіңірген айрықша еңбегі үшін «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» Заңға сәйкес мемлекеттік наградалар, оның ішінде «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы беріледі екен. Бұл құрметті атаққа ие болған педагог республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 1000 еселенген мөлшерінде біржолғы төлем алады. Қалай дегенде де, кәсібін сүйген ұстаздар қауымы алдағы күндерден әлі де үмітті.

Ерман ӘБДИЕВ

Суреттерді түсірген
Ақәділ Рысмахан.

Comments are closed.